Қазақстан халқы Ассамблеясы «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы аясында «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығына барып, қадірлі қарттарға арнайы концерт ұйымдастырып, сыйлықтарымен қуантты.
Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде «Әлем сіздермен мейірімді!» қайырымдылық акциясын жыл сайын тұрақты түрде өткізеді.
Іс-шараға Ассамблея мүшелері, мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар, этномәдени бірлестіктердің өкілдері мен шығармашылық топтар қатысты.
Акцияның мақсаты – халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз тобына көңіл бөліп, қамқорлық жасау және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасын іске асыру.
Шара барысында ҚХА этномәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдары концерттік бағдарлама ұсынды. Дастарқан жайылып, сый-сияпаттар үлестірілді.
Елбасы тапсырмасымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі қайырымдылық істерді үйлестіруші ретінде, сондай-ақ бейбітшілік пен келісімді нығайтушы ретінде маңызды рөл атқарады.
Нұр-Сұлтан қаласы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері осындай іс-шараларға белсенді қатыса отырып, төл мәдениетін таныстырып, ортақ мақсатқа жұмылып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауға атсалысып келеді.