Тігіншілік – ісмерлікке, ептілікке, дәлдікке баулитын өнер ғана емес, істің көзін таба білген адамға жақсы кәсіп көзі. Бүгін елордалық жиырма көпбалалы ана осы тігін шеберлігін меңгергенін айғақтайтын арнайы сертификат пен алғашқы кәсіптерін ашуға мүмкіндік беретін тігін машинасын алды.
Көпбалалы және өмірде қиын жағдайға тап болған отбасында бала тәрбиелеп отырған аналарға мұндай мүмкіндікті Nur Otan партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңес пен Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы және «Ютария» тігін фабрикасы жасап отыр.
«Бақытты отбасы» партиялық жобасының аясында Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес пен Қазақстан Іскер әйелдер қауымдастығы бірлесіп, «Жәрдем» бағдарламасын іске асырды. Осыған орай, сәбиі бар аналар баласын қараусыз қалдырмайтындай етіп олардың үйде жұмыс істеуіне, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға тап болған отбасылардың қаржылық жағдайын жақсарту үшін мүмкіндіктер жасау көзделген.
Іс-шараға қатысқан Nur Otan партиясының хатшысы Әлібек Әлденей аналардың қоғамдағы рөліне, ұлттық болмыс пен ерекшелігімізді сақтап қалу жолындағы олардың ерен еңбегіне ерекше тоқталды.
– Соғыс өрті мен талай қуғын-сүргінді басынан өткерген ұлт рухының қайта тірілуіне бірден-бір себепкер болған ақжаулықты аналарымыз. Ер азаматы майданға аттанғанда басқа түскен ауыртпалыққа мойымай, балаларын асырап, ел қатарына қосқан аналар болды. Сондықтан анаға деген құрметіміз шексіз. Сіздердің көпбалалы ана ретінде қолға алған кәсіптің отбасыларыңызға табыс әкелетініне сенімдіміз. Әрине, әр кәсіптің өз қиындығы бар. Бірақ ынта мен жігер болса, кез келген қиындықты жеңуге болады, – деді партия хатшысы.
Сондай-ақ Әлібек Әлденей мұндай игі бастамалардың жалғасатынын және партияның көпбалалы аналармен тікелей байланыс орнатуға дайын екенін жеткізді.
«Ютария» тігін фабрикасының өндірістік базасында екі апта бойы қайта даярлаудан өткен аналарға Тұңғыш Президент – Елбасы қоры демеушілік жасап, тігін машиналарын тарту етті. Осы орайда Балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиева «Жәрдемді» жүзеге асыруға қолдау білдірген Тұңғыш Президент – Елбасы қоры мен «Ютария» фабрикасына алғысын білдірді.
– Ананың бала тәрбиесінен қол үзбей-ақ, үйде отырып жұмыс істеуіне жағдай жасау үшін тігіншілік және аспаздық курстар аштық. Бүгін осы курстың алғашқы легі оқуды тамамдады. Курс барысында аналарға тігіншіліктің қыр-сырынан бөлек, қазіргі таңда елімізде қолға алынған мемлекеттік бағдарламалар түсіндірілді. Сонымен қатар аналардың алғашқы тапсырыстар алып, дайын өнімдерін сатуға қол ұшын беру үшін нарықта қалыптасқан кәсіпкерлер де осы жұмысқа жұмылдырылды. Сондықтан аталған бағдарламаны өте тиімді, кешенді әрі пайдалы болды деуге негіз бар, – деді Динара Закиева.
Осы курсты тамамдаған төрт баланың анасы Индира Миықбаева балалары кішкентай болғандықтан, бұған дейін мамандығы бойынша жұмыс істемегенін, енді тегін қайта даярлықтан өту арқылы жаңа кәсіпті меңгергенін қуана жеткізді.
– Негізгі мақсатым – үйде отырып-ақ жеке бизнес ашу. Ол үшін мемлекеттің жасаған барлық мүмкіндігін пайдаланғым келеді. Nur Otan партиясының «Бақытты отбасы» жобасы туралы естіп-білдім. «Жәрдем» бағдарламасының игілігін өзім көріп отырмын. «Атамекен» ҰКП-ның мамандары осында келіп, бізге қазір қандай мемлекеттік гранттар бар, оларды қалай алуға болады, шағын кәсіпорынды қалай ашады, жеке кәсіпкерлікті қалай тіркейді деген сауалдар төңірегінде семинар-тренинг өткізді. Сондықтан өз кәсібімді бастауға дайынмын, – деді көпбалалы ана Индира Миықбаева.
Айта кетейік, «Ютария» тігін фабрикасы аналарды тігін шеберлігіне үйретіп қана қоймай, балаларын балабақшаға орналастырып үлгергенін жұмысқа қабылдауға да дайын. Сондай-ақ тігіншілікті меңгергісі келетін өзге де көпбалалы аналарды курстың екінші легіне қабылдау басталды.
Клара НАҚЫП