Шіліңгір шілденің ыстығында елордадан түс қайта шыққан көлігіміз, қас қарая Қарқаралы тауларының баурайына жетті. Шеті көрінбес Арқа төсінің қай бағытына қарасаң да көзің тояды. Алдымыздан көрінген тау баурайындағы жасыл желекті мекен көңілге қуаныш сыйлады. Қарқаралы – талай қазақтың басын қосқан, қаншама жұртқа пана болған, тоғыз жолдың торабында орналасқан мекен. Бұл өлкеде әйгілі Қоянды жәрмеңкесі өткен. Тарихты қопарып, тізбектей берсек, түбіне жетпеспіз. Біз Қарқаралының бүгінін айтайық.
Жолдың жайы осындай...Облыс орталығы Қарағандыдан 210 шықырым қашықтықта жатқан қалаға тек көлікпен жете аласыз. Жолдың жайын айтып, жүректеріңізді ауыртпай-ақ қояйын. Орташадан біршама төмен. Ал Қарқаралыдан ары қарай ауылдарға не демалыс орындарына баратын жолды сүрлеу десе де болады. Жә, бұл болашақта жөнделер. Қарқаралы табиғи паркінің аумағында ондаған демалыс орыны бар. Жаз кезінде баға өсетін көрінеді. Дегенмен Қазақстанның басқа жерлерімен салыстырғанда, баға тұрақты. Кісі басына шамамен 2-5 мыңнан бастап 20 мыңға дейін төлейсіз. Жергілікті тұрғындар қонақтарға қызмет көрсету арқылы пұлын айырады. Сонымен қатар мал шаруашылығы жақсы дамыған.
Қарқаралыдан 25 шақырымдай жерде, кезінде аты дүрілдеген Қарағайлы қалашығы бар. Заманында 10 мың адам тұрса, бүгінде 2-3 мыңның айналасында ғана. Елдімекенге кіре берісте қаңыраған 5 қабатты үйлерді көріп, кезіндегі Қаратау, Жаңатас секілді моноқалалардың жағдайына ұқсаттық. Бұл шағын шаһар да тәуелсіздіктің бастапқы жылдары қиыншылыққа тап болып, кейін есін әрең жинағанға ұқсайды. Бүгінде мұнда кен байыту комбинаты жұмыс істейді. Ел табыс көзін осы мекемемен байланыстырады. Дей тұрғанмен, маңайдағы зерттелген кен орындарының қоры түгесіле бастаса керек, ертеңін ойлаған ел көшіп кетуден тайынбайтынын жеткізуде. Кезінде моноқалаларды қайта қалпына келтіріп, өндірістік әлеуетін арттыруды Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке тапсырғаны есімізде. Артынша бағдарлама қабылданып, Кентау, Хромтау секілді ондаған қалаға қайта жан біткен болатын. Ал Қарағайлының болашағы өндіріс орындарының жұмыс істеуіне байланысты, сондықтан пайдалы қазбалар қоры таусылса, шағын шаһардың келешегінен үміт кетеді.
Алайда «Қазақмыс» холдингіне тиесілі «Қазақмыс Барлау» компаниясы осы төңіректен 15 шақырымдай қашықтықта орналасқан «Озерное» учаскесінде мыстың мол қорын іздестіріп, барлау жұмыстарын бастап кетті. Егер мыс табылса, онда тек Қарағайлының жағдайы емес, түгел ауданның тіршілігіне жан бітеді. Нұр-Сұлтан мен Алматыдан журналистерді шақырып, инновациялық геофизикалық технологиялардың көмегімен жер қойнауында елдің игілігіне жарайтын пайдалы кеніштің бар-жоғын анықтайтын құрылғылармен таныстырды. Қазақстанда бұрын пайдаланып көрмеген жаңа технологиялар дрон мен ұшу аппараттарының көмегіне жүгініп, аэромагниттік түсірілімдер жасайды.
https://youtu.be/ALcLi45FePAМұндай тәсілді Канадалық Abitibi Geophysics компаниясы ұсынды. Бұл компанияның біздің елдегі, тіпті түгел ТМД жұртшылығындағы ресми серіктесі Nomad Geo Service мекемесі тұтастай қазақстандық мамандардан құралған. Ore Vision IP әдістемесі бойынша дипольдік электр барлау арқылы зондтау технологиясы дүниежүзінің басқа елдерінде кеңінен қолдануда. Қарапайым тілмен айтсақ, 500-600 метрге дейінгі тереңдікте жатқан қазбаны әуеден түсіріп-ақ анықтауға болады. Тек қана пайдалы қазбаны емес, сонымен қатар жерасты суларының да көлемін анықтай алады. Бұл тәсіл алдыңғы қолданылған дәстүрлі барлау жүйесінен 2 есе тиімді әрі уақытты 2-3 есе үнемдейтін көрінеді.
Ғалым Нұржанов
– Жаз – геологиялық жұмыстарды атқаруға таптырмайтын мезгіл. Сондықтан азғантай уақытты тиімді пайдаланып, минералды шикізаттың қорын іздестіруді қолға алып жатырмыз. Мына тұрған «Озерное» учаскесінде 400 мың тоннадан астам мыс бар деп болжаудамыз. Ал мына технологиялардың көмегімен одан да көп мөлшерде қазба іздестіруді көздейміз, – дейді «Қазақмыс Барлау» компаниясының басшысы Ғалым Нұржанов. – Технология өзге елдікі болғанымен, оны толықтай қазақстандық мамандар іске асырып жатыр. Осында еңбек етіп жүрген жастардың басым бөлігі – еліміздің жоғары оқу орындарының түлектері. Алдыңғы жылдары Канадаға, Испанияға барып, тәжірибе жинақтап қайттық.
Рас, даладағы қиын да күрделі жұмысты отандық геофизиктер атқарып жүр. Аптап күннің астында алтынға пара-пар металды іздестіру оңайға соқпайды. Үш тілді еркін меңгерген білікті мамандарымызды қыруар қаржы төлеп шетелге де шақырып жатыр екен.
Егер технология мыстың барын анықтаса, ары қарай бұрғылау жұмыстары басталады. Нақты мәліметтер қолға тиген соң бұл ара үлкен кенішке айналады екен. Иен дала болғанымен иесіз болмайды дегендей, бұл ара Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына жата ма деген қаупімізге «жоқ» деген жауап алдық. Компания өкілдері экологиялық зардаптарды болдырмау үшін барлық іс-шара қолданатынын, егер тұмса табиғат қорғалған аймақта болса, түртпейтіндіктерін жеткізді. Қазақтың кең жерімен кім не істесе де, оның қараусыз емес екенін түсініп, халықтың игілігіне жұмсай білгені абзал.
Айтпақшы, Қарқаралыда 1851 жылы тұрғызылған Құнанбай қажы мешітіне кіріп шықтық. Ағаштан құрастырылған сәулет өнерінің архитектурасы алыстан көз баурайды. «Абай жолын» оқыған азаматтар бұл мешіттің тарихын жақсы біледі. 19 ғасырдың орта шебінде аға-сұлтан Құнанбай бұл өңірге сан мәрте келіп, елдегі даулы мәселелердің түйінін тарқатқан. Ұлы Абайды да жиі ертіп, игі жақсыларымен кездестіріп, ел аралатқан. Міне соның құрметіне биыл көктемде аудан әкімі Н.Мақсұтовтың идеясымен мүсінші Т.Байоразов пен К.Қосантаев қолынан туындаған Құнанбай Өскенбайұлы мен бала Абайдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Рухани азық іздеп, тарихын тануға ұмтылған пенде үшін де, ел аралап жүрген турист үшін де бұл үлкен жәдігер.