Теңгенің сыңғыры алтыннан да қымбат
Теңгенің сыңғыры алтыннан да қымбат
327
оқылды

Кейде қоғамға деген қыжылы, мемлекетке наразылығы, айналада болып жатқан үдерістерге көңіл толмастығы бар адамдардың елдік мәселені де тәрк етіп кететіні бар. Дәл осындай жандардың көбеюі салдарынан қоғамымыз сақтар мен ғұндар дәуірінде, көк түріктің тұсында, қазақ хандығы заманында, бертіндегі ақтар мен қызылдар қақтығысында ұлттық мүддені аяқасты етіп, берекесі кетіп, жік-жікке, жан-жаққа бөлініп, жауларына жем болды.

Сол сияқты тәуелсіздігіміздің тірегі, мемлекеттілігіміздің рәмізі, экономикамыздың маңызды ұстыны саналатын ұлттық валю­тамызды тәрк етуге, оның беде­ліне нұқсан келтіруге тырыса­тындар, сондай-ақ бірер жыл бұрын бір-екі рет талқыланып ұмытылған Еуразиялық одақтың ортақ валютасы идеясын қайта жаңғыртып, соны бері төндіріп қоятындар көбейді.

Таяуда әлеуметтік желілерде, сонымен қатар WhatsApp және басқа да мессенджерлер арқылы «Қазақстан 2019 жылғы тамыздан бастап, жаңа валютаға – алтынға өтеді» деген жалған хабарлама таратылды. Аудиохабардағы бел­гісіз дауыс қазақстандықтарды шұғыл түрде теңгедегі бар жинақ ақшасын долларға айырбастауға, болмаса, оған автокөлік, пәтер және басқа да дүниелерді сатып алуға немесе кредитке алуға шақырады.

Бұл сыбысқа былайғы жұрт түгілі, кейбір сарапшылар да се­ніп қалды. Мұндай шешім 29 ма­мырда елордада өткен Еуразиялық одақтың саммитінде қабылданған болар деп жорамал құрғандар да болды. Осыған байланысты аста­намыздағы Тәуелсіздік са­райында ұйымдастырылған Жо­ғары Еура­зиялық экономикалық кеңестің аталған жиыны аясындағы келіс­сөздерге қатысқан Ұлттық эконо­мика вице-министрі Жасұлан Мәдиевке сауалмен жүгіндік.

Вице-министр осы саммит ЕАЭО туралы шартқа қол қойы­лып, бірлестіктің құрылғанына бес жыл толуы мерейтойына ар­нал­ғанын, онда одақ аясында бі­рыңғай валютаға көшу туралы шешім қабылданбақ түгіл, ондай мәселе күн тәртібіне де шыға­рыл­мағанын мәлімдеді. Яғни, сам­мит­ке сілтеу жөнсіз.

«Алтын» туралы фейк-ақпа­ратқа қатысты Ұлттық банк те үн қатып, мұны «экономикалық ди­версия» деп бағалады.

– Ұлттық банк «Қазақстан­ның 2019 жылғы тамыздан бастап, жаңа валютаға – алтынға өтетіні» жайындағы ақпараттың эконо­микалық диверсияға шақыратын дәйексіз, арандатушылық ақпарат екенін ресми түрде хабарлайды, – деген қаржылық реттеуші қазақ­стандықтарға өтінішпен жүгініп, аудиохабарлардағы дауысты та­ныған жағдайда, телефон нөмірі, facebook және басқа да әлеуметтік желілер арқылы Ұлттық банкпен байланысуын сұрады.

Ерболат Досаевтың ұжымы қасақана жалған ақпаратты әзір­леген авторлар мен тарату­шы­ларды анықтау мақсатында құқық қорғау органдарына да жүгінген көрінеді.

«Қайта жауған қар жаман, қайта шапқан жау жаман» де­гендей, бұл бірінші жағдай емес: дәл осындай жоққа шығару мә­лімдемесін қаржылық реттеуші кезекті фейк-хабарға орай биыл­ғы 6 маусымда да жасауға мәжбүр болған-тын.

ХІХ ғасырдың басында фран­цуз саяси қайраткері, әділет ми­нистрі Антуан Жак Клод Жозеф Буле де ла Мёрт: «Бұл – қылмыс­тан да жаман, бұл – қателік!» (C'est pire qu'un crime, c'est une faute) деген екен. Соны қайта­ла­ғаннан басқа амал жоқтай.

Дүркін-дүркін девальвацияға ұшырай беретіндіктен, бұқара ха­лықтың ұлттық валютаға деген өкпесі «қара қазандай» екені құ­пия емес. Әлгіндей теңгені тарих түкпіріне тентіретіп жіберіп, ор­нын «алтынға» әперетін өсек­тер­дің бір бөлігі сол өкпеден туын­дайтын болар. Бірақ девальва­цияға теңге айыпты ма? Бұл проб­лемаға Ұлттық банктегілер, сонымен қатар отыз жылдай уа­қыт ішінде экономиканың мұ­найға тәуелділігін көп төмендете алмаған, өңдеу саласын өркендете алмаған салалық шенеуніктер жауапты болса керек.

«Доллар мықты екенін және ешқашан құнсызданбайтынын да түсіндік, ендеше бірде долларға, дүрбелең басылғасын қайтадан теңгеге ауыстырып жүргенше, неге ұлттық валюта дегеннен бас тартып, АҚШ валютасына түбе­гейлі көшіп алмаймыз!», – деп күйінеді бір ағамыз.

Төрткүл дүниеде оның да үлгі-тәжірибесі бар. Әлемде қос мемлекет – Зимбабве мен Эква­дор төл валюталарынан толы­ғымен бас тартып, АҚШ долла­рына көшіп алды. Салдарынан, саясаттағы тәуелсіздігінен де то­лығымен айырылған. Демек, ұлт­тық валютадан бас тарту – қандай қиындықпен келген тәуелсіздікті нығайтудан бас тартуды, азат тір­шілік үшін ұлттық күресте тү­бегейлі жеңіліп, біреудің қолжау­лығына айналуды білдіреді.

«ЕАЭО-ның ұлттық валю­та­сы» да Кеңес одағындағы «рубль-сом» жүйесіне өте ұқсас болмақ, яғни, Мәскеуге тәуелділікке ора­лу деген сөз. Ондайдың болмай­тынын еліміздің бас қаржыгері де айтып отыр.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары–қаржы министрі Әлихан Смайылов «алтынды ен­гізу» туралы үрейлі сөздерді бұ­рынғы заманда дүмше молдалар елді қорқыту үшін айтатын «ақыр­заман жайындағы сан­ды­раққа» теңейді.

– Еуразиялық одақ аясында «алтын» деп аталатын ортақ валютаны енгізу туралы тақырып­ты базбір тұлғалар әдейі әрі ұдайы түрде қозғай береді. Ол – ақыр­заман туралы қауесеттер қата­рындағы әншейін әңгіме. Ұйымға мүше елдерде бірыңғай валюта ендіру мәселесі ЕАЭО аясында ешқашан қаралмағанына сіздерді сендіргім келеді. Ол мәселе Еура­зиялық экономикалық одақтың күн тәртібінде тұрған жоқ! – дейді Ә.Смайылов.

Ол 2014 жылғы 29 мамырда қол қойылған, қазір қолданыста жүр­ген ЕАЭО туралы шартта еура­зиялық интеграцияның ба­ғыттары көрсетілгенін еске салды. Осы келісімде де, басқа негіз­құ­раушы құжаттарда да бірыңғай валюта енгізу қарастырылмаған екен.

– Әр елдегі ақша-кредит сая­саты – толығымен ұлттық орган­дар құзырында. Алтын аталсын, басқаша атау берілсін, қандай да бір ортақ валютаны ендіру – елдің тәуелсіздігінің бір бөлігін жоғалту дегенді білдіреді. Бұған жол бе­рілмейді. Қазақстан өзінің ұлттық валютасын сақтайды. Ұлттық банк тәуелсіз ақша-кредиттік сая­сатын жүргізуді одан ары жалғас­тырады, – деп нықтады бірінші вице-премьер, бас қаржыгер Әлихан Смайылов.

Қазақстандықтар теңгеге қа­тыс­ты тек бір жайтқа ғана «өк­пелей» алса керек: әмияндағы тең­генің саны үнемі жеткілікті түрде көп бола бермейді. Бірақ бұл – еңбек етіп, табыс табуға, бі­лік­тілікті көтеруге, мансап бо­йынша жоғарылауға, мемлекеттік қызметтегі жікшілдікпен және жемқорлықпен күреске, тұтастай алғанда, мемлекеттің халықтың әл-ауқатын көтеру саясатына тікелей қатысты.

Теңге азаттықтың алғашқы жылдарында, 1993 жылы Елба­сының түн ұйқысын төрт бөлген ерен еңбегі арқасында айналысқа енгізілгеннен кейінгі ширек ға­сыр ішінде тіпті бірқатар валю­та­лар жүзжылдықтар ішінде жүріп өткен жолды еңсерді.

Теңге бүгінде өзіне жүктелген тарихи рөлі мен миссиясын ат­қарып келеді. Ол ұлттық эко­но­микамыздың өне-бойына қан жүгіртер «күретамырға» айнала алды. Ол экономиканы даму рельсіне түсірді, қажетті ырғақ берді. Балалық шағы мен ересек өмірі қалпымен Кеңес Одағы кезеңінде өткен аталарымыз бен әжелеріміздің өзі енді 90-жыл­дардағыдай өзара әңгімеде «бә­ленбай сом» деп жаңылыс­пайды. Барша қазақстандықтар, сон­­дай-ақ бүкіл халықаралық қар­жылық орта үшін «теңге» де­ген сөз құлақ отықты, көз үй­реністі ұғым саналады.

Теңгеміз тоқсаныншы жыл­дардың талай тезі мен сынағынан өтті. Тоқыраған кезі де болды, бірақ жүрелеп қалмады, қайта еңсе тіктеді.

Теңгенің құнсыздану көрсет­кішін көршінің рублімен салыс­тырып, ұлттық валютаны сөгерлік мін тауып жататын отандас­та­рымыз жетерлік. Көпшілік біле бермес, рубль ақшалай бірлік ретінде алғаш рет 1316 жылы «Нов­городская грамотада» мә­лімделген. Сондықтан 2016 жылы Ресей төл валютасының 700 жыл­дығын атап өтті. Ендеше, жеті ғасыр бойы күш жиған рублінің небәрі 25 жастағы балаң теңгемен қатарласа құлдырағанына ұялса, ресейліктер ұялуы керек.

– Сіздердің ұлттық валю­та­ла­рыңыздың атауы орыс тіліндегі «деньги» деген сөзден алынған, – деп «жаңалық» ашты халықаралық форумға келген ресейлік әріп­тес­тердің бірі.

– Ал деньги сөзінің түп-төр­кіні, этимологиясы қандай еке­нінен хабарың бар ма? – деймін оған. «Қазір!» деп, смартфонына сүзілген ол: «Энциклопедияларда деньгидің түріктің «теңге» сөзінен шыққаны айтылады», – деп са­басына түсті.

Негізі, теңгеге қатысты кең ауқымды, халықаралық деңгей­дегі «түсіндіру жұмыстары» же­тіспейді. Пиарын халықаралық деңгейде келістірсе, оны голли­вудтық фильмдерде жақсы си­патта, оң формада паш етсе, ұлт­тық валютамыздың имиджі ар­тып, оның мультипликативтік тиімділігі де зор болар ма еді! Әлемдік аренада бедел-ажары бекемделген ұлттық валютамызға қатысты қазақстандықтарда мақ­таныш сезімі қайта туып, сенімі нығайып, бұл долларсыздандыру үдерісіне серпін беруі ықтимал.

Төл валютасын әлемдік дең­гейде насихаттаудың кинема­то­графиялық тәсілін алдыңғы қа­тарлы мемлекеттердің бәрі қолда­нады. Мысалы, үнді фильмдерінде басқа түгіл бандиттердің өзі банкті не басқасын тонағанда, долларды емес, үнді рупийін бе­руді талап етеді. Ал біздің кино­герлер болса, теңгеге түсірілген туындыларында кейіпкердің ауқатының белгісі ретінде сол бұрынғыдай чемодан толы АҚШ валютасының муляжын көрсет­кеніне мәз болып жүр.