Петропавлда қала күні 12 шілдеде тойланады. Қайбір жылдары алып тасталып, кейіннен қайта бекітілген бұл мереке халық наразылығын жиі тудырады. Бірде тамыз, бірде қыркүйекте деп өзгертілген дата 2015 жылы қайтадан 12 шілдеге тоқталды. Қала күнін тойлауға қарсы шығушылардың уәжі сол – православие дініндегілер осы датада қасиетті апостолдар Петр мен Павел күнін тойлайды. Сәйкесінше, православтар бұл күні діни рәсімдерін өткізетіні белгілі. Қала күні мен діни мерекені араластырмау туралы шенеуніктердің екіге бөлінген ойы ақырында бір байламға келді. Осылайша күні кеше мыңдаған православ жамағаты қала күнімен қатар келген мерекесінде крест шеруін өткізді.
Петропавл қаласының құрылуы, жылнамаға сүйенсек, қасиетті Петр қамалынан бастау алады екен. Православтар қасиетті апостолдар Петр мен Павелді осы жердің көктегі жебеушілері деп біледі. Бас шіркеу де соның құрметіне аталған. Крест шеруінің өткізілуінің де түбінде осы діни сенім жатыр. Әлі күнге дейін 12 шілдеде қаланың басты көшелерінде бейбіт шеру ұйымдастырылып, әр қиылыста аялдап, қасиетті су сеуіп шығады. Тұрғындардың көпшілігі бұл дәстүрлі мерекені Петропавлдың сәнін келтіретін ерекшелік деп те атайтын көрінеді. Облыс тұрғындарының 40 пайызы – мұсылман, 54 пайызы – православ, 5 пайызы католик дінін ұстанады екен. Қалған бір пайызы – өзге де конфессияларға мүше.
Әдетте, шерудің қай түріне болсын рұқсат алу оңай емес. Бірақ Солтүстік Қазақстан облысы дәстүрлі крест шеруін өткізуде жеткілікті тәжірибе жинап алғанға ұқсайды. Облыстық дін істері басқармасы жіберген сұранысымызға жауабын жолдаған болатын. «Жыл сайын 12 шілдеде православиелік діндарлар (тұрғындардың 54 пайызын құрайды) «Крест жүрісі» діни рәсімін өткізеді. Аталған рәсім облысымызда 1994 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Православиелік ғибадатхананың бірде-бір аумағы православиелік келушілердің діни қажетін қанағаттандыра алмағандықтан, бұл рәсім діни ғимараттан тыс жерде өткізіледі әрі бейбіт сипатта болады. Шеруге өңірдің мыңдаған дін өкілдері, сондай-ақ Қазақстан мен Ресейдің шекаралас облыстарынан өкілдер жиналады. Діни іс-шараны өткізуді ұйымдастыруға жарғы және дін саласындағы Қазақстанның қолданыстағы заңнамасы аясында «Қазақстанның православиелік шіркеуінің Петропавл және Булаев Епархиясы» жауапты. «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 5-бабы, 7-тармақшасына сәйкес, «Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен тыс жерде орналастыруға келісу туралы шешім беру» шеңберінде облыс әкімдігінің Дін істері басқармасы «Қазақстанның Православиелік шіркеуінің Петропавл және Булаев Епархиясы» жергілікті діни бірлестігінің өтініші және «Петропавл қаласы әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» КММ хабарламасы бойынша іс-шараны өткізуге келісім берді. Жоғарыда атап өтілген мемлекеттік қызметті көрсету үшін өтініш, анықтама-негіздеме, мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің, Жарғының көшірмесі және құқық иеленушінің құжаты талап етілді. Тиісті мемлекеттік органдар бейбіт шерудің қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдады» делінген Дін істері басқармасының ресми жауабында.
Әр жылда әртүрлі басшының бастамасымен қала күнін қай датада тойлауға қатысты небір ұсыныстардың болғанын жоғарыда атап өттік. Тіпті соттасудың да аз-ақ алдында қалған. Дегенмен депутат пен қала әкімі арасындағы келіспеушілік шешімін тапқан болатын. Апостол ерлігін есте ұстаған православтар осымен жиырма бесінші рет шеру өткізіпті. Зайырлы ел ретінде сипатталатын Қазақстанда мұндайға қарсы шығу әсте мүмкін емес. Өйткені діни сенімге келгенде әркімнің ұстанымы бар. Мемлекет дін ісіне, дін мемлекетке араласпайды. Осылайша діни бостандықты басшылыққа ала отырып, тыйым салуымыз тиіс деп ұрандатуға болмайды.
Дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы бұл шеруден діни астарды байқамайтынын айтады. «Мен ол жерден діни астар көрмедім. Саяси астары бар сияқты. Сондықтан діни плюрализм деп әркім өзінің саяси амбициясын көрсете бермеуі тиіс. Тұрған мемлекетінің, мемлекет құрушы ұлттың сенімін, тәуелсіздігін, саяси көзқарасын құрметтегені дұрыс шығар», – дейді сарапшы.
Айша ЕРСҰЛТАН