Қасқасу курорты қалай дамиды?
Қасқасу курорты қалай дамиды?
637
оқылды

Түркістан облысы Төле би ауданы, Қасқасу елдімекені, Еco Village Кaskasu демалыс аймағында «Қасқасу» тау-шаңғы курортын дамыту бойынша халықаралық сарап­шылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.

Облыс әкімінің орынбасары М.Мырзалиевтің басшылығымен өткен дөңгелек үстелге мемлекет­тік органдар, Dianeige France, STEM International France, MND Group France сияқты халықара­лық компаниялардың сарапшы­лары, Ресей және Қазақстан халықаралық шаңғы федерация­сы­ның инспекторлары және қазақстандық компаниялар «Гео дата плюс» ЖШС және ASP Project company ЖШС қатысты. Жиын­ға қатысқан барлық ком­па­нияның тау-шаңғы курортын құру және дамыту бойынша үлкен тәжірибесі бар.

Іс-шараның басты мақсаты – жобаны халықаралық са­рап­шы­­лар­мен алдын ала талқы­лау және ұсыныс-пікірлерін алу.

Жиында сөз алған Фрере Эдди MND Group France компа­ния­сының директоры Фрере Эдди жобаның техникалық, экономикалық тұрғыдан тиімді жасалғанын және өңірдің дамуы­на зор үлес қосатынын айтса, Халықаралық шаңғы федерация­сының инспекторы Андрей Обыскалов жоба әлеуетін ескере отырып, жүзеге асқанда құрылық­тық және халықаралық шаңғы іс-шараларын өткізуге мүмкіндік бар екенін жеткізді.

Жоба бұған дейін халықаралық деңгейде қызу талқыланған бола­тын. Бүгінгі таңда CG Group ком­паниясы қонақ үй кешендерін салуға ықылас білдіріп отыр. Жалпы курорт аумағы 2 негізгі аймаққа бөлінген:

– тау шаңғысы инфрақұрылы­мы бар жоғары базасы (шаңғы трассалары, арқан және дөңес жолдар, көтергіштер, сервистік ғимараттар) 1 910-ден 3 200 метрге дейінгі биіктікте;

– төменгі база (қонақ үйлер, мейрамханалар, аквапарк, ойын, спорт және жаттығу орталықтары) 1600-ден 1900 метрге дейін биік­тікте.

Естеріңізге сала кетейік, қа­зір­гі заманғы тау-шаңғы курор­ты­ның құрылысы өңірдегі жап­пай тау-шаңғы спортын дамытуға серпін береді, отандық туризм индустриясы қызметінің бәсекеге қабілеттілігі мен сапасын артты­руға, жаңа жұмыс орындарын құруға, әлеуметтік инфрақұры­лым­ды дамытуға, Түркістан облы­сының инвестициялық тар­тым­дылығын арттыруға мүмкін­дік береді. Жобаны іске асырудың бірінші кезеңінде келушілер саны 110 мыңнан 140 мың адамға дейін артады деп күтілуде.

Бұдан басқа, Қазақстанда туризмді дамыту жөніндегі 2019-2025 жылдарға арналған мемле­кет­тік бағдарлама аясында «Қас­қасу» тау-шаңғы курорты­ның жобасы республикалық маңызы бар «Қазақстанның турис­тік картасы» ТОП – 50 нысанының тізіміне енді. Сондай-ақ Түркіс­тан облысын дамытудың 2019-2024 жылдарға арналған кешенді жоспарына енгізілді.

  

Тельман ӘБДІБЕКҰЛЫ,
Түркістан облысы