Елімізде соңғы жылдары халықты баспанамен қамтуды көздеген түрлі бағдарлама жүзеге асырылды. Мәселен, 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл рекордтық көрсеткіш деп бағаланды. Сөйте тұра көп отбасының баспана мәселесі шешіле қоймады. Өйткені ипотекалық несие арқылы баспана алудағы басты кедергі – бастапқы жарнаның көптігі көп адамның арманын орта жолдан тоқтатты. Осы мәселені шешудің жолы былтыр табылғандай болған. Елбасы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялап, әр отбасыға баспана алудың жаңа мүмкіндігін ұсынды.
«Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе. Оның шешімін тұрғын үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек. Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндігі аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет. Сондықтан «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын», – деді Елбасы.
Осылайша, несие өсімінің мөлшерлемесі жылына 7 пайызды құрайтын, бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызынан аспайтын, несие алу мерзімін
25 жылға дейін созатын бағдарлама өмірге келді.
Бағдарлама іске қосылғалы бері елімізде 8 мыңға жуық отбасы 92 млрд теңге қарыз алып, баспаналы болды. Бағдарлама банктің ипотекалық портфелінің 1,4 трлн теңге өсімін қамтамасыз етті. Бұл деректі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ұлттық банктің төрағасы Ерболат Досаев айтты.
Жалпы, жылжымайтын мүлік саласының сарапшылары «7 – 20 – 25» бағдарламасын қазіргі таңда кез келген азаматқа жылына 7 пайыз мөлшерлемемен 20 жылға пәтер алуға мүмкіндік беретін ең тиімді бағдарлама деп бағалайды. Бір байқағанымыз, бағдарлама уақыт өткен сайын халық талабы бойынша жетілдіріліп келеді. Мәселен, биыл мамыр айында қарыз алушыларға бастапқы жарнаны баспана бағасының 20 пайыздан асатын сомада төлеу құқы берілді. Бұл ай сайынғы төлем көлемін азайтуға және табысы аз азаматтарды қамтуға мүмкіндік берді.
«Азаматтар бастапқы жарнаны көбейту арқылы ипотеканы мақұлдау мүмкіндігін арттыра алады. Сонымен бірге, банктер үшін кредиттік тәуекелдер де төмендейді. «7 – 20 – 25» бағдарламасы уақыт талабына сай, қазақстандықтар қалауын ескере отырып жаңарып жатыр», – дейді «Баспана» ипотекалық ұйымының серіктес-банктермен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қанат Әбдірайымов. Оның айтуынша, банктерге қойылатын талапты төмендету арқылы қатысушы-банктер саны көбейтілген. Бүгіндері бағдарлама бойынша ипотекалық несиелерді Халық банкі, Сбербанк, Банк ЦентрКредит, Еуразия банкі, АТФБанк, Jysan банк, Банк РБК, ForteBank береді. «Баспана» ұйымының дерегінше, бағдарлама Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында белсенді жүргізіліп келеді. Мәселен, бағдарлама бойынша берілген несиелердің 51 пайызы – алматылықтар мен астаналықтар үлесінде.
Бағдарламамен пәтер алушылар назарына маңызды ақпарды ұсынсақ: ипотека алушының нотариустық шығындары 10 мың теңгеден аспауы керек. «Баспана» ипотекалық ұйымы бұл мәселеге екпін түсіріп отырған себебі, былтыр тамыз айында бағдарлама бойынша несие алушы сатып алған жылжымайтын мүлкін сатып алу-сату шартын куәландыру үшін Алматы қаласының жекеменшік нотариусына жүгінген. Нотариус жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шартты куәландырғаны үшін 10 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) және техникалық және құқықтық сипаттағы қосымша қызмет көрсеткені үшін 7 АЕК-тен құралатын 42 925 теңге (17 АЕК) мөлшеріндегі соманы өндіріп алған. Ал шындығында, Салық кодексі мен «Нотариат туралы» заңға сәйкес, ипотекалық тұрғын үй қарызының қаражаты есебінен сатып алынатын жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шартын куәландыру қызметінің құны нотариаттық іс-әрекеттерін жасағаны үшін мемлекеттік баждың құнынан (2 АЕК) және техникалық және құқықтық сипаттағы нотариаттық іс-әрекеттері құнынан (2АЕК) құралады, яғни 4 АЕК болады. Клиент Қазақстан Республикасының осы заңнамасын басшылыққа алып, нотариусқа өзінен заңсыз ұсталған соманы қайтаруды талап етеді. Нотариус клиент талабын орындамай, соманы қайтарудан бас тартқан соң, қарыз алушы сотқа жүгінген.
«Азаматтар бастапқы жарнаны көбейту арқылы ипотеканы мақұлдау мүмкіндігін арттыра алады. Сонымен бірге, банктер үшін кредиттік тәуекелдер де төмендейді. «7 – 20 – 25» бағдарламасы уақыт талабына сай, қазақстандықтар қалауын ескере отырып жаңарып жатыр», – дейді «Баспана» ипотекалық ұйымының серіктес-банктермен жұмыс жөніндегі департамент директоры Қанат Әбдірайымов.
«Баспана» ипотекалық ұйымы қарыз алушының дәлелдерін қолдай отырып, сотқа «7 – 20 – 25» бағдарламасы шеңберінде тұрғын үйді сатып алу тәртібі мен талаптары туралы түсініктеме берді. Нәтижесінде, клиент азаматтық істі жеңіп, артық төлеген 32 825 теңге мөлшеріндегі соманы қайтарып алды. Тұрғын үйді ипотека есебінен сатып алған жағдайда, қарыз алушылардың шығындары биыл 4 АЕК немесе 10 100 теңге болуы тиіс», – дейді ипотекалық ұйым өкілдері.
Бағдарламаны жетілдіру демекші, тағы бір ұсыныс жасалып отыр – осы жылдың наурызында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ««7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында тұрғын үйді пайдалануға бергенге дейін ипотекалық несие беруді ұсынды. Аталған министрліктің Құрылыс және түрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Қашақовтың айтуынша, бағдарламаны ауқымды түрде жүзеге асыру үшін Ұлттық банкке «7 – 20 – 25» бағдарламасы қатысушыларын несиелеуді үлестік құрылыс кезеңінен қарастыру қажет.
Тағы бір жаңалық – бүгінгі таңда «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясында заемды онлайн режимде алдын ала мақұлдау тетігі әзірленіп жатыр. «Баспана» ипотекалық ұйымының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбековтің сөзіне қарағанда, жобада әлеуетті қарыз алушыға қашықтан ипотекалық несие алу мүмкіндігін қарастыруға өтініш беріп, екінші деңгейлі банктердің мақұлдауын алуға жағдай туғызатын жүйе құру көзделген.
«Жүйе әлеуетті қарыз алушыларға банктерге бармай-ақ, қажетті анықтамаларды жинамастан төлем қабілетін бағалауға, серіктес-банктердің мақұлдауын алуға және ең тиімді банк пен талаптарды таңдауға мүмкіндік береді. Жүйеде ипотекалық қарыз алуға өтініштер беру кезінде талап етілетін барлық құжат пен анықтама, есеп бойынша электронды мұрағат құрылады да, қағаз құжаттар жинау мен сақтаудың қажеті болмайды», – дейді ол.
Елімізде жемісті жұмыс істеп келе жатқан баспанамен қамту жүйесінің бірі – «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі». Аталған банк «7 – 20 – 25» бағдарламасына қатыса ма деген сауал аз қойылған жоқ. Жуырда бұл сауалға кезекті баспасөз мәслихатында банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова жауап берді. «Біз классикалық ипотекалық банк емеспіз, тұрғын үй құрылыс жинақтаушымыз. Жүйеміз мынадай, алғашқы жарна 20 пайыз болып, адам 50 пайызын жинаса да, тіпті несиесі болса да тұрғын үй заемының төмендетілген ставкасына көшуі тиіс», – деген төраға Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде «7 – 20 – 25» бағдарламасына ұқсас шарттар барын айтты. Ол шартқа сәйкес бастапқы 20 пайыз жарна жинаған азаматтарға несие жылына 7 пайыздық мөлшерлемемен беріледі.