Жалған ақпарат «жарға» жығады
Жалған ақпарат  «жарға» жығады
385
оқылды

Әлеуметтік желіде ақпарат ағыны қатты. Оның ішінен расы қайсы, өтірігі қайсы деп ойландыратыны тіпті көп. Әсіресе, ел онсыз да әбігерге түсіп жатқан сәтті пайдаланып, одан әрмен дүрліктіретіндер жетіп артылады. Қайбір жылдары «банктегі ақшаларыңнан айырылғыларың келмесе, дәл қазір барып шешіп алыңдар» деген сияқты хабарлама тарағаны көптің есінде болар? Сол сияқты күні кеше Арыста болған оқиға турасында да алып-қашпа әңгіме аз айтылмады. Мұндай жалған ақпарат таратушылармен күрес, әлбетте, керек. Қанша жұрттың қысымын көтеріп, сары уайымға салғаны үшін заң жүзінде жауап бергені жөн.

Түркістан облысында Арыстағы жағдайға байланысты фейк ақпарат таратқан 10 адам анықталған. Бүгінде олар­дың барлығымен әңгімелесіп, тү­сін­діру жұмыстары жүргізіліпті. Қыл­мыстық кодекстің 274-бабы бойынша «Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін» төрт қылмыстық іс қозғалған. Бұл жөнінде облыстық полиция департа­мен­тінің жетекшісі Қайрат Дәлбеков мәлімдеді.

Осыған дейін 27 маусымда Шымкент полициясы жарылыс туралы жалған ақпарат таратқан екі әйелдің ұсталғанын хабарлаған болатын. Атап айтқанда, алғашқысы «Луна» бомбасының жары­латынын айтып, жар салған. «Құрметті Арыс тұрғындары! Қаланы 12-15 мау­сымға дейін босатуларыңызды сұрай­мыз. Әскери бөлімше «Луна» атты бом­баны шығарғалы жатыр. Соған бай­ла­нысты өміріңізге қауіп төнуі мүмкін. Қаланы тұрғындардан тазартпақ. Назарларыңызға рақмет» деген ақпарат лезде тарады. Бұл жаңалықты жария­лаған адам анықталды. Жергілікті тұрғын екен. Кейін сол әйелдің кешірім сұраған видеосы да тарады. «Менің есімім – Роза, Арыс тұрғынымын. WhatsApp-та «Лунаны» шығарғалы жат­қаны жайлы ақпарат шыққан болатын. Сол хабарламаны «Арыс қаласы» деген топқа жібердім. Тексерілмеген ақпа­ратты жібергенім үшін кешірім сұрай­мын» депті ол аталған бейнежазбада.

Осыған ұқсас жағдайға келсек, WhatsApp-та тараған тағы бір хатта қала тұрғынының үйі жарылғаны жайлы айтылған. «Есімім – Жанар, Арыс қала­сының тұрғынымын. «Туысқанымның үйі жарылды» деп жалған ақпарат тарат­тым. Барша қазақстандықтар мен оң­түстік тұрғындарынан әбігерге салғаным үшін кешірім өтінемін. Жаман ниетпен жасамадым. Расымен бұл ісіме өкініп тұрмын» деп видеомәлімдеме жасады. Қарап отырсақ, жалған ақпараттардың көбі туысқандар чаты сияқты топтарда жиі тарайды. Бір-бірінен іліп әкетіп, рас-өтірігін анықтамастан, келесі бір топ­қа жібереді. Соңында қалың көп­шілікті үрейлендіреді. Мысалы, үйдің жарылуы жайлы ақпараттан соң, жауап­ты орган ресми жауап берді.

Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев 8 шілдеде өткен селекторлық отырыста Арыстағы ахуал жайлы ақпараттардың ашық әрі сенімді дереккөздерден тара­луы тиіс екенін атап өтті. Бас прокуратура болса, жалған ақпарат үшін жауапкер­ші­лікке тартылатынын ескертті. Мы­салы, Арыста 350 адамның із-түссіз жо­ғалғаны туралы ақпарат та өтірік болып шықты. Бірақ елді дүрліктіріп, тынышын алғаны рас. Қалай десек те, жеті рет өлшеп, бір рет кеспесе бол­майды. Мұндайда фактчекингтің, яғни ақпараттың ақ-қарасын анықтай білудің маңызын одан бетер түсіне түсеміз.

 

Айша ЕРСҰЛТАН