«Менің артыма бұзақы салып, қорқытып жатыр» – жуалылық дәрігердің жанайқайы
«Менің артыма бұзақы салып, қорқытып жатыр» – жуалылық дәрігердің жанайқайы
329
оқылды
Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы медицина маманының жанайқайы жаңаша көрініс таба бастады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған видеоүндеуден кейін аудандық емхана қызметкерлерінен жинап алған ақшаларын кері қайтаруда. Ал шағымданушы Фарида Жанбатырова емхана басшылығы оның Президентке жолдаған арызынан кейін артына бұзақыларды салып, қорқытып жатқанын айтады.

– Кешегі видеоүндеуден кейін үйіме емхананың меңгерушісі Ғазиза келіп, бітімгершілікке келуді ұсынды. Сосын бір бұзақы жігіт келіп, қорқытты. Әйтеуір, екеуі екі жақтап мені емханаға алып келді. Бас дәрігер Батихан Алпысбайұлы арызымды қайтарып алатын болсам, шипажайға жіберетінін, блок-постағы жұмысыма қайта қайтаратындығын айтты. «Сонда мен әлеуметтік желіге қайта шығып, Президентке жолдағанымның бәрі өтірік деп айтуым керек па?» деп қарсы болдым. Сол сәтте әлгі жігіт үстелді бір ұрып, «Фарида әпке көнсеңізші» деп дауыс көтере бастады. Мен шығып кетіп едім, үйіме артымнан қуып келді. Соңы айқай-шу болып кетті. Содан мен егер қоқан-лоққы жасағанын қоймайтын болса, полиция шақыратындығымды айттым. Содан кейін барып ғана әлгі Руслан деген жігіт кетті.

Ал бүгін таңертең емханадағы әріптестерім басшылық жинап алған ақшасын кері қайтарып жатқанын айтты. Бірақ маған бермеді. Естуімше бас дәрігер қызметкерлердің ақшасын қайтарып, ұжымды маған қарсы қойып жатыр екен. Менің іздегенім тек әділдік қана. Мені қорқытпай, жайыма қалдырса екен деймін, – деп Фарида Қанатбекқызы көз жасын төгіп салды.

Шағымданушының мұндай шырылын естігеннен кейін ақшалары қайтарылды деген бірқатар мамандарға қоңырау шалдық. – Менен 29 мың теңге ұстап қалған болатын. Бүгін сол ақшаны хирург Байрамов қайтарып берді. Негізі кеше бәріміздің басымызды жинап, «егер ақшаларыңды қайтарып берсек, тексеріс келгенде бәрі дұрыс деп айтысыңдар ма?» деп үгіттеген. Бүгінгі ақшамыздың қайтарылып жатқаны соған жасалып жатқан әрекет деп түсіндік, – дейді Мадина Тастанбекова. Бұл сөзді Елмира Стамқұлова да қуаттап отыр. Оның да өз қолымен апарып берген 29 мың теңгесі кері қайтарылыпты. Жалпы Мадина Тастанбекованың айтуынша, бүгін өзі сынды 11 медицина мекемесінің маманының ақшасы кері қайтарылған. Ал қаржыны бас дәрігер Батихан Алпысбайұлы емес хирург Байрамов берген. Кеше Жуалы ауданындағы емханаға «Жамбыл – адалдық алаңының» мамандары тексеріс жүргізген болатын. Алғашқы күннің қорытындысын олар кейін әлеуметтік желіге жариялады. Сол жазбаның астына бүгін жобалық офис маманы емхана қызметкерлері хабарласып, ақшаларын қайтарып жатқандығы туралы айтып жатқандарын жазды. Демек, медицина мамандарынан ақша заңсыз жиналды деген байлам жасауға болатын секілді. Айтпақшы, осы жазбаның астына Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының бастығы Марат Жұманқұлов Жуалы ауданындағы жағдай бойынша тексеру тобы құрылып, жұмыс жүргізіліп жатқандығы туралы хабарлама қалдырды. Енді тексеру қорындысын күту керек. Біз аудандағы медицина мамандарымен тілдесу барысында емхананың бас дәрігері Батихан Алпысбайұлына да іздеу салып, пікірін тыңдағымыз келді. Алайда бас дәрігер қанша қоңырау шалсақ та, телефон тұтқасын сол бойы көтермеді.

Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы.