Өнер додасы мәреге жетті
Өнер додасы мәреге жетті
477
оқылды

Әлемге жарқын да жас жұлдыздарды сыйлаған Baqytty bala ІІ ашық фестиваль конкурсының бас жүлдегерлері 2 000 000 теңге алды. «ДимашАли» продюсерлік орталығы ғаламдық деңгейдегі тағы бір жаңа да жас өнер жұлдызын танытты.

Ол, әрине, елордалық өнер иесі Айкерім Тілеубек. Нұр-Сұл­тан қаласының кішкентай тұрғы­ны, жас вокалистің өнері «Голос. Дети» фестиваль конкурсының жеңім­пазы, ресейлік Ислам Балкоевпен тең түсті. Яғни, екеуі де осы конкурстың жеңімпазы атанды.

Байқау алдында Ақтөбе облы­сының әкімі Оңдасын Ора­за­лин қазылар алқасы мүше­ле­рімен және фестиваль-байқауды ұйымдастырушылар­мен кездесті.

«Дарынды балалардың Baqytty bala атты өнер бәсекесі халықа­ралық мәртебеге ие болды. Со­ның арқасында қазақстандық өнер өлкесіндегі өрендер әлемге белгілі жерлесіміз Димаш Құдай­берген сияқты есімдерін таныта бастады. Фестиваль-байқаудың ондаған, жүздеген жаңа жұлдыз­дарды танытатына сенімім мол», – деп атап өтті облыс әкімі.

Кездесу соңында аймақ бас­шы­сы қонақтарға естелік кәде­сый­лар табыс етті.

Байқау болатын күн «Димаш Құдайберген гала-шоуға бір күнге ұшып келді» деген қуаныш­ты хабардан басталды. Балалар қобалжығанын жасыра алмады. Олардың әрқайсысы үшін өзде­рі­нің сүйікті әншісімен кездесу – үлкен арман. Жеткін­шек­тер ішкі сезімге толы толғаныста­рын басып, сахнада үздік өнер көрсе­туге жанын да, барын да салып бақты. Өз ана тілінде ән шырқау­ды талап ететін бірінші сайыстың өзінде көрермен үшін жеңіске үміткер анықталғандай болды. Нұр-Сұлтан қаласының намы­сын қорғаған Айкерім Тілеубек «Жұмақ мекен» әнімен тың­дар­манды баурап алды.

«Балалар тамаша өнер көр­сет­ті. Тамашасы сол, тіпті шын мық­тыны таңдау мен анықтау аса қиынға соқты. Алайда бай­қау шарттары да орындалуы тиіс. Қазылар алқасы ешкімді ала­ла­май, өз міндетін адал атқарды деп білемін. Соңында ерекше қорытынды шығарды», – деді байқаудың қазылар алқасының мүшесі Аида Николайчук.

Сөйтіп, тума талантымен елді тамсандырып, дауысы талайдың таң­дайында кеткен жас әнші Ай­ке­рім Тілеубек Димаш Құдай­бер­генмен бірге оның келесі кон­цертінде ән шырқау құрме­тіне ие болды.