«Жастар тәжірибесі» жарылқай ма?
«Жастар тәжірибесі» жарылқай ма?
496
оқылды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесе отырып, өңірдегі жастар тәжірибесін жүзеге асыру саласына жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізді. Бақылау барысында анық­талғандай, жұмыссыздыққа қарсы күрес, оның ішінде жастарды еңбекпен қамтуға қатысты мем­лекеттік шаралардың нәтижесі көңілден шықпайды, кемшілік жетеді. Бірінші кезекте жоғарыда аталған бағытта жемқорлық тәуе­­келдігі жиі көрініс беріп, жоқ жерде қолдан әкімшілік ке­дер­гілер жасалады. Басты мақсаты қолынан іс келетін жас мамандардың алғашқы қызметтік баспалдақтардан қи­нал­май өтіп, тәжірибе жинап, тұрақ­ты жұмысқа орналасуына кө­­­мек­тесуі тиіс «Жас­­тар тә­жірибесінің» Алматы облы­сындағы жағдайы оңып тұр­мағанға ұқсайды. – «Жастар тәжірибесін» ұйым­­дастыру мен қаржылан­дыру тәр­тібіне сай, оқу ор­нын бітіру­шілердің жастар тәжірибесіне қатысуына он екі айлық кезең бойынша рұқсат етіледі және жұмыссыз ретінде тіркелген уа­қытқа сәйкес жасалған кезектілік бойынша жүзеге асырылады. Оқу орындарын бітірушілерге қолжетімді болатын бірегей база жоқтықтан, аталған кезектілік қағаз түрінде жүргізіліп келген. Осыған байланысты құжаттар тікелей қарым-қатынас арқылы қабылданады. Бұл жағ­дай өз кезегінде сыбайлас жем­қорлыққа жол ашуы мүмкін еке­нін ешкім жоққа шығара ал­майды. «Жастар тәжірибесіне» қабыл­данған оқу орнын бі­тір­ген жас маман жасалған ең­бек келісімшарттың мерзімі аяқ­талғанша, тұрақты жұмысқа қа­былдануы мүмкін екенін ескерсек, біздің бұл бол­жамымыз беки түседі. Со­нымен бірге құжаттарды қа­был­даудан бас тарту үшін негіздің бол­мауы да жемқорлықтың көрініс беруіне жағдай туғызады. «Жастар тәжірибесінің ұзақтығы алты айға дейін» деп көрсетілуі де дұрыс емес. Өйткені жұмыс беруші жастар тәжірибесінен өту мерзімін өзінің қалауы бойынша белгілеу арқылы алдына өтінішпен келген жанды әуреге салады және «бармақ басты, көз қыстыға» ба­руы да ғажап емес», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Жандос Жұмабаев. Сыбайлас жемқорлыққа қар­­сы мониторинг барысында Алматы облысындағы түрлі ма­мандықтар бойынша оқу орын­дарын бітірген 200 жастың ара­сында жасырын әлеуметтік сауал­нама жүргізіліпті. Сауалнама қорытындысы көрсеткендей, жастар тәжірибесінен өткен 132 жас әлі күнге тұрақты жұмыс тап­паған. Тағы 32-сі мемлекеттік қызметке орналасса, 36 маман кәсіпкерлік саласынан нәпақа іздегенді жөн көріпті. «Жетісу – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Аманжол Жазықбаевтың айтуын­ша, сауалнамаға қатысқандардың тең жартысы өздерінің оқу ор­нында алған негізгі мамандық­тары тәжірибеден өткен жердегі атқарған қызметтерімен мүл­де сәйкес болмағанын мәлім­депті. Нақтырақ айтқанда, олар­­д­ың көбі дизайнер, аспаз-кон­­дитер, инженер, машинист, бай­ла­нысшы, дефектолог екен­іне қара­мастан, жастар тә­жірибесінен мемлекеттік ме­ке­­мелерде өткен. Осын­дай жауап­­сыздық пен жа­ныа­шы­мастық кесірінен сауал­намаға қатысқандардың 85 па­йызы жастар тәжірибесінен өту кезеңінде өз мамандығы бо­йын­­ша жұмыспен мүлде айна­лыспағандарын, «барып кел, ша­уып келмен» жүргендерін, құжат тасығандарын, тағы да басқа ұсақ-түйек тірлікпен айналысқандарын айтады. Жастардың тағы біразы алты ай мерзім тәжірибеден өту үшін аздық етеді десе, екі рет жас­тар тәжірибесінен өтсе де, өмірден өз орнын таба алмай сандалып жүргендер саны да баршылық. Соған қарағанда, «Жастар тә­жірибесі» деп қазынадан қаралған миллиондар өзін ақтамай отыр және таяу кездері нақты нәтиже бере қоймайды.   Болат АБАҒАН, Алматы облысы