Алаулы күннің қаһары
Алаулы күннің қаһары
354
оқылды

Жаздың аптап ыстығы қаһарына мінер уақыт – шілде. Осы күндері ұялы телефонға 112-ден күннің ысуы туралы ескерту хабар­ла­малар түсіп жатады. Үйде отырған дұрыс-ау! Бірақ дала баласы бұған қарамай өзенге қарай жүгіреді. Арты қайғылы жағдай...

10 шілде күні Қазталов ауданы Жалпақтал ауылы тұсында Қараөзен­ге 2013 жылғы ер бала батып кеткен. Ол шомылуға жабдықталмаған жерде түскен. Жергілікті тұрғындар марқұмның денесін судан шығарып алды. 2006 жылғы ұл және 2008 жыл­ғы қыз бала Жайық өзенінен шықпай қалды. Олар да шомылуға тыйым салынған белгіге қарамастан, суға түс­кен. Кейін екеуінің денесін құтқарушылар алып шықты. Осымен биыл Батыс Қазақстан облысында 24 адам суға кетсе, соның жетеуі балалар болып отыр.

Сонымен бірге, ішімдік ішіп алып суға түсушілер де төтенше жағ­дай­дың мазасын алуда. Көл жағасын­да арақ ішкен  1963 жылғы ер адам «Жайықты жүзіп өтемін» деп доста­ры­мен серттескен. Алайда өзеннің ортасына келгенде, әлі құрып, бата бастайды. Бақытына қарай, оны сол маңда кезекшілікте жүрген құтқа­ру­шылар Алдан Жорасов пен Досжан Ізден дер кезінде байқайды. Құтқару­ш­ы­лардың көмегімен ер адам аман-есен жағаға шықты. Осындай жағ­дай­ға алаңдаған  Төтен­ше жағдай­лар комитетінің төрағасы Владимир Беккер: «Елімізде халықтың шомы­луы, демалуы және балық аулауы үшін пайдаланатын 50 мыңнан астам су қоймасы бар, оларда ағымдағы жылы 607 ресми жағажай (107 ком­му­нал­дық және 500 жеке жағажай) құры­лып, жұмыс істейді. Құтқару бөлім­ше­лері 607 жағажайдың тек 27-і (ком­мунал­дық жағажайлар) суда құт­қару стан­са­сының есебінен, сон­дай-ақ 113 қауіпті су айдындары­ның учаскесі (та­биғи жағажайлар) қосымша мо­биль­­ді құтқару бекеттерін (2-3 құт­­қару­шы және 1 жүзу құралымен 53 бе­кеті) қою арқылы бақыланады», – дейді.

Су айдындарын және судағы дема­лыс орындарын қамтуды артты­ру үшін аумақтық бөлімшелері жыл сайын құтқарушы-жасақшыларды ақысыз негізде оқытуды жүзеге асы­ра­ды. Ағымдағы жылы 880 құтқа­ру­шы-жасақшы дайындықтан өтіп, олар­дың есебінен жеке демалыс аймақтарында 335 объектілік құтқару бекеті құрылған.

Қоғамдық орындарда болу және ортақ су пайдалану ережелерінің та­лап­тарын сақтау бойынша бірлескен рейдтік іс-шаралар белсенді жүргі­зі­лу­де. «2019 жылғы 1 мамыр мен 10 шілде аралығында 7 мыңнан астам рейд жүргізілді, 753 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде 442 млн теңгеден астам сома­ға айыппұл салынды, ӘҚБтК 440-бабы «Қоғамдық орындарда болу ережелерін бұзу» бойынша және 311 ескерту жасалды (364-бабы бойынша ортақ су пайдалану ережелерін бұзу)», – дейді төтеншеліктер.


Әділ БЕК