Беларустан неміз кем?
Беларустан  неміз кем?
391
оқылды

АҚШ-та барлық тұрғындардың небәрі 16%-дайы hamlet (ұсақ) және village (ірілеу) аталатын ауылдық жерлерде тұрады.

Ал ауыл шаруашылығы Құрама Штаттар ЖІӨ-сінің 20 пайыздан астамын береді. Алысқа бармай-ақ, Беларусьте азаматтарының 26%-ы ғана селолар мен деревняларда (вёска) тұрады, одақтасымыздың агроөнеркәсіптік кешеннен табатын табысы 10 миллиард долларға жуықтап қалды. Бұл Қазақстанның бүкіл мұнайы мен газын сатудан көретін кірісіне бара-бар. Қазақ байырғы заманнан бері ауыл шаруашылығымен айналысып келеді. Тәуелсіздік алғалы бері елімізде ауыл­ға қатысты 9 бағдарлама жүзеге асы­рылған. Олардың қатарында 1991-1995 жылдарға арналған және 2000 жылға дейінгі «Ауыл» әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы; Ауыл шаруашылығы өндірісін да­мытудың 2000-2002 жылдарға ар­налған бағдарламасы; 2003-2005 жыл­дарға арналған Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасы; Ауылдық ау­мақтарды дамытудың 2004-2010 жыл­дарға арналған мембағдарламасы; АӨК-ті дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарлама; «Агро­бизнес-2020» бағдарламасы және басқасы бар.

2003-2005 жылдар, яғни 3 жыл қа­тарынан «Ауыл жылы» болып жа­рияланды. Қазір бұл салада бір мемлекеттік бағдарлама және қап­таған ұсақ қосалқы бағдарламалар қолға алынған. Бұдан не шықты? Бүгінде ауыл шаруашылығы Қа­зақстанның жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) бар-жоғы 5%-ын ғана жасайды.

Бұл ретте статистика комитетінің дерегінше, 2019 жылғы маусымда елі­міздегі халық саны 18 миллион 489,7 мың адамды құраған. Оның ішінде ауылдықтар саны 7 миллион 722,1 мың адам болды, бұл – қа­зақ­стан­­­дықтардың жалпы санының 41,8%-ы.

Жыл басынан бері, яғни 2019 жыл­ғы қаңтар-маусым айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы бірлесіп, 1 триллион 124 млрд теңгенің немесе 2,9 миллиард доллардың өні­мін шығарған.

Айта кету керек, жайлауы, шабын­дығы мен егістігін қоса алғанда, қазақ жерінің көлемі әлгі Беларусь аума­ғынан 13 еседен астамға үлкен.

Осы аптада Үкіметтің кеңе­й­тіл­ген отырысына қатысқан Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласына жауапты шенділердің тірлігін қатаң сынға алды. Ол Қазақ­стан­ның аграрлық ел еке­нін еске салды. Ортақ мақсат анық және Елбасы белгілеп берген: сектор­дағы экспортты және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру.

Алайда Мемлекет басшысы саланың инвесторлар үшін тар­тымдылығы нашар болып отыр­ғанына назар аудартты: ауыл ша­руашылығына тікелей шетел­дік инвестициялардың тек 1%-ы ғана келген. Ал негізгі капиталға, яғни жаңа құрылыс­қа, қолда­ныс­тағы өндірісті кеңей­­туге, ны­сандарды жаңғыр­ту­ға, машина­лар, құрал-жабдық­тар мен тех­нологиялар сатып алуға салынған инвести­ция­лардың жалпы көле­мінің 3,2%-ы ғана АӨК үлесінде. Бұл көрсеткіш­терді ел Президенті «алаңдатар­лық» деп атады.

– Барлық қаржылық инсти­туттар Қазақстанның орасан зор әлеуеті ауыл шаруашылығында екенін бірауыздан айтуда. Ал сала арбасы ілгері басатын түрі жоқ. Демек, біздің нашар бас­қарушы болғанымыз. Басқа байлам жасау мүмкін емес. Біз алдағы бес­жыл­дықта ауыл ша­руашылығында шынайы сер­піліске қол жеткі­зуіміз керек. Осыған байланысты дамытудың басты бағыттарын және іс-қи­мылдың нақты схе­масын ай­қын­дап алғанымыз жөн. Агроө­нер­кәсіптік кешенге инвес­тициялар тарту бойынша тиімді жұмысты жолға қою міндетін белгілеймін. Онсыз осы маңызды саланың дамуына серпін бере алмай­мыз, – деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Үкіметке «ҚазақИнвест» АҚ-мен тізе қоса отырып, келесі 3 жыл үде­рінде әлемдегі ірі, атақты кор­пора­цияларды тартуды жүктеді. «Мұн­дай компаниялар неғұрлым көп келсе, соғұрлым жақсы бо­лады. Олар өзара бәсекеге түседі» деді ол.

Өйткені озық технология­ларды жаппай тарта алмаған отандық ірі агрокәсіпорындар бірінен соң бірі дәрменсіздікке ұшырап, кредит батпағына бат­қандықтан, бұдан басқа амал жоқтай. Шетелдік агроалпа­уыттарға салықтық жеңілдіктер беріледі. Олар АШМ не ауыл-аймақ басшылығы ауысса да, өзгеріссіз қалады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы агроөнеркәсіптік кешен өнім­дері экспортының орасан зор әлеуеті жете пайдаланылмай отыр­ғанын атап өтті. Бұл іске енді жете мән беріледі. Ел Үкі­меті жаһандық нарыққа шыға­рылатын қазақ­стандық экспорт­ты қолдауға ба­ғытталғалы отырған 500 миллиард теңгенің 100 миллиарды ауыл шаруа­шылығы экспортының еншісіне беріледі.

ХХІ ғасырдың екінші онжыл­дығы да түгесіліп қалды, алайда Қазақстан өз ауыл шаруашылығы өнімдерінің 60%-дан астамын сол баяғыдай шикізат күйінде шетел­ге шығаруда. Өңделген ауылша­руашылық өнімдері экспортының жоспарлы көр­сеткіші былтыр тек 37%-ға ғана орындалған. Сон­дықтан Үкі­метке жаһандық «қара базарға» жеткізілімдерге лайықты қолдау көрсету және қажетті қаражат­тарын уақытылы бөлу жөнінде тапсырма берілді.

Мемлекет басшысының ­бай­­ламынша, тағы бір өзекті мә­селе – жерді ұтымды пайдалану. АШМ жүргізген ауыл шаруа­шылығы жерлерін инвентари­зациялау елімізде 16,5 миллион гектар алқаптың пайдаланылмай жатқанын анықтаған, яғни ел игілігін арттыруға тартылмаған. Осы себепті Үкіметке барлық ауыл­шаруашылық жерлеріне ау­дит жүргізу және жер кадас­тры­ның ақпараттық жүйесін цифр­ландырып шығу тап­сырылды.

«Жер – өндірістің басты фак­торы. Осы мәселеде тиімділік пен айқындық болмаса, ауылды өр­кендете алмаймыз. Мұның күр­делі жұмыс екенін түсінеміз. Бұл жерде Ауыл шаруашылығы және Цифрлық даму министр­лік­те­рінің үйлесімді өзара іс-қимылы қажет. Бұл жұмысты келесі 2020 жылдың соңына дейін аяқтау маңызды. Ауыл­ша­руашылық жерлерінің тиімді пайда­ланы­луына бақылауды құжат жүзінде де, тәжірибеде де күшейткен абзал. Жер сонда жұмыс істей алатындардың қо­лында болуға тиіс. Үкімет, атап айтқанда, АШМ жерді ұтымды пайдалануға мониторинг жүргі­зуге кірісті. Бұл жұмыс аяғына дейін жеткізілуге тиіс», – деді ел Президенті.

Оның пайымдауынша, сумен қамтамасыз ету мәселесі де мұ­қият көңіл бөлуді талап етеді. Қазақстан Үкіметі бірде-бір рет су ресурстарын және су шаруа­шы­лығы құрылыстарын кең ау­қым­­ды паспорттау шарасын жүр­­­гізбепті. Салдарынан, мем­ле­кетте осын­дай нысандардың саны мен жай-күйі туралы то­лыққанды мәлімет жоқ болып шықты.

Республикамызда жеке­мен­шіктегі су шаруашылығы құ­рылыстары да есептен тыс қалған. Осыған орай, Үкіметке 2019 жыл соңына дейін су ресурстарына, ирригациялық жүйелерге, сумен қамтудың барлық инфрақұ­ры­лымына толық аудит жүргізу жүк­телді. Осының арқасында мемлекет толымды әрі шынайы көрініске қол жеткізеді. Және айқын ақпа­рат алумен шектел­мей, ары қарай Үкімет пен әкім­дер оларды жөндеу, жаңғырту бо­йынша нақ­ты шаралар түзуге міндеттеледі. Бұл жаңа суармалы алқаптарды іске қосуға жол ашады.

Саланы тоқыратқан тағы бір түйткіл – техниканың ескіруі. Ке­ңес кезінде әрбір ірі ауыл ма­ңында МТС-тер әрекет ететін. Осы машина-трактор станса­лары колхоз, совхоз, ауыл ша­руашы­лығы кооперативтері секілді ірі ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді са­налуан тех­никамен жабдықтап, техникалық және ұйымдас­ты­рушылық көмек көрсететін.


Қазір ауылдардың жанында бұзылған тракторлардың, тір­кемелердің және басқа да ауыл шаруашылығы техникаларының қаңқалары қалқиып жатыр. Олар ауылдың бейнесіне селкеу түсіреді. Оның үстіне істен шық­қан алып техникалар саны барған сайын артып келеді. Үкімет осы кесір­мен де күреске әзірленуде.

Ресми мәліметке жүгінсек, Қазақстанда 152 629 трактор, 41 494 астық жинайтын және жем­шөп жинайтын комбайн бар.

Әйтсе де, олардың көбі ес­кі-құсқы, тозған. Нақтылай түс­сек, тракторлардың 65%-ы­ның­ және комбайндардың 46%-ының­ пайдалану мерзімі 17 жылдан асқан. Пайдаланудың нақты мерзімі нормативтік мерзімнен 5-10 жылға артып кетті.

19 841 трактор және 2 821 комбайн істен шыққан.

Дамыған елдерде тракторлар, астық және азық-жем жинайтын комбайндардың қолданыстан шығу пайызы бар-жоғы 2%-ды, ал бұларды пайдалану мерзімі тек 7 жылдан 8 жылға дейінгі ара­лықты құрайды. Ендеше, бұл саланы түзетпей, көрсеткіштерді жоғарылатпай, мемлекетіміз алдыңғы қатарлы отыз елмен теңесе алмайды.

Энергетика министрлігінің талдауынша, бұл көрсеткіштерге жету үшін Қазақстанда жыл сайын 3 880 бірлік трактор, астық және жемшөп жинайтын комбайн кәдеге жаратылуы, утилиза­ция­лануы тиіс. Ел Үкіметі көнерген автокөлік­тер­ден құтылу үшін ескі «темір тұлпарын» әкелген аза­маттарға өтемақы жасайтыны мәлім. Дәл осындай тетікті трак­торлар мен комбайндарға қатысты да енгі­зуге болар еді. Бі­рақ оған бюджет қаражаты шек­теулі. Осы себепті, Энерге­тика министрлігі Үкі­метке «Трак­торларға, астық жи­найтын ком­байндарға және жем жинайтын комбайндарға ути­лизациялық алым енгізу» ұсы­нысымен шық­ты. Ол алым осы техниканы сату­шылардан жи­налады және халыққа беріледі.

«Бүгінгі таңда Қазақстанның аумағында тракторларды, астық, жемшөп жинайтын комбайн­дарды кәдеге жарату жүйесі жоқ. Бұған қоса, осы техниканы ути­лизациялауға тапсыру бойынша қандай да бір ынталандыру шаралары мен міндеттемелері жоқ», – деген ведомство соның салдарынан ескі трактор-ком­байндардың қалдығы проб­ле­маға айналғанына нұсқайды.

Түйткілді мәселенің түйінін тарқату үшін министрлік үш жол­ды қарастырыпты. Біріншісі – тракторлар мен комбайндарды кәдеге жаратуға тапсырғандарға бюджеттен субсидия қаржы беру. Екіншісі – оларды әкелгендерге жаңасын сатып алуға сертификат беру (утилизациялық алым), үшіншісі – «жасы» 10 жылдан асып кеткен тракторлар мен ком­байндарды шетелде утили­зация­лауға міндеттеу болған.

Бірінші тәсіл бойынша ха­лық­ты әбден ескірген тракторлар мен комбайндарды әкеп тап­сы­руға ынталандыру үшін ол тех­ни­каның әрқайсысына 1 мил­лион 500 мың теңгеден беру ұсынылды. Яғни, жылына 3 880 трактор мен ком­байн істен шығады деген көр­сеткішке сәйкес, бұл шара рес­пуб­ликалық бюджеттен жыл са­йын 5,82 мил­лиард теңге мөл­ше­рін­де шығын шығаруды талап етеді.

Үшінші тәсіл қолданылу мер­зімі он жылдан асқан тех­никаны ары қарай пайдалануға тыйым салуға әкелетіні; осы техника ие­ле­рін оны шетелдік зауыттарға кә­деге жаратуға тасу үшін шы­ғын­далуға мәжбүр ететіні; ескі тех­никаға қызмет көрсететін өн­ді­ріс пен жұмыс орындарының қыс­қаруына соқтыратыны аңға­рылыпты.

Тиісінше, министрлік екінші жолды қолай көріп отыр. Осы­лайша, пайдаланудан қалған ауыл шаруашылығы техника­сы­ның орнына иесі жаңа трактор­ды, астық және жемшөп жинай­тын комбайнды сатып алуға жеңілдік сертификатын алады. Тракторға ұсынылатын жеңілдік сертифи­ка­тының мөлшері – 1 млн 500 мың теңге, астық және жемшөп жи­най­­тын комбайн үшін 2 млн 500 мың теңге болады деп күті­луде. Сер­тификат тарату техника жеткізу­шілерден жи­налатын алым есе­бінен жүре­тіндіктен, бюджеттің шығынын талап етпейтін көрінеді.

Бүгінде ауыл шаруашылығы техникасын көтерме және бөл­шек саудада сатумен 701 бизнес суб­ъек­­т­ісі айналысатыны хабар­лан­ды. Бұл бастаманы қоғамдық тал­қы­лау 27 шілдеге дейін жал­ғасады.