Жамбылдық дәрігерлердің алған үстемақысы «жоғары жақтағылардың» қалтасына кетті ме?
Жамбылдық дәрігерлердің алған үстемақысы «жоғары жақтағылардың» қалтасына кетті ме?
5,373
оқылды
Жамбыл облысы Жуалы ауданынан шу шықты. Аудандық ауруханаға қарасты емхананың рентген-лаборант маманы Фарида Жанбатырова елді мекендегі емханада орын алып жатқан біраз былықты жайып салды. Оның сөзіне сүйенсек, коронавирус кеселімен күресте маңдай терімен тапқан ақшаларын басшылық тарап қайтарып беруін талап етіп жатқан көрінеді. Жалпы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына жолданған видеоүндеуге келсек, Фарида Қанатбекқызы әлемдік пандемия басталған тұста Жуалы ауданына қарасты 1 блок-поста жұмыс атқарғанын айтады. Алдыңғы шептегі адал еңбегі үшін сәуір айында айлығына қосымша 160 мың теңге түскен екен. Алайда емхана басшылары аталған соманың 39 мың теңгесін жинап беруді талап етіпті. Оның себебін сұрағанда «жоғары жақтан келген тапсырма солай» деп түсіндірілген көрінеді. Содан амал жоқ блок-постта болған мамандардың барлығы бала-шағасының аузынан жырып, 39 мың теңгеден жинап беруге мәжбүр болған. Басшылардың басынуы мұнымен бітсе, мақұл-ақ. Алайда бас дәрігердің орынбасары мамыр айына түскен қосымша 200 мың теңге көлеміндегі үстеме ақыдан да 150 мың теңгеден жинап беруді талап еткен. Бұл жолы бұға беруден бас тартқан Фарида Қанатбекқызын 26 маусым күні блок-посттағы қызметінен алып тастаған. Осыған байланысты ақ халатты жан Президенттен араша сұрап, тексеру тобын жіберуді өтінген. https://youtu.be/mzW7fMYu3jE Виедоүндеу әлеуметтік желіде жарияланған бойы бұқара арасында әртүрлі пікір айтылды. Біреулер шағымданушының сөзін қолдаса, екіншілер «қит етсе болды, Президентке видео жолдауды әдетке айналдырды» деп дәрігерлердің мұндай тірлігін құнттамағандар да болды. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы: «Жанбатырова Фарида рентген-лобарант Жуалы ауданына қарасты 1-блок постта нақты жұмыс атқарған 16 сағатына айлығына тиісті 19540 теңге үстемақы тағайындалған, ал мамыр айында аурухананың тәуліктік фильтр бөлімшесінде нақты 144 сағат атқарған жұмысы үшін 200000 тенге үстемақы алған. Арызында айтатындай, басшылардың ақша жинау фактісі жақын күнде тексеріліп, анықталатын болады. Қорытындысы тексеруден соң беріледі», – деп әлеуметтік желі парақшасында қысқа қайырды. Соңғы мәлімет бойынша қазір Жуалы ауданында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мамандары тексеру жұмыстарын жүргізуде. Бейресми мәліметке сүйенсек, шағымданушылар мен куәгерлерден түсініктеме алынып, арыздары тексерілу үстінде екен. Егер аудандық емхана басшыларының сыбайлас жемқорлыққа жол бергені дәлелденсе, бұның арты жақсылыққа апармайтыны анық. Жуалыдағы жанайқай облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловқа да оңай тимейтін секілді. Себебі бұл өңір дәрігерлерінің бірінші мәрте бас көтеруі емес. Естеріңізде болса, Меркі ауданынан шыққан шуды шенділер бас дәрігерді қызметінен босатып жатып, әрең басқан болатын. Бұл жолы да Жуалы аудандық емхананың басшысын қызметінен кетіріп, билік медицина мамандарын тыныштандыра алар ма екен? Әлде, Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев екі ай бұрын «сол» қалтасына салып қойған, Жұманқұловтың жазасын осы жолы шығара ма?

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.