Nur Otan партиясы түрлі спорт федерацияларымен және ұйымдармен бірлесіп, қазақстандық спортты насихаттауға бағытталған ұлттық және халықаралық, сонымен қатар аймақтардағы көптеген спорттық шараны тұрақты ұйымдастырып келеді.
Nur Otan партиясы Арқалық қалалық филиалының мұрындық болуымен жергілікті «Қосымша білім беру орталығымен» бірлесіп, доп додасын ұйымдастырды. Оған шағын шаһардағы жас жеткіншектерден құралған 10-ға жуық команда қатысты.
– Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Оны дамыту – баршаның ортақ міндеті. Осы ретте партия тарапынан түрлі спорттық шараларға қолдау көрсетіп жүрміз. Футбол – әлемдегі танымал спорт түрі. Сол себепті, жастарды біріктіріп, теңбіл доп додасын ұйымдастырдық, – дейді Nur Otan партиясы Арқалық қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сабыржан Тасмағанбет.
Бір аптаға созылған шағын футбол турнирі мәресіне жетті. Командалар «А» және «Б» тобына бөлініп өнер көрсетті. Топтан шыққан командалар бас жүлде үшін таласқа түсті. Аламан бәсекенің қорытынды ойынында Б.Майлин атындағы №3 орта мектептің командасы мен Ы.Алтынсарин атындағы гимназия аяқдопшылары өзара сынға түсті. Тартысты ойында Б.Майлин атындағы №3 орта мектептің командасының мерейі үстем болып, жарыс жеңімпазы және Nur Otan партиясы кубогының иегері атанды. Үштікті М.Әуезов атындағы №5 орта мектептің командасы түйіндеді. Жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар тапсырылды.