12-нің қайсысы? Таңдау – Әселде
12-нің қайсысы? Таңдау – Әселде
390
оқылды

Әдетте, мектеп бітірген түлектер «қай оқу орнына грант бұйырар екен, мені таңдаса етті» деп тілейді. Дегенмен оқу ордаларын таластырып қоятын дарынды жастар да болады. Білдей шетелдік оқу орындарының талаптыларды сонау жерден танып қоятын қасиеті бар. Елімізде шет мемлекеттердің алдыңғы қатарлы университеттеріне шақырту алған талапкерлер аз емес. Биыл ондай білімді жастың қатары тағы бірге көбейді. Әңгіме 19 жасында 12 жоғары оқу орнына шақырылған Әсел Рабатова жайында.

Әсел Нұр-Сұлтан қала­сын­дағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зият­к­ерлік мектебін тамам­да­ды. Бастауышта оқып жүрген кезінен болашақтағы маман­ды­ғын бизнес және эконо­ми­камен байланыстыруға шеш­кен. Содан бері мақсаты­на нық қадам басып келді. Әрмен қарай да жетістіктерін жал­ғай бермекші. Бала арма­ны енді тіпті жақындай түсті. Себебі, әлемнің ең жетекші 12 университетінің қалағанына грантқа түсуге мүмкіндігі бар.

Дарынды қыздың сөзіне сүйенсек, кәсіпкерлік қабіле­тін ертеден байқаған. Енді соны шыңдау керек деген ұста­­нымы бар-тын. Тіпті кә­сіп­­керлік мектебінің ірікте­уі­нен де өткен екен. Назарбаев зияткерлік мектебі темірдей тәртібімен танымал. Өйткені таңертең сағат сегізден бас­тап, кешкі беске дейін сабақ­тан бас алмайды. Соның нә­ти­­­жесі де, жемісі де – жоға­ры оқу орындарына шақырту алуы. Әселдің ата-анасы да кәсіпкер. Бәлкім, осы жолды таңдауына осы да әсер еткен болса керек. Кіш­кентайынан биз­нестің қыр-сырын бір адам­д­ай біліп шығуына әке-ше­шесі көмектескен сыңай­лы.

Алғашқы кәсібі – фото­сурет­терді басып шығару. Сы­ныптастарының ішінде Әсел­де ғана түрлі-түсті прин­тер болған екен. Содан ол фото­суреттер шығаруға тап­сырыс алып, тиыннан теңге құрап үйреніпті. Ата-анасы да шектеу қоймай, бала­ның бастамасына батасын беріп отырған. Қанатын қатайтып, қолдап отырғанның нәтижесі де көңіл қуантады. «Табыс та­буға ұмтылғанымда ата-анам қарсы шыққан екен. Өзімнің ақша тауып жатқа­ным­ды ойласам, марқайып қала­тынмын. Құдды өзімді еркін, тәуелсіз адам секілді сезінетінмін» деп еске алады Әсел мектеп кезіндегі қызық­та­рын.

«Бізге оқуға түс» деп ша­қыр­ған оқу орындарына кел­сек, University of Amsterdam, Erasmus University, Minerva Schools at KGI, Simon Fraser University, The Hong Kong University of Science and Technology, McMaster, Queens, Waterloo, Hult Business School, SP Jain Global School of Management, University of Toronto сынды мүйізі қарағайдай ме­ке­мелер бар. Мұндайда таң­дау жасау да оңай емес. Дегенмен Әсел бір байламға келіпті. «Қай оқу ордасына түсетінімді шештім. Ойлана келе, Minerva Schools at KGI-ге тоқта­дым. Әлбетте, таңдау жасарда көп ойландық, барлық оқу орын­дарының қызметімен та­ныстық. Маған осы универ­ситет ұнады. Білім алатын 4 жыл ішінде студенттер әлем­нің 7 елінде болады екен. Яғни, бірінші курсты Сан-Францискода оқимыз. Одан кейін келесі курстың әр се­мес­трінде жаһанның түрлі ірі қалаларында оқып шығамыз. Мысалы, Сеул, Буэнос-Ай­рес, Лондон, Берлин, Тайпей және т.б.» дейді Әсел.

Талапкер бизнес және эко­номикаға түсіп, толық грант иегері атанды. Оның іші­не сол жақта тұруы, оқуы және қосымша шығындары кіреді. Шақырту алу үшін Әсел халықаралық SAT және IELTS емтихандарын тапсыр­ды. Нәтижесінде, жоғары ұпай иеленді. «Волонтерлік қыз­метпен айналысамын. Мек­тепте клубымды құрдым. Уни­верситеттерге кәсіпті дөң­гелете алатынымды дәлел­деуім керек болды. Сол үшін директордан рұқсат алып, мектептің логотипі бар немесе дәйексөздер жазылған свит­шот, күртеше, күнде­ліктер саттым. Дизайнын да өзім жа­сайтынмын. Оқу орын­да­рына уәждеме жолдағанда осы тәжірибелерімді тілге тиек етіп, мақсатымның нық екенін дәлелдеуге тырыстым» дейді ол.

Әсел оқу бітірген соң елге оралып, ата-анасының жа­нын­­да болатынын жеткізді. Алған білімін пайдаланып, ел дамуына үлес қосуды мақсат етеді. Бакалавриаттан соң магистратурада оқимын дей­ді. Қазақстанға келген соң әлеуметтік бизнеспен айна­лы­сып, отандастарына шетел­дік университеттерде оқуға көмектескісі келеді екен. Сол үшін әлеуметтік қор ашу да жоспарында бар. Талантты жастың талабы таудай.