Алакөлге арып-ашып әрең жеттік. Мінгеніміз – «Спринтер». Жүрісіміз – есек-арбаға отырған қалпы шоқырақтап бара жатқан жанның кейпі. Талдықорғаннан әрі асып, Үшаралды көктей өтіп, Мақаншыға апарып, одан ары Көктұма мен Жарбұлаққа жеткізер жолдың сықпыты адам шошырлық. Қаншалықты жылдам жүрген сайын, көз ұшында көк аспанмен тұтасқан Алакөл де соншалықты алыстай берді. Енді бір 40 шақырым шыдайық дей бергенде көлігіміздің дөңгелегі жарылды. Аңқамызды күн кептіріп, сабырымызды жол тоздырған он бес адам ошарылдық та қалдық...
Біз тұрақтаған Қабанбай ауылында демалушыларға жағдай жасалған екен. Бірнеше демалыс үйі салынып, олар заманға сай жабдықталып, көлге дейінгі жол көркі көз тартар Арбатқа айналдырылған. Өзен жағасы да біршама реттеліпті. Келушілер солай дейді. Осыдан екі-үш жыл бұрын жағалаудың тасы табанға батып, инфрақұрылымның иісі де сезілмейтін дейді демалушылар. Соңғы жылдары облыстық әкімдік бұл өңірге біршама көңіл бөліп, Алакөл аймағын туристер мекеніне айналдыруға тырысып баққан. Биыл Алакөлден сая іздеп келген адамдардың да қарасы көп. Бірақ сөз басында айтқан жол мәселесі, тағы да басқа түйткілдер алдан шыға береді. Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбековтің айтуынша, Алакөл жағалауын абаттандыру 2017 жылдан бастап қолға алынып, сол үшін 2 млрд теңге қаражат бөлінген.
– Ол ақша Арбатқа, балалар саябағына, Алакөл жағалауының 10 шақырымдық жолына асфальт төсеуге, жарық жүргізуге, жағалауды бекітуге жұмсалды. Қазір Алакөл жағалауында 290 нысан қызмет атқаруда. Оның ішінде – дүкен, тамақтану орындары, асхана, жатын орындары бар. Былтырмен салыстырғанда нысан саны 14-ке артты. Инвестиция көлемі 33 пайызға жоғарылады. Салық түсімі былтыр 67 миллион болса, биыл 100 миллионға дейін жете ме деп жоспарлап отырмыз, – дейді әкім орынбасары.
Сондай-ақ Алакөл жағалауында велосипед жолдары қолға алынбақ. Ол жол Алакөлден Қабанбай ауылына дейін тартылады. Балалар саябағының іші де веложолдармен жабдықталады. «Үлкен жолдарға келетін болсақ, Үржар-Таскескен аймағында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 20 шақырымдық жолға 4 млрд теңге қаражат бөлінген болатын. Осы жылдың аяғына дейін ол жұмыстар атқарылуы тиіс» дейді Біржан Тұрлыбеков.
Шендінің айтуынша, былтыр Алакөлге 600 мың адам келсе, биылғы меже 1 миллионға жетіп жығылуы тиіс. Күніне шамамен 25-30 мың адам Алакөлдің айдынына сүңгиді. Бірақ осынша адамға 4 құтқарушы ғана қарастырылған. Терең аймақтарға тыйым салатын шекараларды да елең қылмай жатқандар қаншама. Жағалаудың ұзындығы – шамамен 5 шақырымдай. Былтыр төрт адам көз жұмған. Биыл бір бала Алакөлге ағып кеткен. Әкім орынбасарының айтуынша, бала ата-анасының жауапсыздығынан қайтыс болыпты. Толқыны сәт сайын жағаға ұрған көл жыл сайын ауылға қарай жақындап келе жатыр. Тұрғындардың айтуынша, соңғы 20 жылда бір жарым-екі шақырымдай жақындапты.
Үржар ауданы әкімінің орынбасары Біржан Тұрлыбековтің айтуынша, Алакөл жағалауын абаттандыру 2017 жылдан бастап қолға алынып, сол үшін 2 млрд теңге қаражат бөлінген.
Әрине, әкім айтқан әдемі цифрлар мен мәліметтерге еш күмән келтірмей-ақ қоялық. Бірақ Алакөлге жетемін дегенше діңкелетіп тастайтын жол мәселесі бар қызықты жуып-шайып кетердей. Осыдан тура екі жыл бұын сол кездегі Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Алакөлге тура апарар жол құрылысының басталатынын жария еткен. Шындап кіріскенде Үшарал-Достық жолының екі жыл ішінде бітіп қалатындай уақыты өтті. Бірақ сол баяғы ой-шұңқыр, сол бұрынғы ақшаңдақ жол әлі жатыр. Осы мәселеге биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тікелей назарын аударған болатын.
– Бұл аймақ бүкіл елдің туризм орталығына айналуы тиіс. Басты нысан – өзінің емдік суымен танылған Алакөл. Былтыр туристердің саны 20 пайызға артып, 2 миллион адамды құраған. Алайда сервис деңгейі, транспорт жолы, тіпті қонақүй инфрақұрылымы әлі қаншама жұмысты тілеп тұр. Әсіресе, туристер тікелей басып өтетін жолдардың жайы өте нашар. Осы мәселені реттеу үшін Үкіметтің әкімдермен бірлесіп жұмыс істеп, курортты аймақтағы инфрақұрылымды күшейту бағытында тиісті шаралар қабылдауын талап етемін, – деген еді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Талдықорған – Өскемен тасжолына соңғы рет күрделі жөндеу 20 жыл бұрын жүргізілген. Ал жаңа жолдың құрылысы былтыр ғана басталған. Оның өзі тым шабан жүріп жатыр. Жоба қытайлық инвестиция есебінен жүзеге асып жатқан көрінеді. «ҚазАвтоЖол» ұлттық компания басқарма төрағасы Ұлан Әліповтың айтуынша, жолды үш бірдей мердігер компанияның консорциумы салып жатыр екен. «Олар – қытайлық, италиялық және өзіміздің компания. Онда 21 жасанды нысан, 100-ден астам құбыр, әртүрлі деңгейдегі 2 айналма жол қарастырылған. Жоба 3 жыл ішінде мәресіне жетуі тиіс. Бірақ Мемлекет басшысының сынына іліккен соң процесс біршама жылдамдайды» дейді ол. «ҚазАвтоЖол» басшысының сөзінше, жаңа жолдың үстін басып өтетін алғашқы көліктер легі келер жылдың соңында жолға шығып қалуы мүмкін. Ал 2021 жылы жолдың басқа да игіліктері толық тәмам болмақ. Жолдың 454 шақырымы – Шығыс Қазақстан, ал 313 шақырымы Алматы облысына тиесілі екен.
Алакөл жағалауындағы тағы бір проблема – көлеңкелі бизнестің кең етек алуы. Дәл қазіргі сәтте көл жағалауында 328 кәсіпкерлік нысан бар болса, соның 175-і – демалыс үйі. «Биыл тіркелмей, заңсыз жұмыс істеген кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 28 адам заңды кәсіп иесі ретінде тіркелді. Сонымен қатар әрбір дүкен мен дәмханаларда онлайн касса құрылғыларының қойылуын да қатаң қадағалаймыз. 2019 жылғы салық түсімі былтырмен салыстырғанда 115 пайызға артты. Былтыр аудан қазынасына 27,3 миллион теңге түссе, биыл бұл көрсеткіш 33,1 миллион теңге ақша (2019 жылдың 1 шілдесіне дейінгі дерек) түсіп отыр» дейді аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Жақманова.
Алакөлдегі демалыс ойдағыдай өтті. Жанға жайлы қонақүй, уақытымен берілетін үш мезгіл тамағы, аттап бассаң самсап тұрған түрлі кафе мен асхана, көңіл көтеретін орындар, серуен құрып, әңгіме айтар алаңқайлар адам жанын рахатқа бөлейді. Күннің ыстығы шекеден өтсе, суға сүңгіп «сазайын бересің». Бірақ көңілімізді бір-ақ нәрсе – қайтар жол алаңдата берді. Өткенде кешкен «азапты» тағы бір мәрте бастан өткереміз-ау деген ой еңсемізді басты. Алматыға дейін тұп-тура 16 сағат 24 минут жүріппіз. Оның 4 сағаты ғана – түзу жолдың еншісінде. «Енді барар болсақ, тек ұшаққа ғана билет алармыз» дедік іштей. Әлгінде айтқан, 2021 жылы бітуі тиіс жол құрылысы жүріп жатты. Әр жерде бір экскаватор, бірлі-екілі техника қараң-құраң етеді. Тым шабан көрінді бізге. Ендігі екі жылда біте қояр ма екен деген күмән көлбең-көлбең етеді...