Энергия үнемдеу – экономикалық табыстың кепілі
Энергия үнемдеу –  экономикалық табыстың кепілі
567
оқылды

«ҚазТрансОйл» АҚ мұнай құбыры бағыттары бойынша мұнай және мұнай қоспаларын тасы­малдауда энергия үнем­деуді ғылыми-техникалық қамтамасыз ету» жұмысы 2019 жылғы әл-Фараби атындағы ғылым және техника саласындағы Қазақстан Республика­сының мемлекеттік сыйлығының алдын ала іріктеуінен сәтті өтті.

«Ақпараттық, телекомму­ни­кациялық және ғарыштық тех­нологиялар, жаратылыстану ғы­лымдары саласындағы ғылы­ми зерттеулер» бағыты бойынша жұмыстар жүргізіп, отандық ға­лымдар «ҚазТрансОйл» АҚ (бұдан әрі – ҚТО) базасында тез қататын және жоғары тұтқырлы мұнайды тасымалдауда есептеу, жоспарлау және оңтайландыру жүйесін құрды және өндіріске енгізді.

Инновациялық технология ҚТО-ға әлеуметтік-экономи­калық басым мәселелерді ше­шумен бірге, ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабі­леттілікті арттыруын қамта­масыз етті.

Сәтбаев университетінің ға­лымдары – Бейсембетов Е.Қ., Бекібаев Т.Т., Жапбасбаев Ұ.Қ., Кенжалиев Б.К. және «Қаз­Транс­Ойл» АҚ-ның маманда­ры – Е.Махмотов, Б.К.Саяхов мұнай құбырлары арқылы та­сымалдауда цифрлық техноло­гияның табысты қолдануын көрсетті.

Мұнайды тасымалдауда цифрлық технологияның тар­тымдылығы неде? Әрине, энер­гияны үнемдеуде. Энергия үнем­деу құбырмен тасымалдау саласында мұнай кешенінің ма­ңызды міндеттерінің бірі. Мұ­найды құбырмен тасымалдау – кешенді энергети­калық жүйе.

Қазақстанның тұтқырлығы жоғары, тез қататын мұнай және мұнай қоспаларын тасымал­дау­дың экономикасының тиім­ділігі негізінен мұнайды тасы­малдау мен қыздыруға кететін энер­гия­ның шығынына бай­ланысты.

Ғалымдар мұнай қоспаларын тасымалдау мен жылытудың шығыны бірінші кезекте сорғы қондырғылары мен жылу пеш­терінің жұмысының шығыны екенін анықтады. Өз кезегінде бұл жабдықтардың энергияны тұтынуы магистральдық құ­быр­дағы жылу-гидравликалық сипаттамаларының және мұнай қоспасының технологиялық режимдерінің оңтайлы жағдай­ларын анықтаумен тікелей бай­ланыстылығы көрсетілді.

Жұмыстың теориялық бөлі­гінде авторлар жоғарыда көр­се­тілген тасымалдаулардың жы­лу-гидравликалық есептері үшін ма­тематикалық модельдер мен әдіс­терді анықтады. Мұ­найдың жы­лыту температурасын анық­тау жә­не бірнеше мұнай айдау стан­са­лары мен жылыту бекет­тері бар ма­гистральды мұ­най құ­быр­ла­рын­да мұнай қос­пасын айдауда энер­гия­ны үнем­деуді оңтай­лан­ды­ру кри­терийі мен алгоритмдері құрылды.

Жұмыстың қолданбалы бө­лі­гінде ғалымдар SmartTran инновациялық бағдарламалық жасақтаманы әзірледі. Олар SmartTran мен «ҚазТрансОйл» АҚ-ның БДБЖ (бақылау-дис­петчерлік басқару жүйесі) және ЭЭКЕАЖ (электр энергияны комерциялық есептеудің авто­матты жүйесі) ақпараттық жү­йелерімен біріктіру арқылы цифрлық технологияны құрды.

SmartTran бағдарламалық модульдері БДБЖ жүйесімен бірге сорғылар мен жылу пеш­терінің көрсеткіштер өзгеріс­терін, бүкіл магистральды мұнай құбыры бойынша жы­лугидрав­ликалық сипат­та­ма­ларын және топырақтың жылу өткізгіштігін анықтауға мүм­кіндік берді.

Жұмыста мұнай мен мұнай қоспаларын тасымалдаудың келесі экономикалық тиімділік­тері көрсетілген:

– депрессорлық қоспалар­мен тасымалдауды сорғылардың энергия үнемдеу режимдерін анықтау;

– «ыстық» тасымалдаудың энер­гия үнемдеу режимдерін анықтау;

– тез қататын және жоғары тұтқырлы мұнай қоспаларын тасымалдаудың дәйекті режим­дерінің энергия үнемдеу режим­дерін анықтау;

– ҚТО мұнай құбыры бағы­тын­дағы тасымалдаудың энер­гия үнемдеу режимдерін анық­тау.

Жұмыста алынған нәтиже­лердің халықаралық деңгейін Web of Science, Scopus және РИНЦ дерекқорларына кіретін шетелдік журналдарда шыққан мақалалар растайды.

Жұмыста келтірілген және практикада бекітілген нәтиже­лер осы авторлар 2019 жылы әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығына ие болуына лайықты деп санаймын.

 

Мақтағали БЕКТЕМІСОВ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің
бірінші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор