«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп бекер айтылмаған. Шындығында, ауылдың тұрмысы түзелсе, онда халықтың да жағдайы жақсарғаны. Қазіргі уақытта осыған байланысты жер-жерде қызу жұмыстар жүргізілуде. Елдімекеннің гүлденіп, тұрмыстың дұрысталуы, ең алдымен, ондағы әкім-қаралардың іскерлігіне және басқарушылық қызметіне байланысты. Бұл орайда Түркістан облысының Мақтаарал ауданында мақтанатын істер баршылық. Аймақтағы елдімекендер еңсесін көтерген. Әр ауылда диқаншылықпен айналасып, шаруашылықтың шырайын келтіріп отырғандар көп.
Мақтаарал ауданының әкімі Бахыт Асанов әр елдімекеннің дамуына және көркеюіне баса назар аударады. Бір ғана мысал, аудандағы 39 елдімекенге бас жоспар әзірленіп қойылған. Қазіргі таңда жоспарлау жобасын әзірлеу үшін мемлекеттік сатып алу рәсімі жүргізілуде. 2019 жылдың соңына дейін барлық бас жоспарды дайындау жұмыстары аяқталады. Бұл үлкен нәтиже және мақтанатын жоба деп айтуға болады. Өйткені әр ауылдың бас жоспары жасалғаны елді көркейтеді.
– Ауылға жастар келмейді, тұрақтамайды деп бекер айтамыз. Сол үшін, ең алдымен, оларға жағдай жасауымыз керек. Бұл орайда ауданда ілкімді істер бар. «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында жанды жұмыстар жүргізілуде. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеевтің қолдауының арқасында жастар қамқорлықтан еш кенде емес. Ауылдық елдімекендерге жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету үшін 62,9 млн теңгеге 350 жас маманға бір реттік көтерме жәрдемақы берілді. Жастардың ауылда тұрақтап қалуы үшін, ең алдымен, баспана керек. Осыған орай, 265,1 млн теңгеге 70 жас маманға тұрғын сатып алу үшін бюджеттік қаржы бөлінді, – дейді Мақтаарал ауданының әкімі Бахыт Насырханұлы Асанов.
Болашақ түлектердің терең білім алуы үшін ауданда білім ордаларын салу жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Атап айтар болсақ, 2019 жылға өтпелі 3 мектептің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Қазіргі таңда 100 орындық 2 мектептің жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған. 2019 жылы жаңадан екі 300 орындық мектепке жоба-сметалық құжаттамасы әзірленетін болады.
Басқа елдімекендерде де мектеп салу жұмысы қарқын алуда. Жалпы айтқанда, 2019 жылы жалпы 7 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмек.
Жақында өткен үкімет отырысында 2025 жылға дейін қалалар 100 пайыз, елдімекендердің 85 пайызы сапалы ауызсумен қамтамасыз етілетіні айтылды. Ал Мақтаарал ауданындағы 69 елдімекеннің 67-сі орталықтандырылған ауызсу құбырымен қамтамасыз етілген. Бұл – өте жоғары нәтижелі көрсеткіш. Тек 2 елді мекен ғана таза ауызсумен қамтылмаған. Бұл әрине таяу болашақтың ісі. Осы көрсеткіштен-ақ аудан тұрғындарының таза, сапалы су ішіп отырғанын аңғаруға болады. Тағы бір айта кететін жайт, құбыры бар 67 елдімекеннің 34-не 24 сағат бойы су тұрақты келіп тұрады. Ал 2 елдімекеніне кестемен беріледі. Демек, бұдан шығатын қорытынды не? Бүкіл ауыл таза сумен қамтамасыз етіліп отыр, яғни ауданда ауызсу проблемасы жоқ.
Ендігі мәселе – аудан халқын түгелімен көгілдір отынмен қамту, әр үйге газ кіргізу. Бұл орайда да жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Дерекке жүгінер болсақ, аудандағы 69 елдімекеннің 16-сы табиғи газбен қамтылған. Келешекте аудан халқы көгілдір отынның игілігін толыққанды көретін болады.
Негізі оңтүстік аймақ – халқы тығыз қоныстанған өңір. Сондықтан алыс-беріс көп. Негізінен аймақта көлік жолдары үлкен маңызға ие. Жалпы айтқанда, Мақтаарал ауданындағы көлік жолдарының жалпы ұзындығы 908,7 шақырымды құрайды. Осы жолдардың 86,4 шақырымы – республикалық, 184,9 шақырымы – облыстық, 44,3 шақырымы – аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына жатады. Сондықтан жолдардың сапалы болуына да баса назар аударылуда.
Жақында өткен үкімет отырысында 2025 жылға дейін қалалар 100 пайыз, елдімекендердің 85 пайызы сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілетіні айтылды. Ал Мақтаарал ауданындағы 69 елдімекеннің 67-сі орталықтандырылған ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Бұл – өте жоғары нәтижелі көрсеткіш. Тек 2 елді мекен ғана таза ауыз сумен қамтылмаған.
Шілде айы басталмай жатып, қауын-қарбызы, қияр-сәбізі пісе бастайтын аудан жақын күндері алғашқы өнімін де бере бастайды. Көкөнісі көрші елдерге тасымалданады сосын. Бүгінде шаруа қожалықтарында жұмыс қызып тұр.
Ал аудан аумағындағы көпбалалы отбасылар мен жағдайы төмен отбасыларға қолдау тұрақты көрсетіліп келеді. Атаулы әлеумет көмек бойынша барлығы 1 млрд 618 млн 816 мың теңге бөлінген. Жағдайы төмен отбасыларға Мырзакент және Атакент өңірлерінде әлеуметтік дүкендер ашылып, арзандатылған бағамен азық-түліктер беріліп, киім-кешектер тегін таратылуда. Сонымен қатар жағдайы төмен 91 отбасына демеушілер тарапынан 472 мың теңгеге азық-түлік таратылды.
Биылғы жылдың 1 сәуіріне дейін 428 отбасы (2 486 адам) өтініш білдіріп, құжаттары рәсімделген көрінеді. Оларға 46 млн 989 мың теңге қаржылай атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.
Еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен биыл Жастар жылы болып жарияланғаны белгілі. Сондықтан жастар саясатын жүзеге асыру бағытында әртүрлі шаралар жиі өткізіліп тұрады. Діни экстремизм мен терроризм көріністерінің алдын алу және теріс бағыттағы діни ағымдарға жол бермеу жөнінде оқу орындарында студент-жастармен, кенттер мен ауылдық округтердің елдімекендерінде тұрғындармен өткізілетін үгіт-насихат кездесулері жиі ұйымдастырылып тұрады.
Айтар болсақ, осы бағытта 2019 жылға елдімекендер мен оқу орындарында 18 кездесу өткізілді, онда 2 000 адам қамтылды. Арнайы кесте бойынша қазір жұмыстар одан ары жалғасын табуда. Мақтаарал өңірінде 29 мешіт және 3 конфессия өкілдері қызмет етеді. Бұл діни бірлестіктердің іс-әрекеттері тұрақты бақылауда. Бұл орайда аудан көлемінде діни ахуал тұрақты екенін айта кеткен жөн.
Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласында атап көрсетілген тапсырмаларды орындау мақсатында қазір тиянақты жұмыстар жүргізілуде. Еліміздегі ономастикалық атауларды ретке келтіру және тарихи атауларды жаңғырту мақсатында идеологиялық тұрғыдан ескірген елдімекен, көшелердің атын өзгерту көзделіп отыр. Жуық арада нөмірлеген 10 көшенің аты өзгеретінін айта кеткен жөн.
Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында 2020 жылға дейін қазақстандықтардың 30 пайызын бұқаралық спортқа тарту жөнінде тапсырма бергені белгілі. Қазіргі таңда ауданда осы мақсатта біршама жұмыстар жүргізілуде. Ауданда 244 спорт нысаны бар. Оның ішінде 54 спортзал, 188 спорт алаңша, 2 стадион бар. Аталған спорттық нысандарға аудан тұрғындарының спортпен шұғылдануына қазіргі уақытта бар мүмкіндік қарастырылып отыр. Бұл, әрине, қуанышты жайт.
Биылғы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша ауданда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар саны 38 684 адамды құрап, ауданда барлық жастағы халықтың қамтылуы 29 пайызға жетіп отыр. Болашақта бұл дерек ұлғайып, жастар дене шынықтыру және саламатты өмір салтымен тұрақты айналысатынына бек сенеміз.
Мира МЕЙІРҒАЛИҚЫЗЫ,
Мақтаарал ауданы,
Түркістан облысы