Мұнайлы елдің мұраты
Мұнайлы елдің мұраты
503
оқылды

Кезінде Фариза апамыз жырға қосқан «буырқанған қара көк дария» мұнай – базбір бейпіл ауыздар айтып жүргендей, «ресурстық қарғыс» емес, шын мәнінде, қазақтың мақтанышы. Жаратқан иенің төрткүл дүниедегі елдердің тек санаулысына ғана бұйыртқан қазынасы. Мәселе тек осы ен байлықты ұтымды пайдалануда, ұқсата білуде.

Ата-бабамыз қасық қаны қал­ған­ша қорғап, бізге мирас еткен қазақ жерінің қойнауындағы «қара алтынды» қаншалықты тиімді жұм­сап жүргенімізге қатысты көп­теген сауалдар дүркін-дүркін бас көтереді. Осы асыл қазынаға толы сандықтың үстінде өзіміз отыр­ға­нымызбен, оның кілтінің шетел­діктер қолында жүргені, маңдайын күн қақтаған мұнайшы ерлеріміздің Отан ауқатын молайтуға қосып жатқан үлесі мен ерең еңбегі жат­жұрттық мамандарға қарағанда, кем бағаланатыны ашық айтылады.

Қазақстанда сарапшылар «әлем­дік супергигант» деп атайтын 3 аса ірі мұнай кен орны орна­ласқан. Энергетика министрлігінің дерегіне жүгінсек, олардағы өз еншіміз аздау көрінеді.

Мысалға, соның бірі «Теңізді» америкалық инвесторлар («Теңіз­шевройл») бірлесе игеруде. Мұн­да­ғы шетелдік инвестордың үлесі – 80%. «Болашақта Теңізді кеңейту жобасына» сәйкес, 2023 жылға қарай 38 млрд доллар инвестиция құйылады деген болжам бар.

«Қарашығанақ» кен орны бол­са, «Қарашығанақ Петролиум Опе­рейтинг Б.В.» компаниялар кон­сорциумына тиесілі. Ондағы шетелдік инвесторлардың үлесі – 90%. Болашақта игеру жоспарында 2020 жылға қарай 1,5 млрд доллар инвестиция салу көзделуде.

Бертінде ғана қолға алынған «Қашағанның» мұнайын коммер­ция­лық өндіру тек 2016 жылғы қа­ра­шада басталды. Оны North Cas­pian Operating Company халықа­ралық бірлескен компаниясы иге­руде. Осы «Солтүстік Каспий жо­басындағы» шетелдік инвес­тор­лар­дың үлесі – 83%.

–Мұнай-газ кешені – капитал­ды көп қажет ететін, барлау мен өндіруде, сол сияқты қайта өңдеуде айтарлықтай инвестиция шығын­дауды талап ететін сала. Мұнай-газ жобаларының ұзақ іске асыру, өзін-өзі өтеу мерзімінің созылып кетуі және жоғары тәуекел деңгейі секілді сын-қатерлері бар. Осыған байланысты жобаларды қаржы­ландырудың неғұрлым пайдалы көздерін анықтау және оларды ұтымды үйлестіру маңызды. Бұл сала жобаларын іске қосу бастал­ғанда, Қазақстанның инфрақұры­лымы дамымаған күйде болды, ол жобаларды төл қаражаты есебінен қаржыландыруға мемлекеттің мүмкіндігі болмады. Отандық ком­панияларының сыртқы на­рықта қарыз ала алмауына байла­нысты мұнай-газ жобаларын қаржы­ландырудың жалғыз әрі ықтимал тәсілі ретінде шетелдік тікелей инвестициялар таңдалды, – дейді Ұлттық банктің Экономикалық талдау басқармасының жетекші маманы Ақбөпе Құратова.

Оның талдауынша, көрші Ре­сей бұл стратегиялық секторына шетелдіктерді көп жіберген жоқ, шектеді. Өйткені оған деген қа­жеттілігі де аз еді: КСРО күйреген кезде Ресейдің мұнай саласы да­мыған дәрежеге жетіп үлгерген-тін. Атап айтқанда, 26 мұнай өндеу зауыты жұмыс атқарды. Шикізатты шетелге тасымалдайтын алып құ­быр­лары – халықаралық магис­тралдері де соның қоластында бол­ды. Бұдан бөлек, Поволжье, Ти­ман-Печора және Батыс Сібір­дегі алып кен орындары Кеңес одағының қаржысына 1960 жылдан бастап игерілген.

Империя өз орталығын ой­лайды ғой, Ресей «қара алтынды» шикізат түрінде сатпай, оны өңдеп, өнімдер жасау тиімдірек екенін түсініп, тұңғыш мұнай өңдеу зауытын өз жерінде сонау 1863 жылы іске қосты.

Дегенмен, қазір батыстың санкциялық қыспағында қалған солтүстік көршінің бұл саласы біртіндеп кері кетуде. 2014 жылы Еуропалық одақ пен АҚШ «терең теңізасты мұнайын барлау мен өндіруге арналған жабдықтарды жеткізуге инвестицияларды тар­туға», сондай-ақ «осындай жобалар үшін кез келген қызметтерді көр­сетуге» санкциялар енгізді. Шетел­ден тікелей инвестиция тарту мүм­кіндігінен айырылған Ресей амалсыздан балама құралдарға – кредиттер мен қарыздарға, құнды қағаздар мен облигацияларға ден қойды. Бұл ретте 2015 жылдан бері шетел валютасында номинир­ленген облигациялар шығару; таза пайда, активтерді сату секілді ішкі көздер мен резервтерді жұмылдыру, тікелей мемлекеттік көмек – РФ-дағы бұл саланы қаржыландырудың негізгі көзі болды.

Ірі мұнай-газ топтарының бі­рі – «Роснефть» ұлттық компания­сы бір жыл ішінде 1 триллион 769 млрд рубль кредит пен қарыз алған, құнды қағаздарын сатқан (облига­цияларды өтеу бойынша мін­дет­темелері 640 млрд рубльге жет­ті). «Лукойл» ЖАҚ пен «Газ­пром» ЖАҚ-тың да жағдайы осын­дай: олардың кредиттері мен қа­рыз­да­рының жалпы сомасы 2017 жылы тиісінше 616 млрд және 3 триллион 266 млрд рубльді құрады.

2018 жылдың 9 айында ресейлік отын-энергетикалық пайдалы қазбаларды, соның ішінде мұнай, газ, көмір өндіруге 23 млрд доллар инвестиция келген, бұл алдыңғы жылғыдан 4,7 млрд долларға көп. Алайда сарапшылардың пікірінше, «егер АҚШ 2019 жылғы үлгідегі «Американың қауіпсіздігін Кремль агрессиясынан қорғау туралы» (DASKA 2.0) заң жобасын қабылдар болса, онда Ресейге тікелей ин­вестициялар ағыны қысқаруы ық­ти­мал». Аталған құжат РФ мұнай ресурстарын игеру жобаларын қолдағандарға және шетелдегі ресейлік мұнай жобаларына қарсы санкциялардан тұрады. Бұл шараларды іске асыру батыстық мұнай сервистік компаниялардың солтүстік көршідегі жаңа мұнай өндіру жобаларындағы жұмысын шектеуі мүмкін.

Қазақстан жағдайына келер болсақ, қазір мемлекеттің барлық ресурстары әлеуметтік аз қамтыл­ған отбасылардың тұрмысын жақсартуға, барлық осал топтардың әл-ауқатын көтеруға, баспанамен қамтуға жұмылдырылып жатқанда, мұнай-газ жобаларындағы мем­лекеттік үлесті арттыру туралы сөз қозғау ерте болса керек. Бірақ бұл жолдың дұрыстығын дамыған елдер тәжірибесі паш етуде.

–Мысалы, мұнай кен орында­рын игеруге кіріскенде, Норвегияда да шетелдік компаниялар қатары басым әрі үстем болды. Бірақ билік кейін «шикі мұнайды ел өзі дербес өндіруі және өңдеуі керек» деген байламға келді. Осыған орай мем­лекет қатысуындағы ірі компа­ния­дар құрылды. Оператор ретінде тиісті білім-біліктілікке ие болған ұлттық компания енді мұнай сала­сын бақылау ісінде мемлекетке жәр­дем көрсетуде, – дейді сарапшы.

2005 жылдан бері шетелдік инвесторлар Қазақстанның мұнай-газ саласына 74,9 миллиард доллар қаржы салған. Осынша мол инвес­тицияны құюға әзірге жас отандық бизнес те, мемлекеттік бюджет те қауқарсыз екені құпия емес. Бірақ болашақта мұнай мен газ ресурсын өндіруді және игеруді Қазақстан­ның өз қолына алғаны маңызды. Бұл істе бізге Норвегия ғана емес, Австралия да үлгі бола алады. 1965 жылы тұңғыш теңіз ұңғы­масын бұрғылай бастағалы бері Австралия мұнай-газ саласындағы қаптаған жобалардың айналасында технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің және өндірістердің инновациялық секторын құрды және оны дамытуда.

Бұл елде жергілікті компания­лар тереңдегі, қашықтықтағы ре­сурстарды игерумен шұғылданады және жобаны басынан бастап соңына дейін жүргізу тәжірибесіне ие: олар барлау және бұрғылау технологияларын кең қолданады; су асты, геофизикалық, инженерлік және жобалау жұмыстарын жүзеге асырады; геотехника, қауіпсіздік, оқыту, пайдалану және техникалық қызмет көрсету салаларын кең меңгерген. Нәтижесінде, мұнай-газ саласына 2017 жылдың өзінде 241 миллиард доллар инвестиция тартылған.

Қазақстанның мұнай өндіру саласында жергілікті мазмұн дәл осылай дамыса, отандық мерді­герлер мен қосалқы мердігерлердің біліктілік дәрежесі жоғарыласа, ешбір кен орны мен жобасының айналасында дау тумасы сөзсіз.