Ауыл ажарланса, халықтың да әл-ауқаты артады
Ауыл ажарланса,  халықтың да әл-ауқаты артады
443
оқылды

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп бекер айтылмаған. Шындығында, ауылдың тұрмысы түзелсе, онда халықтың да жағдайы жақсарғаны. Қазіргі уақытта осыған байланысты жер-жерде қызу жұмыстар жүргізілуде. Елдімекеннің гүлденіп, тұрмыстың дұрысталуы, ең алдымен, ондағы әкім-қаралардың іскерлігіне және басқарушылық қызметіне байланысты. Бұл орайда Түркістан облысының Мақтаарал ауданында мақтанатын істер баршылық. Аймақтағы елдімекендер еңсесін көтерген. Әр ауылда диқаншылықпен айналасып, шаруашылықтың шырайын келтіріп отырғандар көп.

Мақтаарал ауданының әкімі Бахыт Асанов әр елдімекеннің дамуына және көркеюіне баса назар аударады. Бір ғана мысал, аудандағы 39 елдімекенге бас жос­пар әзірленіп қойылған. Қазір­гі таңда жоспарлау жобасын әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізілуде. 2019 жыл­дың соңына дейін барлық бас жоспарды дайындау жұмыстары аяқталады. Бұл үлкен нәтиже және мақтана­тын жоба деп айтуға болады. Өйткені әр ауылдың бас жоспары жасалғаны елді көркейтеді.  

– Ауылға жастар келмейді, тұрақтамайды деп бекер айтамыз. Сол үшін, ең алдымен, оларға жағдай жасауымыз керек. Бұл орайда ауданда ілкімді істер бар. «Дипломмен – ауылға» мемлекет­тік бағдарламасы аясында жанды жұмыстар жүргізілуде. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің қолдауының арқасында жастар қамқорлықтан еш кенде емес. Ауылдық елдімекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсау­лық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеумет­тік қолдау шараларын көрсету үшін 62,9 млн теңгеге 350 жас ма­ман­ға бір реттік көтерме жәр­демақы берілді. Жастардың ауыл­да тұрақтап қалуы үшін, ең алды­мен, баспана керек. Осыған орай, 265,1 млн теңгеге 70 жас маманға тұрғын сатып алу үшін бюджеттік қаржы бөлінді, – дейді Мақтаарал ауданының әкімі Бахыт Насыр­ханұлы Асанов.

Болашақ түлектердің терең білім алуы үшін ауданда білім ордаларын салу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап ай­тар болсақ, 2019 жылға өтпелі 3 мек­­тептің жоба-сметалық құжат­та­­масы әзірленуде. Қазіргі таңда 100 орындық 2 мектептің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. 2019 жылы жаңадан екі 300 орындық мектепке жоба-сме­та­лық құжаттамасы әзірленетін болады.

Басқа елдімекендерде де мек­теп салу жұмысы қарқын алуда. Жал­пы айтқанда, 2019 жылы жалпы 7 нысанның құрылыс-мон­таж жұмыстары жүргізілмек.

Жақында өткен үкімет оты­ры­сында 2025 жылға дейін қала­лар 100 пайыз, елдімекен­дер­дің 85 пайызы сапалы ауызсумен қам­та­масыз етілетіні айтылды. Ал Мақ­­таарал ауданындағы 69 елді­ме­кеннің 67-сі орталықтан­ды­рылған ауызсу құбырымен қамта­масыз етілген. Бұл – өте жоғары нәтижелі көрсеткіш. Тек 2 елді мекен ғана таза ауызсумен қам­тыл­­маған. Бұл әрине таяу бола­шақ­тың ісі. Осы көрсеткіштен-ақ аудан тұрғындарының таза, сапа­лы су ішіп отырғанын аңға­руға болады. Тағы бір айта кететін жайт, құбыры бар 67 елдімекеннің 34-не 24 сағат бойы су тұрақты ке­ліп тұрады. Ал 2 елдімекеніне кестемен беріледі. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Бүкіл ауыл таза сумен қамтамасыз етіліп отыр, яғни ауданда ауызсу проб­ле­масы жоқ.

Ендігі мәселе – аудан халқын түгелімен көгілдір отынмен қамту, әр үйге газ кіргізу. Бұл орайда да жұмыстар жүйелі жүргізіліп келе­ді. Дерекке жүгінер болсақ, аудан­дағы 69 елдімекеннің 16-сы таби­­ғи газбен қамтылған. Келе­шек­те аудан халқы көгілдір отын­ның игілігін толыққанды көретін болады.

Негізі оңтүстік аймақ – халқы тығыз қоныстанған өңір. Сондық­тан алыс-беріс көп. Негізінен ай­­­мақ­та көлік жолдары үлкен ма­­ңызға ие. Жалпы айтқанда, Мақ­таарал ауданындағы көлік жол­дары­ның жалпы ұзындығы 908,7 шақырымды құрайды. Осы жол­дардың 86,4 шақырымы – рес­­публикалық, 184,9 шақырымы – об­лыстық, 44,3 шақырымы – ау­дан­дық маңызы бар автомобиль жолдарына жатады. Сондықтан жолдардың сапалы болуына да баса назар аударылуда.

Жақында өткен  үкімет оты­ры­сында 2025 жыл­ға дейін қала­лар 100 пайыз, елдімекен­дер­дің 85 пайызы сапалы ауыз сумен қам­та­масыз етілетіні айтылды. Ал  Мақ­­таарал ауданындағы 69 елді­ме­кеннің 67-сі  орталықтан­ды­рылған ауыз су құбырымен қамта­масыз етілген. Бұл – өте жоғары нәтижелі көрсеткіш. Тек 2 елді мекен ғана таза ауыз сумен  қам­тыл­­маған. 


Шілде айы басталмай жатып, қауын-қарбызы, қияр-сәбізі пісе бастайтын аудан жақын күндері алғашқы өнімін де бере бастайды. Көкөнісі көрші елдерге тасымал­да­нады сосын. Бүгінде шаруа қо­жа­­лықтарында жұмыс қызып тұр.

Ал аудан аумағындағы көп­балалы отбасылар мен жағдайы тө­мен отбасыларға қолдау тұрақ­ты көрсетіліп келеді. Атаулы әлеумет көмек бойынша барлығы 1 млрд 618 млн 816 мың теңге бө­лін­ген. Жағдайы төмен отба­сы­ларға Мырзакент және Атакент өңірлерінде әлеуметтік дүкендер ашылып, арзандатылған бағамен азық-түліктер беріліп, киім-кешек­тер тегін таратылуда. Соны­мен қатар жағдайы төмен 91 отбасына демеушілер тарапы­нан 472 мың теңгеге азық-түлік тара­тылды.

Биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін 428 отбасы (2 486 адам) өтініш білдіріп, құжаттары рәсім­дел­ген көрінеді. Оларға 46 млн 989 мың теңге қаржылай атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жар­лы­ғымен биыл Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Сондықтан жастар саясатын жүзеге асыру бағытында әртүрлі шаралар жиі өткізіліп тұрады. Діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алу және теріс бағыттағы діни ағымдарға жол бермеу жөнінде оқу орын­да­рында студент-жастармен, кент­тер мен ауылдық округ­тер­дің елдіме­кен­де­рінде тұрғын­дармен өткізіле­тін үгіт-насихат кездесулері жиі ұйымдастыры­лып тұрады.

Айтар болсақ, осы бағытта 2019 жылға елдімекендер мен оқу орындарында 18 кездесу өт­кі­зілді, онда 2 000 адам қам­тыл­­ды. Арнайы кесте бойынша қазір жұмыстар одан ары жал­ға­сын табуда. Мақтаарал өңі­рінде 29 мешіт және 3 конфес­сия өкіл­дері қызмет етеді. Бұл діни бір­лес­тіктердің іс-әрекет­тері тұрақ­ты бақылауда. Бұл орай­да ау­дан көлемінде діни ахуал тұрақ­ты екенін айта кеткен жөн.

Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев­тың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағ­дар» мақаласында атап көр­се­­тілген тапсырмаларды орын­дау мақсатында қазір тиянақты жұмыстар жүргізілуде. Еліміздегі ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеоло­гия­лық тұрғыдан ескірген   елді­ме­кен, көшелердің атын өзгерту көз­деліп отыр. Жуық арада нө­мір­­леген 10 көшенің аты өзгере­ті­нін айта кеткен жөн.

Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Қазіргі таңда ауданда осы мақсатта біршама жұмыстар жүргізілуде. Ауданда 244 спорт нысаны бар. Оның ішінде 54 спортзал, 188 спорт алаңша, 2 ста­дион бар. Аталған спорттық нысандарға аудан тұрғын­дары­ның спортпен шұғыл­дануына қазір­гі уақытта бар мүмкіндік қарас­тырылып отыр. Бұл, әрине, қуанышты жайт.

Биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша ауданда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 38 684 адамды құрап, аудан­­да барлық жастағы халық­тың қамтылуы 29 пайызға жетіп отыр. Болашақта бұл дерек ұл­ғайып, жастар дене шынық­ты­ру және саламатты өмір салтымен тұрақты айналысатынына бек сенеміз.

 

Мира МЕЙІРҒАЛИҚЫЗЫ,

Мақтаарал ауданы,

Түркістан облысы