Бейбіт өмірде үрейлендіріп, Арыс қаласын отқа ораған алапат жарылыс еліміздің тұрғындарын алаңдатты. Алғашқы күннен-ақ арыстықтарды жарылыс болып жатқан аумақтан алшақтату, ауызсумен қамтамасыз ету секілді жұмыстар халық тарапынан жедел ұйымдастырылды. Бүгіндері Арыс қаласына оралған тұрғындардың жарылыстан тас-талқан болған үйлерін қайта жөндеу, жөндеуге келмейтіндерін сүріп тастап қайта құрылысын салу жұмыстары қарқын алды. Үкімет тарапынан барлық аймақтың әкімдеріне осы жұмысты тиянақты орындау тапсырмасы берілді. Бүгіндері осы тапсырманың нәтижелеріне куә болудамыз.
Арыс қаласында Атырау аймағы тұрғындарының көмек-қолдауының нәтижесінде Арыста 482 үйді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Атырау аймағына бөлінген секторда 13 құрылыс мекемесі қызмет етуде. Бес жүзден астам адам және жиырмаға жуық бірлік техника тартылған. Құрамында облыс әкімінің орынбасары мен кеңесшілері бар ведомствоаралық топ осы жұмыстарды үйлестіріп отыр. Қазір жұмыстар толыққанды режимде жүргізілуде, бірнеше үй толықтай қалпына келтірілді.
Бұл жөнінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев Арысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-министр Асқар Маминге баяндады. Содан соң, облыс әкімі мердігер ұйымдардың басшыларымен кеңес өткізді.
– Арыс қаласында орын алған оқиға бүкіл елімізге ауыр соққы болды. Еліміздің барлық аймақтарынан тұрғындар Арыстың тұрғындарына көңіл білдіріп, түрлі көмек көрсетіп жатыр. Қираған үйлерді қалпына келтіру жұмыстары сапалы жүргізіліп, уақытылы аяқталуы тиіс. Сіздерге үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Үйлерді салғанда сол шаңыраққа қоныстанатын адамдар риза болып, сіздерді жылы сезіммен еске алатындай қылып істеңіздер, – деді Нұрлан Ноғаев.
Аймақ басшысы кеңестен соң Арыстың тұрғындарымен кездесіп, ұсыныстарын, тілектерін тыңдады.
Арыс қаласының тұрғындары қолдау көрсеткені үшін атыраулықтарға ризашылығын білдірді.
– Біз барлығына да, Елбасыға, Президентке, Атырау облысының тұрғындарына зор рақмет айтамыз.Тұрғын үйлердің сапалы тұрғызылып жатқанын көріп отырмыз. Басымызға ауыртпалық түскен сын сағатта қалыс қалмай, қолдау көрсеткендеріңізге рақмет. Үйлеріміз біткен соң, атыраулықтарды қуана-қуана шақырамыз. Сіздер ұмытылмастай болып есімізде қаласыздар, – деген Арыс қаласының тұрғыны Бибіхадиша Момын тұрғындар атынан алғысын жеткізді.
– Атырау тұрғындары Мемлекет басшысының үндеуін қолдап, Арысты қалпына келтіруге белсенді атсалысуда. Гуманитарлық көмек, қаражат жіберілді, еріктілер барды. Қиналғанда қолдау, жақсылық жасау бала кезімізден қанымызға сіңген қасиет, қиын-қыстау сәтте еліміздің тұрғындары отандастарын қолдаусыз қалдырмайды, – деді аймақ басшысы Н.Ноғаев.
Атырау облысы