«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінің төртінші бастамасы жаппай кәсіпкерлікті дамыту үшін жеңілдетілген шағын несие беруді көздейді. Былтыр жария етілген бұл бастама 2016 жылы іске асырылған «Бастау» пилоттық жобасына негізделген. Жобаның тиімділігі белгілі болған соң, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бастаудың» сәтті тәжірибесін жалғастырып, жас кәсіпкерлерге арналған бағдарламаны әзірлеуді тапсырды.
«Бастау» жобасының негізгі ерекшелігі – ауылды жерде кез келген жұмыссыз немесе өзін-өзі жұмыспен қамтыған азамат кәсіпкерлік негіздерін оқып, жеке кәсіп ашуға жеңілдікпен несие ала алады. Жоба алғаш рет Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданында жүзеге асқан, ары қарай Ақтөбе облысының Темір ауданында, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жалғасты. Жоба операторы – «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының дерегіне сүйенсек, пилоттық жоба іске асқан бір жылдан кейін, яғни 2017 жылы мақсатты көрсеткіштер толық орындалды. 80 ауданда 15 мың адам кәсіпкерлік негіздерін оқыды. Соның ішінде 3314 адам кәсіп ашты, бизнесін кеңейтті. Жылдық мөлшерлемесі 6 пайыздық жеңілдетілген несие арқылы 2555 жоба ашылды. 700-ден астам жоба кәсіпкерлердің жеке қаражатына ашылды.
Елбасы өзінің бес әлеуметтік бастамасында 2017 жылы жалпы сомасы 32 миллиард теңге болатын 7200 шағын несие берілгенімен, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша білім алған тағы 5 мың адам өз ісін бастауға қажетті шағын несиені ала алмағанын айтқан болатын.
«Сондықтан 2018 жылы қосымша 20 миллиард теңге бөліп, шағын несиелердің жалпы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырамын. Нәтижесінде шағын несие алатындардың саны 2017 жылмен салыстырғанда, 2 есеге артып, 14 мың адамға жетеді. Бұл жұмысты одан кейінгі жылдарда да белсенді жалғастыру керек. Бастама мыңдаған адамға өз ісін ашуға мүмкіндік беретінімен маңызды», – деген Елбасы бұл, әсіресе, ауыл-аймақтар үшін, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту үшін айрықша маңызды екенін айтты. Себебі пилоттық жоба барысында жүзеге асқан жобалардың 80 пайызы ауыл шаруашылығы саласына тиесілі болатын. Қалған бөлігі – сервис, сауда және өзге салаларды қамтыды.
Елбасы бастамасынан кейін «Бастау Бизнес» жобасы заңды жалғасын тапты. Бағдарламаға жұмыссыздар, кәсіпкерлік әлеуеті бар өз-өзін жұмыспен қамтыған және ауылдар мен аудан орталықтарында тұратын, 2018 жылдан бастап қалада, оның ішінде моно және шағын қалаларда тұратын адамдар қатыса алады. «Бастау Бизнес» жобасының қаржылай емес қолдау операторы – «Атамекен» ҰКП.
«Атамекен» ҰКП Жаппай кәсіпкерлік және шағын қаржыландыру департаментінің басқарушы директоры Бауыржан Оразғалиевтің айтуынша, 2017 жылдан бастап «Бастау Бизнес» жобасы «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі бағыты саналады.
– «Атамекен» ҰКП оператор ретінде бағдарламада көзделген үш жыл ішінде 60 мыңға тарта адамды кәсіпкерлікке баулиды. Жоба бойынша кәсіпкерлік негіздерін оқыту үшін әуелі тестілеу өткізіледі. Бизнес-жетекшілік және жеке кеңес беру қағидаты бойынша топтарда тәжірибелік оқыту ұйымдастырылады. Сосын бизнес-жобаны қорғауға (тұсаукесерге) дайындаймыз. Бір жылға дейін бизнес-жобаны іске асыруға ілеспе қызмет көрсетеміз. Қаржылай емес қолдау көрсету мақсатында аудандар мен қалаларды қосқанда 192 кәсіпкерлікті қолдау орталығы жұмыс істейді. Бізге кәсіпкерлерді қолдауға арналған жобалар бір-біріне ұқсас деп жатады. Шындығында, олай емес. Мысалы «Бастау» жобасы – бастауыш сынып болса, «Жас кәсіпкер» жобасы жоғары сынып сияқты. «Бизнестің жол картасы», «Іскерлік байланыс» жобалары аяғынан нық тұрған кәсіпкерлерге арналған. Бізде 200-ден астам бизнес-тренер бар. Тренерлер құрамын әлі де кеңейтіп жатырмыз. Консалтинг орталықтары мен бизнес-мектептерден спикерлер шақырамыз. Біздің барлық қызметіміз тегін. «Бастау» жобасында 17 мың теңге көлемінде стипендия беріледі, – дейді Б.Оразғалиев.
Оның айтуынша, былтыр жобаны жүзеге асыру жұмысы ауқымы кеңейді. Кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен елдің барлық аудандары мен моноқалаларында 28 мың адам қамтылды, оның ішінде 19,5 мың адам бизнес-жобасын қорғады. Бұл барлық оқығандардың 60 пайызын құрайды. 8 мың адам жобаларды жүзеге асыруға арналған шағын несие алды. Салықтық деректер мониторингі көрсеткендей, «Бастау» жобасы түлектерінің 95 пайызы бүгінде кәсібін сәтті жүргізіп, салық төлеп отыр.
– Жоба аясында биыл 15 мың ауыл тұрғынын оқытамыз. Сонымен қатар, жұмыс іздеп, қалаға көшкен, жұмыссыз жүрген ауыл жастарынан 40 мың адам «Бастау» жобасына қатысады. Оқу кестесі «Атамекен» ҰКП ресми сайтында жарияланған. Ал жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын «Жас кәсіпкер» жобасы Алматыда 4 наурызда іске қосылды. Оның негізінде ел өңірлерінде жобаны кеңейту мақсатында оқыту үлгісін толығымен сынау жоспарланып отыр. Теориялық курс бизнес психологиясы, бизнес-идеяны іздеу, digital-маркетинг, электронды қызметтер, қаржылық жоспарлауды меңгеруді қамтиды. Курсқа 18-29 жас аралығындағы жұмыссыз адам қатысып, жеке бизнес-идеясын құра алады. Ары қарай бұл жобалар грант алу байқауына қатыса алады. Грант сомасы анықталған: 200 АЕК, демек, 505 мың теңге – кәсіп ашуға жақсы бастама. Грант «Еңбек» Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр, – дейді басқарушы директоры.
Айта кетейік, Елбасы «Жас кәсіпкер» бағдарламасын жүзеге асыруға Үкімет 2019-2020 жылдар аралығында 32 миллиард теңге бөлуі керегін мәлімдегені есте. Қолға алынған шаралар арқылы үш жыл ішінде кәсіпкерлік негіздеріне 300 мың жас оқып, 80 мыңға жуық адам жеке кәсіп аша алады.
«Бастау» жобасы шеңберіндегі бизнес-жобалардың бірқатарына тоқталсақ, шымкенттік Саодат Каримова жоба бойынша оқудан өткен. Инновациялық жобалар байқауына қатысып, үш миллион теңге көлемінде грант жеңіп алды. Қазір ол ақылды үй құрылысына арналған смарт-роботтарды жинау бойынша білім беру орталығын ашуға дайындалып жатыр.
Павлодар облысы Успенка ауылының 53 жастағы тұрғыны Ульяна Конкина ауылда қонақүй ашты. Ол бизнес-идеясын жеке қаражатына жүзеге асыра бастады, үйге жөндеу жүргізді, бөлмелерді оқшаулады, кәріз құбырын жүргізіп, жуынатын бөлме жасады, жиһаз алды. Аулада монша, беседкалар, гараж, автокөліктерге арналған тұрақ бар. Осымен шектелмей ауыл тұрғыны «Бастау» жобасына қатысты. Оқуды аяқтаған соң бизнес-жобасын сәтті қорғап, мемлекеттік гранттың иесі атанды. Осы қаражатқа қонақүйге арналған қосымша жабдықтар сатып алмақ.
Тұрсынхан Ділдәбаев өзінің наубайхана жобасын жүзеге асыру үшін елдің оңтүстігінен солтүстігіне қоныс аударды. «Бастау» шеңберінде өз жобасын қорғап, бизнеске қажетті жабдық пен көлік сатып алды.
Ал Ақтөбе тұрғыны үйде отырып, көрпе-жастық тігумен айналысқан, алайда жеке кәсібін дамытқысы келген. Ол үшін тиісті жабдық керек. Уақыт өте келе қолдау таппаған соң, «Бастау» жобасы туралы ақпарат алады да, курсқа жазылды. Оған Мәртөк ауылынан – курс өтіп жатқан Казанка ауылына дейін 8 шақырымдық жол кедергіге айналды. Соған қарамастан оқуын жалғастырды, табандылығының арқасында жобасын қорғап, қаржыландыруға қол жеткізді.
Міне, бес әлеуметтік бастамадан басталған «Бастау» көп адамға жеке кәсіп жүргізудің тамаша мүмкіндігін сыйлап отыр.
Айдана БЕГІМ