Инвестиция тартуға икемдіміз бе?
Инвестиция тартуға икемдіміз бе?
429
оқылды

Былтыр жыл соңында еліміздің мемлекеттік басқару жүйесіне құрылымдық өзгеріс жасалды: Сыртқы істер министрлігіне Инвестиция тарту жөніндегі комитет пен «Қазақ Инвест» ұлттық компаниясы берілді. Сөйтіп, оған дейін бірнеше министрліктің құзіретінде болып келген инвестиция тарту ісіне Сыртқы істер министрлігі жауапты болып бекітілді. Бұл Экономика­лық ынтымақтастық және даму ұйымының талабына сай қабылданған шешім болатын.

Белгілі заңгер Марат Бәші­мовтің айтуынша, мұндай тәжі­рибе Дания, Швеция, Исландия, Канада, Австралия мен Бельгия сияқты елдерде бар.

«Сыртқы істер министрлігінің қызметін экономикаландыру қар­жыны игеру кезінде ұқыптылық пән дәлме-дәлдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл шешім келешекте кез келген сын-қатерге төтеп беру үшін қабылданып отыр. Себебі, әлемде қаржылық жағдай қиындап барады. Жа­һандық дағдарыс ұзаққа созылады деген де болжам айтылып қалады. Сауда соғысы мен дамушы ел­дердегі капитал шығысы да алаң­дауға негіз болып отыр. Мұның барлығы дипломатиялық әдіс-тәсілдерді жетілдіруге ықпал етті», – дейді заңгер.

Әрине, Сыртқы істер ми­нистр­лігі үшін инвестиция тарту­мен айналысу таңсық дүние емес. Себебі сыртқы істер саласын­дағылар үшін экономикалық дип­ломатия ұғымы әу бастан санаға сіңген термин. Дипломатияның бұл түріне мемлекеттің екіжақты және көпжақты негізде ұлттық экономиканы қолдау мен дамы­туға, халықаралық істерде мемле­кеттің жалпы сыртқы саясаты шеңберінде мақсатқа жетуін, сыр­тқы экономикалық мүдде­лерді қамтамасыз ететін дипло­матиялық тәсілдер мен әдістерді және экономикалық шаралар мен құралдарды (сауда саясаты, жәр­дем­десу, көмек алу) қолдануы деген анықтама берілген.

Министрлік өзіне берілген жаңа құзірет шегінде инвестжо­балардың әрқайсының толығы­мен іске асуын қамтамасыз етуді басты міндет етіп белгіледі. Қа­зақстанның шет мемлекеттердегі елшіліктерінің ел экономикасына инвестиция мен ғылымды қажет ететін технология тарту сала­сындағы қызметін күшейтуді қолға алды.

«Біздің дипломатиялық мис­сиямыз инвестициялық ұсы­ныс­тар мен жобалар пакеттерін қоса алғанда, барлық өзекті ақпаратпен «қаруланады». Министрлік экс­портты сыртқы деңгейде ілге­рі­лету саласындағы үйлестіруші рөлді атқарады. Индустрия және инфра­құрылымдық даму ми­нистр­лігімен (ИИДМ) және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, отандық экспорттаушыларды қол­даудың «Бірыңғай терезесін» құруға қа­тысамыз», – деген Бейбіт Атам­құловтың сөзі есімізде қалыпты.

Бүгінгі таңда СІМ ИИДМ-мен бірлесіп, Қазақстанның не­гізгі нарыққа шығуын қамтамасыз ететін көлік транзиті дәліздерін кеңейту жұмысын жалғастырып отыр. «Астана» халықаралық қаржы орталығына, «Жасыл» технологиялар мен инвести­циялық жобаларды дамытудың халықаралық орталығына, сон­дай-ақ AstanaHub АТ-стандарттар халықаралық технопаркіне де қолдау көрсетіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің ұлықтау рәсімінде сөйлеген сөзінде «Қа­зақстан өзін бейбітшілікті сүйетін, ашық, сенімді мемлекет ретінде бекітті. Халықаралық істерде се­німді әрі жауапты серіктес екенін бекемдеді. Біз конструктивті, үйлесімді, көпвекторлы бағытты жалғастырамыз. Әлемдік аренада ұлттық мүддені қорғаймыз. Елдің сыртқы саясатының жұмысы елге, ұлттық бизнеске, әрбір аза­матқа пайда әкеледі», – деген болатын. Демек, еліміздің сыртқы саясаты ұлттық бизнеске пайда әкелуі тиіс. Олай болса, сыртқы істер саласы бұл бағытта үдеден шыға алды ма? Бүгінге дейін елімізге тартылған инвестиция көлемі қандай? Бұл сұрақтың жауабын кеше ғана Үкіметтің кеңейтілген отырысында Прези­дент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанда тікелей шетелдік инвестиция көлемі 11,5 пайызға азайған. Әрине, бұл үшін инвес­тиция тарту ісіне жауапкершілікті жарты жыл бұрын ғана алған Сыртқы істер министрлігін кінә­лау артық болар. Өйткені, бұл процестің басталғанына бірнеше жыл болған. Сыртқы істер минис­трі Бейбіт Атамқұловтың бұл тенденцияны осымен үшінші жыл қатарынан әлемде тікелей шетел­дік инвестицияның кері қай­та­рылып жатқанымен байланыс­тыруы да содан. «АҚШ, Қытай, Еуроодақ елдері достастық елде­рінен өз инвестицияларын қай­тарып алып жатыр. Себебі, инвес­тиция тартушы елдер арасында бәсеке артып келеді. Ішкі мәсе­лелер де бар», – деген министр инвестиция тартуды арттыру үшін көші-қон саясатын жетілдіру қажет екенін айтады.

Айтқандай, шілде айының басында Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Астана қаржы күндері» форумында Қасым-Жомарт Тоқаев «Астана» халықаралық қаржы орталығы қаржы секторын дамытумен қатар, экономикаға инвестициялар тартуы тиіс екенін тілге тиек еткен-ді. Қалай десек те, шетелдік инвестицияның төмендеуін болдырмау үшін қарбалас басталғандай. Мұндайда әлемге белгілі қаржыгерлердің кеңесіне құлақ түрсек, артық болмайды. Мәселен, Президент жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 32-ші пленарлық оты­рысында сөз алған Еуропа қайта құру және даму банкінің дирек­торы Агрис Прейманистің ай­туын­ша, Қазақстан, бірінші ке­зекте, экологиялық кодексті же­тіл­діруі керек. «Қазақстанның экологиялық қауіпсіз ел болғаны инвесторлар үшін де тиімді. Елордадағы қаржы орталығына үлкен сенім артылып отыр. Оның жұмысын да жүйелеу қажет. Инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалауға көп уақыт бөлінуі тиіс. Қылмыстық және қылмыстық процесуалдық заң­на­маны жетілдірсе, инвесторлардың мемлекет саясатына деген сенімі артар еді. Әсіресе салықтан жал­тару жазасын пысықтау қажет. Адам капиталын дамыту, жұмыс­шылардың біліктілігін арттыру, шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін оңтайландыру бойынша әлемдік тәжірибеге сүйене оты­рып, өзгертулер енгізуді ұсынар едім», – деген Агрис Прей­ма­нистің бұл ұсынысын ескермеске болмайды. Себебі ол басқаратын Еуропа даму және қайта құру банкі Қазақстан экономикасы­на 9 млрд АҚШ доллары көлемін­де инвестиция құйған қаржы институты.

Біз соңғы 4-5 жылда Қазақ­станға келген тікелей шетелдік инвестициялар көлеміне шолу жасап көрдік, түйгеніміз – инвес­тиция көлемі әр жылы әрқалай құбылған. Мәселен, Ұлттық банктің ресми мәліметіне сәйкес, өткен жылдың тоғыз айында тіке­лей шетелдік инвестициялар кө­лемі алдыңғы жылмен салыстыр­ғанда 8,4 пайызға артқан болатын. Ал 2016 жылдың дерегіне көз сал­сақ, керісінше төмендеу байқалады.

Инвестицияның бұлай құбы­луының себебі көп. Соның бірі – бюрократия, қағазбастылықтан қажыған инвестор қашпағанда қайтсін? Шетелдік инвесторлар тәуелсіз сот пен экономиканың тұрақты болғанын қалайды. Ол талапты орындау үшін де белгілі бір уақыт қажет. Ал бір тиыннан екі тиын жасауға бейіл инвестор өзіне жағдай жасаған күнді күтіп отырмайды. Сөйтіп, айналамыз­дағы бәсекелес елдерге қаржысын құя салады. Ендеше, қайтпек керек?

Премьер-министр Асқар Ма­мин жетекшілік ететін Инвес­ти­циялар тарту жөніндегі үйлестіру кеңесінің соңғы отырысында бұл сұраққа жауап болар қадам жа­салды. Мәселен, негізгі капиталға құйылатын инвестиция ағымын жалпы ішкі өнімге шаққанда 30 па­йызға дейін арттыру міндеті қойылды. Қазіргі көрсеткіш – 19 пайыз. Жыл сайын тікелей шетелдік инвестиция ағымын 2018 жылғы 24 млрд доллардан 2025 жылға қарай 34 млрд доллар­ға арттыру көзделіп отыр. Мем­лекеттік-жекеменшік әріптестік, көлік және логистика, энергетика, туризм, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту, денсаулық сақтау, білім беру салалары инвестициялар тартудың тиімді құралына айна­луы тиіс. Алдағы уақытта орталық және жергілікті атқарушы ор­гандар үшін жалпы ішкі өнімге инвестициялардың мақсатты ара қатынасына қол жеткізу үшін ин­вестиция тарту бойынша тиім­діліктің негізгі көрсеткіштері әзір­ленеді. Қазақстанның логис­тикалық қуатын арттыру мақса­тында 2020-2023 жылдары Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақ­төбе, Семей, Көкшетау, Атырау және Ақтау қалаларында 8 өңірлік тарату орталығынан тұратын желіні құру жоспарланып отыр. Бұл тетік фермерлерден өнімдерді ерте сатып алып, қажетті қор жасап, одан кейін өнімдерді мау­сымаралық кезеңде – желтоқ­саннан сәуір айына дейін сауда желілерінде арзандатылған баға­мен сатуға бағытталған. Инвес­тициялар тарту жөніндегі үйлес­тіру кеңесінің отырысында Қа­зақ­стан Республикасына инвести­ция тарту жөніндегі Жол картасы қабылданды. «Экономиканың дамуы инвестиция тартумен тікелей байланысты» деген Үкімет жетекшісінің сөзі инвестиция тартуға жауаптылардың жауапкер­шілігін арттырса дейсің. Әйтпесе, инвестиция тартуға икемсіз ел болып қалғанымыз – қалған...