Виктория ТРЕГУБОВА: Орыстың қазақ қызымын
Виктория ТРЕГУБОВА: Орыстың қазақ қызымын
5,386
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп оқушысы Ләйлім Ерланқызынан қабылдап, көпшілікке жолдаған хакім Абайдың 175 жылдығына арналған ақын өлеңдерін оқу эстафетасына Қазақстан халқы Ассамблеясы қызу қолдау білдіруде.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасының орынбасары Ж.Түймебаевтың тапсырмасымен барлық өңірдегі этно-мәдени бірлестіктер бірден атсалысып, жұмыла жалғастырып әкетті.
Қатысушылардың арасынан Тараз қаласының тұрғыны Виктория Вячеславовна Трегубова Абай Құнанбаевтың «Өлең – сөздің патшасы» өлеңін оқып, көпшілік көзайымына айналды. Әлеуметтік желіде жоғары танымалдыққа ие болып, ҚХА Баспасөз қызметі таратқан бейнежазбаға 1500-ге жуық репост жасалып, көрушілер саны 65 мыңнан асты.
Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Тыныштықбек Әбдікәкімұлы, ақын, «Платиналы тарлан» сыйлығының иегері Исраил Сапарбай, көрнекті күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанғали Жүзбаев, кинорежиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сатыбалды Нарымбетов, дүлділ әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Рысқали және басқа ақын-жазушылар мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ әлеуметтік желі қолданушылары Викторияға қазақ тіліне деген құрметі үшін ерекше алғыс айтып, зор ризашылығын білдірді.
Осы орайда кейіпкерімізбен жақынырақ таныстыра кетсек: Виктория Вячеславовна Трегубова – 1998 жылы 1 маусымда Ресей Федерациясы, Ульяновск облысында дүниеге келген. 2000 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ұланбел ауылына қоныс аударған. М.Әуезов атындағы орта мектепті бітірген. 2015-2019 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
Қазіргі кезде Тараз қаласында тұрады, қаңтар айынан бастап Жамбыл облыстық телеарнасының «Tuski time» бағдарламасының тәлімгер-жүргізушісі. Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы «Раданеж» орыстар қоғамы бірлестігінің мүшесі және ҚХА Жаңғыру жолы жастар қозғалысының белсендісі.
– Отбасында екі ағайындымыз. Өзімнен үш жас үлкен ағам Владислав та қазақ мектебін бітірген, қазақ тілінде еркін сөйлейді. Анам Светлана Степановна – метеоролог, әкем Вячеслав Александрович Жамбыл облыстық обаға қарсы күрес станциясының қызметкері. Нағашы жұртым – Жамбыл облысынан, анам Ұланбел ауылында туып-өскен. Ресейге қыдырып барып, әкеммен танысып, екеуі шаңырақ көтерген. Арада 6-7 жыл өткенде анам әкеме туып-өскен жерін көрсетпекші болып, екі баласымен төркініне қыдырып келеді. Әкеме Қазақстанның ұнағаны соншалық, біз Ресейге қайта оралмадық.
Ауылда бір ғана қазақ мектебі болғандықтан, үйдегілер бізді амал жоқтығынан сол білім ошағының партасына отырғызған болар. Бірақ біз қазір мемлекеттік тілді жоғары деңгейде білетініміз үшін мақтанамыз. Қазақы ортада тәрбиеленуіме мүмкіндік жасаған әке-шешеме мың алғыс айтамын. Өзімді көпшілікке орыстың қазақ қызымын деп таныстырамын, – дейді Виктория Трегубова.

https://youtu.be/oLGYw925GC4