Қарқаралы мен Қарағайлы сұсты мекеннен мысты мекенге айналса...

Қарқаралы мен Қарағайлы сұсты мекеннен мысты мекенге айналса...

Қазақтың кең сахара­сының тағы бір пұшпағын көрудің сәті түсті. Бұл жолы Сарыарқаның алтын тәжі Қарқаралыға бардық. Мұн­дай мүмкіндікті «Қазақ­мыс Барлау» компаниясы сыйлап, таңғажайып таби­ға­тымен тамсандырған өңір­ді аралатып, сонымен қатар бұл аймақтан мыстың мол қорын іздеп жатқанын көрсетті. Жай ғана іздеп жатқан жоқ, жаңа техноло­гиялардың көмегімен аз уақыттың ішінде барлау жұмыстарын қалай жүргізу керек екенін, бұл аралықта пайдалы қазбаның қаншалықты қоры барын анықтайтын тәсілдерін тамашалатты. Демек, туризмнің кілтін тапқан Қарқаралы өңірі, енді индустрияландырудың да жаңа жолын тапқан секілді.

Шіліңгір шілденің ыстығында елордадан түс қайта шыққан көлігіміз, қас қарая Қарқаралы тауларының баурайына жетті. Шеті көрінбес Арқа төсінің қай бағытына қарасаң да көзің тояды. Алды­мыз­дан көрінген тау баурайын­дағы жасыл желекті мекен көңілге қуаныш сыйлады. Қарқаралы – талай қазақтың басын қосқан, қаншама жұртқа пана болған, тоғыз жолдың то­рабында орна­ласқан мекен. Бұл өлкеде әйгілі Қоянды жәрмең­кесі өткен. Та­рих­ты қопарып, тізбектей берсек, түбіне жетпеспіз. Біз Қарқа­ралының бүгінін айтайық.

Жолдың жайы осындай...

Облыс орталығы Қараған­дыдан 210 шықырым қашықтықта жатқан қалаға тек көлікпен жете аласыз. Жолдың жайын айтып, жүректеріңізді ауыртпай-ақ қоя­йын. Орташадан біршама төмен. Ал Қарқаралыдан ары қарай ауылдарға не демалыс орында­рына баратын жолды сүрлеу десе де болады. Жә, бұл болашақта жөн­делер. Қарқаралы табиғи пар­кінің аумағында ондаған дема­лыс орыны бар. Жаз кезінде баға өсетін көрінеді. Дегенмен Қазақстанның басқа жерлерімен салыстырғанда, баға тұрақты. Кісі басына шамамен 2-5 мыңнан бастап 20 мыңға дейін төлейсіз. Жергілікті тұрғындар қонақтарға қызмет көрсету арқылы пұлын айырады. Сонымен қатар мал шаруашылығы жақсы дамыған.

Қарқаралыдан 25 шақырым­дай жерде, кезінде аты дүрілдеген Қарағайлы қалашығы бар. Зама­нында 10 мың адам тұрса, бүгінде 2-3 мыңның айналасында ғана. Елдімекенге кіре берісте қаңыра­ған 5 қабатты үйлерді көріп, ке­зіндегі Қаратау, Жаңатас секілді моноқалалардың жағдайына ұқсаттық. Бұл шағын шаһар да тәуелсіздіктің бастапқы жылдары қиыншылыққа тап болып, кейін есін әрең жинағанға ұқсайды. Бүгінде мұнда кен байыту комби­наты жұмыс істейді. Ел табыс көзін осы мекемемен байланыс­тырады. Дей тұрғанмен, маңай­дағы зерттелген кен орында­ры­ның қоры түгесіле бастаса керек, ертеңін ойлаған ел көшіп кетуден тайынбайтынын жеткізуде. Ке­зінде моноқалаларды қайта қал­пына келтіріп, өндірістік әле­уетін арттыруды Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев Үкіметке тап­сырғаны есімізде. Артынша бағ­дарлама қабылданып, Кентау, Хромтау секілді ондаған қалаға қайта жан біткен болатын. Ал Қарағай­лы­ның болашағы өндіріс орындары­ның жұмыс істеуіне байланысты, сондықтан пайдалы қазбалар қоры таусылса, шағын шаһардың келешегінен үміт кетеді.

Алайда «Қазақмыс» холдин­гіне тиесілі «Қазақмыс Барлау» ком­паниясы осы төңіректен 15 ша­қырымдай қашықтықта орна­ласқан «Озерное» учаскесінде мыстың мол қорын іздестіріп, барлау жұмыстарын бастап кетті. Егер мыс табылса, онда тек Қа­рағайлының жағдайы емес, түгел ауданның тіршілігіне жан бітеді. Нұр-Сұлтан мен Алматыдан жур­налистерді шақырып, инно­ва­циялық геофизикалық техноло­гиялардың көмегімен жер қой­науында елдің игілігіне жарайтын пайдалы кеніштің бар-жоғын анықтайтын құрылғылармен таныстырды. Қазақстанда бұрын пайдаланып көрмеген жаңа тех­нологиялар дрон мен ұшу аппа­раттарының көмегіне жүгініп, аэромагниттік түсірілімдер жасайды.

https://youtu.be/ALcLi45FePA

Мұндай тәсілді Канадалық Abitibi Geophysics компаниясы ұсынды. Бұл компанияның біздің елдегі, тіпті түгел ТМД жұртшы­лығындағы ресми серіктесі Nomad Geo Service мекемесі тұтастай қазақстандық мамандардан құралған. Ore Vision IP әдістемесі бойынша дипольдік электр барлау арқылы зондтау техно­­логия­сы дүниежүзінің басқа ­ел­дерінде кеңінен қолдануда. Қарапайым тілмен айтсақ, 500-600 метрге дейінгі тереңдікте жатқан қазбаны әуеден түсіріп-ақ анықтауға болады. Тек қана пайдалы қазбаны емес, сонымен қатар жерасты суларының да көлемін анықтай алады. Бұл тәсіл алдыңғы қолданылған дәстүрлі барлау жүйесінен 2 есе тиімді әрі уақытты 2-3 есе үнемдейтін көрінеді.

Ғалым Нұржанов

– Жаз – геологиялық жұ­мыс­тарды атқаруға таптырмайтын мезгіл. Сондықтан азғантай уа­қытты тиімді пайдаланып, ми­нералды шикізаттың қорын із­дес­тіруді қолға алып жатырмыз. Мына тұрған «Озерное» учас­ке­сінде 400 мың тоннадан астам мыс бар деп болжаудамыз. Ал мы­на технологиялардың көмегі­мен одан да көп мөлшерде қазба іздестіруді көздейміз, – дейді «Қазақмыс Барлау» компания­сының басшысы Ғалым Нұр­жанов. – Технология өзге елдікі болғанымен, оны толықтай қа­зақ­­стандық мамандар іске ­асы­рып жатыр. Осында еңбек етіп жүр­ген жастардың басым бөлігі – елі­міздің жоғары оқу орындарының түлектері. Алдыңғы жылдары Ка­надаға, Испанияға барып, тә­жі­рибе жинақтап қайттық.

Рас, даладағы қиын да күрделі жұмысты отандық геофизиктер атқарып жүр. Аптап күннің ас­тын­да алтынға пара-пар металды іздестіру оңайға соқпайды. Үш тілді еркін меңгерген білікті ма­мандарымызды қыруар қаржы төлеп шетелге де шақырып жатыр екен.

Егер технология мыстың ба­рын анықтаса, ары қарай бұрғы­лау жұмыстары басталады. Нақты мәліметтер қолға тиген соң бұл ара үлкен кенішке айналады екен. Иен дала болғанымен иесіз болмайды дегендей, бұл ара Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына жата ма деген қаупімізге «жоқ» деген жа­уап алдық. Компания өкілдері эко­логиялық зардаптарды бол­дыр­мау үшін барлық іс-шара қолданатынын, егер тұмса таби­ғат қорғалған аймақта болса, түртпейтіндіктерін жеткізді. Қазақтың кең жерімен кім не істесе де, оның қараусыз емес екенін түсініп, халықтың игілігіне жұмсай білгені абзал.

Айтпақшы, Қарқаралыда 1851 жылы тұрғызылған Құнан­бай қажы мешітіне кіріп шықтық. Ағаштан құрастырылған сәулет өнерінің архитектурасы алыстан көз баурайды. «Абай жолын» оқы­ған азаматтар бұл мешіттің та­рихын жақсы біледі. 19 ғасыр­дың орта шебінде аға-сұлтан Құнанбай бұл өңірге сан мәрте келіп, елдегі даулы мәселелердің түйінін тарқатқан. Ұлы Абайды да жиі ертіп, игі жақсыларымен кездес­тіріп, ел аралатқан. Міне соның құрметіне биыл көктемде аудан әкімі Н.Мақсұтовтың идея­сымен мүсінші Т.Байоразов пен К.Қо­сантаев қолынан туындаған Құнанбай Өскенбайұлы мен бала Абайдың еңселі ескерткіші бой көтерді. Рухани азық іздеп, та­рихын тануға ұмтылған пенде үшін де, ел аралап жүрген турист үшін де бұл үлкен жәдігер.