Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Елбасының үнемі жастарды қолдап, жастар саясатын дамытуды көздейтіні бекер емес. Әсіресе, бүгінгі жастар креативті пікірге ие. Шыны керек, қазір жастар арасында соңғы инновациялық технологияларды пайдалану арқылы жобалар ұсынып жүргендері баршылық. Қазақстанның осындай дарынды, жас ғалымдарының бірі – Дамель Мектепбаева. Ол – «Болашақ» бағдарламасы арқылы Қазақстаннан шыққан алғашқы NASA түлегі, Hoope атты халықаралық медициналық стартаптың негізін қалаушы. Бүгінде Назарбаев университетінің Инновацияны дамыту департаментінде қызмет атқарады.
– 17 жасыңызда АҚШ-тың ең үздік университетінің түлегі атаңдыңыз. Сол жайлы толығырақ айтсаңыз.
– 2005 жылы метеп бітірген кезде, «Болашақ» бағдарламасы жайлы естідім. Ол он төрт жыл бұрын болғандықтан, бұл бағдарлама жайлы көбі білмейтін. Және де сол жылдары «Болашақ» бағдарламасы ең алғаш рет бакалавриатқа іріктеуді бастаған болатын. Бағдарламаға алғашқылардың бірі болып қатысу мүмкіндігіне ие болған өзімді бақытты адам деп есептеймін. Негізі, «Болашақ» туралы маған апам айтқан еді. Ол үнемі маған «Америкада оқы» деп отыратын. Ағылшын мектебін бітіргендіктен, Америка жайлы көп армандайтынмын. Соңында қатты үміттенбесем де, өтініш тастадым. Барлық кезеңінен өткеніммен, үміт аз болғандықтан Астанадағы Медициналық университетке түстім. Бірінші курста оқып жүріп, бағдарламаның басқа да кезеңдерінен өте бердім. Астанада оқып жүргеніме төрт ай болғанда, «Болашақ» бағдарламасына өткенім жайлы білдім. Алдымда екі таңдау болды. Елде қалып, оқуымды жалғастыру немесе «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алу. Перспективасы көп болып көрінгендіктен «Болашақты» таңдадым. Астанадағы оқуымды тастап, АҚШ-тағы биотехнология мамандығы бойынша оқуға аттандым. Басында медицинаға өтініш берген едім, алайда ол уақытта бұл сала толық дамымағандықтан, биотехнологияны таңдадым.
– Болашақ бағдарламасы сізге қалай әсер етті?
– Шет елге өте жас болып бардым.Тұлға ретінде сонда қалыптастым. Олардың мәдениетін қабылдай алдым десем де болады. Менің ойымша, адамның түрлі мәдениетті біріктіріп, қабылдай алуы – керемет дүние. Көп нәрсені білесің. Танисың. Сондықтан да саяхаттау, шет елде білім алу – әрқашанда сенің өсуіңе үлкен септігін тигізері сөзсіз. Біріншіден, білім жайлы айту керек. «Болашақ» арқылы алған білімім керемет болды. Ол туралы қалай айтып, жеткізерімді де білмеймін. Әрине, басында қиын болды. Бірінші жыл, өзге тіл болғандықтан толығымен түсінбейсің, онымен қоса америкалық акцент бар. Уақыт өте келе оның бәріне үйреніп, дағдыланасың. Ең керемет, білімді деген оқытушылардың сабақтарына қатысып, білім алуға асығасың. Бәрі ойластырылған, ыңғайлы зертханаларда жұмыс істейсің. Студенттерді оқыту мінсіз өтеді. Осындай білім бергені үшін «Болашаққа» алғысымды білдіремін. Маған ғана емес, басқа да мыңдаған студентке білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғысым шексіз. Екіншіден, дүниетанымың кеңейеді. Өзге адамдарға, білім беру жүйесіне қарап, мына дүниеге басқаша көзбен қарап, белгілі бір өзгермейтін қағидаларды бұза бастайсың. АҚШ-тағы оқуымнан кейін адамдарға, өмірге деген көзқарасым өзгерді. Астанада қалғанымда, бәрібір өз ісімнің жақсы маманы болар едім. Себебі мамандығым қатты ұнайды. Алайда, мүлде басқа адам болатын едім.
– Біздің білім беру жүйеміз бен Батыс елдерінің білім беру жүйесін салыстыра айтсаңыз. Артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?
– Магистратураны Францияда оқығандықтан, Америкамен қоса Еуропада да білім алдым. Батыс мемлекеттерінің білім беру жүйесін құптаймын. Сондықтан білімді де білікті балалардың сол жақта білім алып, алған тәжірибелерін Қазақстанға әкелгендерін қалаймын. Бізде білім беру туралы нақты түсінік қалыптаспаған. Әлі күнге дейін білім беру жүйеміз жаттауға негізделген, әсіресе техникалық ғылымдар. ҰБТ есептерін қарастыратын болсақ, есептердің 3/2 бөлігі жаттауға арналған. Жыл сайын осыған қарап, көңіл күйім түседі. Ал, шет елдегі білім беру жүйесінің ең басты артықшылығы – тақырыпты не формуланы жаттап алуына емес, қаншалықты түсінгеніне мән береді. Оларда ең маңыздысы – формуланы түсініп, оны практикада қолдана алуың, кез келген сұрақты терең түсінуің. Кемшіліктеріне келетін болсақ, туған жеріңнен, ата-ана, бауырларыңнан алыс болуың дер едім. Онымен қоса, өз еліңде болып жатқан кейбір оқиғалардан хабарсыз болып қаласың. Байқағаным, көбі туған жеріне келгенде, саласына қатысты маңызды жайттарды білмей оралады. Бірақ ондай мәселелердің де шешімін табуға болады. Егер мақсатыңыз анық болмаса, керек білім мен керексіз білімді ажыра алмасаңыз, онда білімді бола ала алмайсыз. Еңбек еткен адамның жетпейтін жетістігі, алмайтын асуы жоқ.
– Гуманитарияға қызыққаныңызды білеміз. Жаратылыстану ғылымдарына деген құлшыныс қайдан туды?
– Шынымды айтсам, жаратылыстану ғылымдары қатты ұнайтын. Әсіресе биологияға, медицинаға көп акцент қоятынмын. Онымен қоса, тілге ерекше бейімім болды. Бірінші сыныптан ағылшын тілін оқысам, кейін неміс тілін жетік меңгердім. Францияда білім алғанда, сабақтардың ағылшын тілінде өтетініне қарамастан, француз тілін оқыдым. Қазір екінші жыл испан тілін үйреніп жатырмын. Баланы бір ғана бағытта емес, жан-жақты етіп дамыту керек деп ойлаймын. Егер жаратылыстану ғылымдарына қызықса, гуманитария ғылымына қызықпауы керек деген ой болмауы керек.
– Білуімізше, Назарбаев университетіндегі Инновацияны дамыту департаментінде жұмыс істейсіз. Бұл жұмысқа қалай келдіңіз?
–Көп жылдар бойы университеттің ғылым бөлімінде қызмет еттім. Содан үш жыл бұрын инновациялық, яғни әкімшілік жұмысқа ауысамын деп шештім. NASA сапарынан кейін осы шешімге келдім. Ғалым болып, зерттеумен айналысу жақсы екенін түсіндім. Әрқашан біліміңді бизнеске, білім беруге немесе инновацияға енгізуге болады. Бір ғана саламен айналыспай, бірнешеуін біріктіріп, жұмыс істеуге болады. Бір бағытпен шектеліп қалуды түсінбеймін. Бүгінде жаңа технологиялардың арқасында әлем тез дамып келеді. Сондықтан адам әр кез өзін дамытып, басқа салада да өзін көруі қажет. Болашақта басқа жұмыстармен айналысу ойымда бар.
– Инстаграм парақшаңызда «Біз бәріміз әртүрліміз» деп жазыпсыз. Шынайы өмірдегі Дамель қандай?
– Әлеуметтік желідегі Дамель – өмірде де тура сондай. Маған ғылымға, инновацияға қатысты жаңалықтар қатты ұнайды. Инстаграмға жазғанымның бәрі мені шын өмірде қызықтырады, алаңдатады. Өзімді көңілді адаммын деп есептеймін. Байқасаңыз, негативті өте сирек жазамын. Бірақ қазіргі орын алып жатқан саяси жағдай көп адамның көңілінен шықпайды. Өзіңе қабылдайтын жағымсыз нәрселер жетерлік. Мен сонда да соның өзінен тек пайдалы ақпарат қабылдауға тырысамын. Әдемілікті де ұнатамын. Сұлулыққа қатыстының бәрі ұнайды. Анам көйлек тігумен айналысады. Сондықтан болар бұл қасиет маған анамнан дарыған сияқты. Кейбір адамдар менің сәнге де қызығатынымды байқап, өзіме айтады. Бір жағынан бұл мінезіме де байланысты болар. Маған белгілі бір қатып қалған қағидаларды бұзған ұнайды.
– Болашаққа жоспарыңыз?
– Жауап беру қиын болып тұр. Жалпылама айтсам, маған өзімді дамытып, саяхаттаған, жұмыс істеген ұнайды. Менің ойымша, XXI ғасыр адамы ол әрдайым оқып, ізденіс үстінде жүруі қажет. Мен үшін ол өте маңызды. Кітап оқуды, түрлі тренингтерге, курстарға барғанды ұнатамын. Алдағы жоспарыма шетелде жұмыс істеп, алған тәжірибемді Қазақстанға келіп, одан ары дамыту да кіреді.
Сұхбаттасқан
Аружан ҚҰЖАСАРИНА