Жетісу өңірінің өркендеу мүмкіндігі зор
Жетісу өңірінің өркендеу мүмкіндігі зор
343
оқылды

Құрамында Мәжіліс депутаттары Серік Құсайынов, Сапар Ахметов, Сергей Звольский және Мұрат Теміржанов бар депутаттық топ ел өңірлеріне жұмыс сапары барысында Алматы облысына да арнайы ат басын бұрды. Қазақстан Президеті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Алматы облысы бойынша филиалында болып, жергілікті атқарушы орган қызметкерлерімен кездесті.

Депутаттар жүздесуге жинал­ғандар алдында Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдар­ла­масындағы басымдыққа ие бағыттар жайлы жан-жақты әңгіме қоз­ғап, олар­ды жүзеге асыру үшін қандай жұ­мыстар атқарылып жатқаны және алдағы кезде қолға алы­натыны жөніндегі ойла­рымен бөлісті.

– Барша қазақстандықтарды ла­йық­ты өмір сүру мен ұрпағы­мыз­дың жар­қын болашағы үшін бірігуге және жұ­дырықтай жұмы­лып жұмыс істеуге ша­қырамыз. Сабақтастық, Әділдік және Өрлеу қағидаттарын ұстана отырып, елдегі барлық азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жұмыла кірі­сіп, күш саламыз. Біз Қазақстанның әр азаматына тең мүмкіндік туғызатын әділетті, дамыған қоғам құрамыз, – деді Мәжіліс депутаты Сапар Қай­ратұлы.

Депутаттық топ сапары соңғы жылдары жетістіктерімен жұрт аузына ілігіп жүрген «Кәрімов» же­ке кәсіп­керлігінің Көксу ауда­ны­ның орталығы Балпық би кенті жа­нында орналасқан заманауи сүт-тауарлы фермасында жалғас­ты.

Жеке кәсіпкер Рахым Кәрімов фермада өндірілетін сүт өнім­дері­мен таныстырып, зауыттың өнді­ріс­тік қуаты жайында баян­дады.

Аталған сүт-тауарлы фермасы 2017 жылы құрылғанына қарамас­тан, бү­гінде бұл кәсіпорынның сүт өнімдері тұтынушыларын тауып, жұрт көңілінен шығып отыр. Фермада 164 сауын сиыр бар. Ферма қоражайларының сыйым­дылығы 400 бас екенін ескерсек, бола­шақта мал саны арта түспек. Зауытта 65 адам еңбек етеді.

Халық қалаулылары кәсіпкер аза­маттың еңбегіне оң баға беріп, алдағы уақытта өнім түрлерін арттырып, са­паны жақсарта түсуді назарда ұстауды өтінді.

– Жетісу өңірінің ауыл шаруа­шы­лығы саласындағы қазіргі же­тістігі өте жақсы болса, болашағы бүгінгіден де зор. Елбасының «Қа­зақстанның үшін­ші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында белгі­ленген меже­нің бірі – кәсіпкерлікті қол­дау және кооперативтер құру мә­селесі екенін жақсы білеміз. Ал­дағы кезде осы бағыттағы жұ­мыс­ты барынша күшейткен жөн. Біз бүгін жұмысын көрген сүт-тауарлы ферма сынды кә­сіп­орындар қатары артатынды­ғына, жаңа жобаларды жатсын­бай­тын, сапа­лы әрі табиғи өнімдер өн­діруге бел буған осындай кәсіп­кер азаматтар ел ара­сынан көптеп шы­ға­тынына сенімдімін, – дейді де­путат Серік Досымханұлы.

Болат АБАҒАН
Алматы облысы