Бизнестің беделі әлеуметтің әл-ауқатына байланысты
Бизнестің беделі әлеуметтің әл-ауқатына байланысты
405
оқылды

Кәсіпкерлер халықты ойлап, қайтсем де сапалы қызмет көрсетіп, пайдамды тигізем деп мақсат еткен кезде ғана бизнесі өркендеп, табысы артады. Басты құндылық деп қаржыны емес, тұтынушыны санайтын сана қалыптасқанда ел де, кәсіп те көркейеді. Осыдан-ақ әлеуметтік әріптестік жүйесін дамыту қажет екенін ұғуға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаментінің директоры Бағлан Жалпошевпен аталған тақырыпта сұхбаттасқан едік.

– Бүгінде әлеуметтік әріп­тестік жүйесінің даму қарқыны қандай?

– Өзіңіз білетіндей, Елбасы қазандағы Жолдауында және Үкіметтің кеңейтілген отыры­сының қорытындысы бойынша халықтың кірісі мен өмір сүру сапасы мемлекеттің басты кри­терийі болатынын және әр ми­нистр мен әкімнің жұмысы дәл осы параметрлер бойынша бағаланатынын атап өткен бола­тын. Осы тұрғыда әлеуметтік әріптестік жүйесін дамытудың рөлі аса маңызды. Әлемнің да­мыған елдеріндегі экономикалық жағдайдың талдауына сүйенсек, олардың кәсіпорындарында әлеуметтік саясат бірнеше он жылдан бері экономикалық қа­жеттілік болғанын көрсетеді. Ұлыбританияда әлеуметтік жа­уапкершілік – ең жылдам өсіп келе жатқан экономиканың бір секторы. Әлеуметтік кәсіпо­рын­дар халықтың миллионнан астам әлеуметтік осал тобына жұмыс береді, олардың елдің эконо­ми­касына салатын ақшасы жылына 20 миллиард фунтты құрайды.

Посткеңестік кеңістікте Қа­зақстан алғашқылардың бірі бо­лып әлеуметтік әріптестікті да­мыта бастады. Айталық, 2008 жылы Жезқазғанда биз­нестің әлеуметтік жауапкершілі­гі жайлы бірінші форум өтті. Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев осы тақырыпты бірінші рет көтеріп, елдегі кәсіпорындардың әлеуметтік жауапкершілігін қалыптастыру бойынша бірқа­тар тапсырмалар берді. Ол кә­сіпо­рындар үшін жұмыскер­лер­дің құқығы мен еңбек кодексін сақ­тайтын ұжымдық шарт жа­са­суды, жаңа жұмыс орындарын құруды, жұмыскерлерге белгі­лен­ген мөлшерден жоғары әлеу­меттік пакет беруді, сондай-ақ құрылысқа және әлеу­меттік ин­фрақұрылым объектілерін қайта жаңғыртуға бағытталған қа­йырымдылық жобаларды, ха­лықтың әлеуметтік осал тобына қолдау көрсету дегенді білдіреді.

Қазіргі таңда республикада әлеуметтік әріптестік институты белсенді әрекет етеді. Үкімет пен жұмысшылар мен жұмыс беру­шілердің республикалық бір­лестігі арасында бас келісім, 22 салалық және әлеуметтік әріптестік бойынша 200-ден астам өңірлік келісім бар. 96,5% ірі және орта және 39,6% шағын бизнес кәсіпорындарының жұмыскерлер үшін қосымша әлеуметтік пакет қарастырылған ұжымдық шартпен қамтылған. 2018 жылы мемлекет пен жеке компаниялар арасында Қазақ­стан бойынша әлеуметтік жо­баларды іске асыру жөнінде жалпы сомасы 89,8 миллиард теңге болатын 731 меморандум жасалған. Меморандумдар шең­берінде кәсіпорындар 292 әлеу­меттік объект салып берген. Қайырымдылыққа және демеу­шілікке 3 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған.

Сондай-ақ 2019-2021 жылдар аралығында мерзімде жеке кә­сіп­керлік субъектілері есебінен 1 772 отбасын баспанамен қамту жоспарланып отыр. Осы жыл­дың 1 шілдесіне дейін – 1 910 пә­тер, оның 491-і жұмыс берушілер тарапынан берілген.

– Әлеуметтік жауапкершілік танытқан кәсіпорындар нақты қандай жұмыстар атқарды? Осы жөнінде айта кетсеңіз.

– Осы жылы «Қазақмыс» ЖШС-мен меморандумға қол қойылып, оның шеңберінде ондаған көпбалалы отбасы пәтерлі болды. 2019 жылдың соңына дейін «Қазақмысқа» тағы 110 көпбалалы отбасын баспанамен қамту жүктелді. Қызылорда облысының Бәй­терек шағынауданында «Бала Мекен» жобасы аясында 100 көп­балалы отбасы баспана кілтіне ие болды. Жобаны Қызылорда облысының әкімдігі және осы мақсатта 450 миллион теңге бөлген Болат Өтемұратов қоры жүзеге асырды. «Самұрық-Қа­зына» ҰӘҚ» АҚ-мен меморан­думға қол қойылып, оның шең­берінде шалғайдағы мекендердің кемінде 60 000 тұрғынына медициналық көмек, «бала кез­ден церебралды сал» диаг­нозы бар кемінде 1 500 балаға меди­циналық оңалту, Қазақстанда емделмейтін сырқаты бар ке­мінде 100 баланы шетелде емдету және т.б. жүзеге асырылады.

– Мемлекет әлеуметтік кә­сіпо­рындарды қалай көтерме­лейді?

– Қазақстандағы әлеумет­тік кәсіпкерлік құралдарының бірі – 2008 жылы Елбасы бе­кіткен бизнестің әлеуметтік жа­уапкершілігі жөніндегі «Парыз» конкурсы. 2018 жылы 11 жел­тоқсанда еліміздің мәртебелі ма­рапатының бірі болып сана­латын есеп бойынша 11-мара­паттау рәсімі өткізілді. Оның ұйымдастырушылары Энер­гетика министрлігімен бірлесіп Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Кәсіподақтар федерациясы, облыстардың және Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қала­ларының әкімдіктері болды. Осы жылдар ішінде конкурсқа елі­міздің барлық өңірінен 5 мыңнан астам (5 036) компания қатысқан. Ал олардың лауреат атанғаны – 284. Соның ішінде 134 – ірі кә­сіпкерлік, 150 – шағын және орта кәсіпорын субъектілері.

– Бағы жанған байқау жеңім­паздары туралы не айта аласыз?

– 2018 жылы республикалық комиссияның шешімімен «Па­рыз» конкурсының гран-при жүлдесіне «Қазцинк» ЖШС ком­паниясы лайық деп танылды. Жоғарғы жүлдені Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев тапсырды. Не­ліктен осы кәсіпорынға бірін­ші жүлде берілді? Себебі, ол әлеуметтік қажеттіліктер үшін қомақты қаржы бөлген, ал ол конкурстың ең маңызды кри­терийлерінің бірі еді. Айталық, 2017 жылы «Қазцинк» қайырым­дылыққа 11 миллиард теңге бөлген. Оның ішінде өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет объектілерін, дәстүрлі дінді (мешіт, шіркеу, синагога) қолдау, аз қамтылған азаматтарға қайырымдылық көмек, балалар үйіне және интернаттарға де­меу­шілік көмек көрсету бар. 1 қыз­меткерді оқытуға, кәсіби да­йындауға, қайта даярлауға және біліктілігін арттыруға ке­тетін шығын – 428,5 мың теңгені, 1 қызметкердің еңбегінің қор­ғалуына және қауіпсіздігіне ке­тетін шығын – 483 мың теңгені құраған. Керемет емес пе?

– Демек, әлеуметтік функ­ция­ларды мемлекет қана емес, кә­сіпкерлер де орындауға құлықты болып отыр десек бола ма?

– Расында, аталған қызметті дәстүрлі түрде тек мемлекет орындаған кездер болды. Бизнес салық төледі, ал мемлекет олар­дың белгілі бір бөлігін әлеуметтік қажеттіліктерге жұмсап отырды. Алайда соңғы 10 жылда жағдай өзгерді, кәсіпорындардағы әлеу­меттік саясат экономикалық қажеттілік бола бастады. Бизнес иелері компанияның басты ка­питалы – адам екенін түсінеді. Осылайша, қызметкерлеріне қамқорлық жасай бастайды, содан кейін олардың қамқор­лығы халықтың түрлі тобына және экологиялық пробле­ма­лардың шешілуіне ықпал етеді.

Конкурс лауреаттарына жар­намалық мақсатта үш жыл бойы конкурс эмблемаларын қол­дану құқығы беріледі, ал ол – биз­нестің одан ары дамуының ке­пілі. Кез келген тұтынушы тауар­лардың үлкен жинағынан ұқсас тауарлар мен қызметтерді таңдай отырып, сатып аларда мәңгілік құндылықтарды – мейірім, қам­қорлық, достық пен махаб­батты еске салатын өнімдерді алуға тырысады. Тұтынушының ком­панияны дәл осылай қабылдауы бизнестің әлеуметтік жауап­кер­шілігін қалыптас­тырады.

Осы жағдайды пайдалана отырып, барлық кәсіпкерлерді көпбалалы аналарға, аз қамтыл­ған азаматтарға, олардың әлеу­меттік проблемаларын шешуге жүйелі түрде көмек көрсетуге шақырғым келеді.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Айша ЕРСҰЛТАН