Түркияның Қазақстандағы елшісі Невзат Уянык Түркияның Демократия және ұлттық бірлік күніне орай қазақстандық БАҚ өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізді. Есте болса, 2016 жылғы 15 шілдеде Түркияда Фетуллах лаңкестік ұйымы (ФЕТӨ) төңкеріс ұйымдастырып, ел іші алатайдай бүлінген еді. Содан бері өткен үш жылда Түркия билігі үшін ФЕТӨ-мен күрес негізгі басымдыққа айналды. Елшінің айтуынша, көптеген елдер мен халықаралық ұйымдар ФЕТӨ-ні лаңкестік ұйым деп жариялады.
– «Білім қозғалысының» артына жасырынып өздері ашқан оқуларда жастардың санасын улап, мемлекеттің барлық мекемелеріне кіріп алған ФЕТӨ күш қолдана отырып, заңға қайшы тәсілдермен 2016 жылғы 15 шілдеде заңды үкіметті құлатып, еліміздегі демократиялық режимді жоюды көздеді. Сол күні Мәжілісіміз, Президенттік әкімшілік ғимараты, Ұлттық барлау қызметі ғимараты, Гөлбашындағы Полицияның арнайы операциялар орталығы, ішкі істер бөлімшелеріміздің ғимараттары бомбаланды. Қарапайым халықты танкілер басып, жоғарыдан бомбалар тасталып, тікұшақтар оқ боратты. Гөлбашындағы Арнайы операциялар орталығын әскери ұшақтар бомбалады, салдарынан шейіт болған 51 полиция қызметкерінің мүрделері табылмады. Сол түні 251 азаматымыз қаза тауып, 2 195 кісі жараланды, – деді елші баспасөз мәслихатында.
Содан бері Түркия ФЕТӨ-мен күресті күшейтті. Елшінің айтуынша, елдегі ерекше қауіпсіздік шараларына қарамастан, ФЕТӨ-мен ел ішіндегі күрес заңның үстемдігі, негізгі құқықтар мен азаматтық еркіндіктердің сақталу принциптеріне сүйене отырып жүргізіледі. Ал шетелдердегі ФЕТӨ құрылымдарымен күрес Түркия Сыртқы істер министрлігінің күн тәртібінің ең маңызды бөлігі. Невзат Уянык мырза осы мақсатта жүргізген жұмыстарын атап берді.
– Біздің жұмысымыздың негізгі өзегі – ФЕТӨ-нің қызмет атқаратын басқа елдерге де, шын мәнінде, қауіп төндіруі мүмкін екенін анықтау. Осы орайда 1990 жылдардан бастап ФЕТӨ тарай бастаған басқа елдерде де Түркиядағыдай құрылыммен өздеріне саяси және экономикалық ықпал ету алаңдарын орнатуды көздегені, осыған сәйкес өздері тұрып жатқан елдің заңдарын белден басудан тайынбағандары, құдды бір барлау ұйымы сияқты қызмет атқарғаны дәлелдермен баса көрсетілді. Сонымен қоса, ФЕТӨ-нің шетелдегі әрекет алаңдарын шектеу, ұйым мүшелерінің заңнан жалтаруы мен ақша трансферлерінің алдын алу мақсатында әкімшілік шаралар мен құқықтық процестер де іске қосылды. ФЕТӨ-нің шетелдегі құрылымдарының басшыларына қатысты Түркияда басталған тергеу жұмыстары аясында оларды тұрып жатқан елдерден қайтарып алу туралы талап хаттар жолданды. Әсіресе, білім саласында ФЕТӨ-ге қарсы жасалған қадамдардың басқаларға қиянат келтірмеуі мақсатымен Түркия Маариф қоры әлемнің түкпір-түкпірінде ерекше жұмыс істеп жатыр. Қазіргі күні 22 елде ФЕТӨ-мен байланысы бар мектептер жабылды. Түркия Маариф қоры 19 елде ФЕТӨ-мен байланысы бар мектептерді өз қорына аударып алып, білім бере бастады. 15 елде жаңадан 70 мектеп ашты. Қор атына аударылып алынған жаңа мектептерде шамамен 30 мың оқушы білім алады, – деді елші.
Оның айтуынша, көптеген елдер мен халықаралық ұйымдар ФЕТӨ-ні лаңкестік ұйым деп жариялады. Мәселен, Қазақстан да мүшесі болып саналатын Ислам ынтымақтастық ұйымы (ИЫҰ) 2016 жылғы 19 қазанда өткен ИЫҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің 43-отырысында ФЕТӨ лаңкестік ұйым деп танылды; 2017 жылы 27 қаңтарда ИЫҰ Парламентерлер одағының 12 конференциясында да бұл шешім расталды. Қазақстан да мүшесі саналатын Азия парламентерлер ассамблеясы тарапынан 2016 жылғы 1 желтоқсанда осыған ұқсас шешім қабылданды; Солтүстік Кипр Түрік Республикасымен қоса Пәкістан Жоғарғы соты да 2018 жылғы 28 желтоқсанда шешім қабылдап, ФЕТӨ-ні лаңкестік ұйым деп таныған.
– Осы орайда Батыстың, әсіресе, Ұлыбританияның 15 шілде әрекетін ФЕТӨ жоспарлаушы деген мәлімдемелері өте маңызды. 2017 жылғы шілде айында түрік БАҚ-тарына сұхбат берген сол кезеңдегі Ұлыбританияның Түркиядағы елшісі Ричард Мур 15 шілдедегі төңкеріс әрекетінің артында ФЕТӨ-нің тұрғаны туралы жақсы білетінін айтты. Сондай-ақ Англия Парламенті 2017 жылғы наурызда жариялаған рапортта Ұлыбритания Біріккен Корольдігі Сыртқы істер министрлігінде Еуропа істері жөніндегі министр Алан Дункан «15 шілдені ФЕТӨ ұйымдастырды ма?» деген сұраққа «айтарлықтай дәрежеде «иә» деп жауап беруге болады» деп жауап берді. Дункан, сондай-ақ ФЕТӨ-нің мемлекеттік ұйымдар мен мекемелерге еніп алуына қатысты пікірін «Бір топ адам мемлекет ішінде мемлекет құрып, яғни үй ішінен үй тігіп, оны құлату үшін үкіметке ашық және жүйелі түрде кіріп алған деп баяндады. Күні кешеге дейін бұл шындықты мойындамай, Түркия мен әлемнің түрлі аймақтарынан қашқан ФЕТӨ мүшелеріне есіктерін ашқан кейбір елдердің өзінің де бұл қауіп-қатердің байыбына тереңдеп бара бастағаны байқалады, – дейді ол.
Елші мырза бұл сөзіне Der Spiegel журналының 2018 жылғы маусым айындағы санында жарияланған мақалада ФЕТӨ жақтастарының ондаған жылдар бойы мемлекеттік ұйымдарға, әсіресе, ішкі істер органдары мен сот органдарына еніп алғандары туралы тақырыпта ойларының бір жерден шығатыны жазылған, ұйымның ішінде қатал сақталатын иерархия құрылымы бар екені көрсетілген. Сондай-ақ Германия Сыртқы істер министрлігі «Анадолы» ақпарат агенттігінің тақырыпқа қатысты сұрағына «қолымыздағы бар мағлұматқа сүйенсек, Гүлен әрекетінің мүшелері Түркиядағы төңкеріс әрекетіне қатыспады деп айта алмаймыз» деп жауап берді.
ФЕТӨ-нің АҚШ-тағы құрылымын да FBI-дің бақылауға алғанын айта кету керек. Үшінші елдерде ФЕТӨ-ге қарсы пайда болған түсінік аясында ұйым мүшелері депортацияланды. Үшінші елдерге депортацияланғандармен қоса 20-дан астам елден 110-нан астам ФЕТӨ мүшесін Түркияға ұстап берді.Содан бері Түркия ФЕТӨ-мен күресті күшейтті. Елшінің айтуынша, елдегі ерекше қауіпсіздік шараларына қарамастан, ФЕТӨ-мен ел ішіндегі күрес заңның үстемдігі, негізгі құқықтар мен азаматтық еркіндіктердің сақталу принциптеріне сүйене отырып жүргізіледі.
– ФЕТӨ лаңкестік ұйымының опасыз төңкеріс әрекетінен кейін Президент деңгейінде елімізге алғаш болып сапарлай келген тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев болатын. Түрік халқы аса мәртебелі Елбасы Назарбаевтың көшбасшылығымен дос және бауырлас Қазақстан көрсеткен осы қолдауды ешқашан ұмытпайды! – деген елші ФЕТӨ-мен күрестің күшейтілуі туралы Қазақстанның тиісті мекемелерімен байланыс жалғасып жатқанын айтты.
Баспасөз мәслихатынан кейін Түркияның Қазақстандағы елшілігі мен Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы ұйымдастырған «15 шілде – Демократия және ұлттық бірлік күні» атты іс-шара өтті. Бұл жиынға еліміздегі дипмиссия өкілдері мен елшілік қызметкерлері қатысты. Төңкеріс кезінде қаза тапқандар рухына бағыштап құран оқылды. Жиынға келгендер қазақ болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Юнус Эмре түрік мәдениет орталығында түрік тілін үйренушілері – Әйгерім Тален мен Айгүл Диxанбаева 15 шілде туралы өлеңдерін оқыды. Елшілік атаулы күнге келген қонақтар назарына Фетуллах Гүленнің лаңкестік ұйымының бейнесін сипаттайтын The Network атты деректі фильмді ұсынды. Айта кетейік, белгілі британдық журналист Эндрю Уилсон TRT World телекомпаниясы үшін түсірген фильм елшілік ғимаратында 19 шілдеге дейін көрсетіледі. Бұл күні 2016 жылдың 15 шілдесі күнгі саяси һәм тарихи оқиға кезінде түсірілген суреттерден жасақталған фотокөрме ұйымдастырылды.