Олар үшін 1 жылда 13 ай бар
Олар үшін 1 жылда 13 ай бар
601
оқылды
Қазақстанда ұялы байла­ныс операторлары ұсынған тарифтер бағасы жылдан-жылға қымбаттап жатыр. 2018 жылы Ranking.kz сарап­шы­лары елімізде ұялы бай­ланыс қызметі 4,3 пайызға қымбаттағанын айтты. Ал 2019 жылы Activ, Kcell, Beeline операторлары жаңа та­риф­тік жоспарлар енгізді. Ұялы байланыс қызметі жаңа тарифтік жоспарларды толық бір айға емес, 28 (4 апта) күнге қосатын болды. Нәтижесінде, абонент 1 жылдың ішінде тарифтік жоспарды 12 рет емес, 13 мәрте қосуға мәжбүр болады. Яғни әр абонент бір айлық төлем үшін ақша аударғанымен, тарифті тек 28 күн пайдаланады. Сөйтіп, операторлар ай сайын екі күн ұтып, тұнынушы бір жылда 24 күнге ұтылады. Өз кезегінде бұл әрекет ұялы бай­ла­ныс операторлары үшін жы­лына шамамен 38-55 млрд теңге көлемінде қосымша пай­да әкеледі. 28 күндік тарифтік жоспарлар халық үшін қолайсыз көрінбеуі мүмкін, дегенмен ұялы байланыс қызметін ұсынушылар тарапына табыстың көзі болғанына қарағанда, бұл да бір «қулық» емес пе?» деген заңды сұрақ туары анық. Аталған мәселені былтыр Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Никитинская көтерген болатын. Депутат операторлар та­риф­тік жоспарларды бір мезетте бірдей өзгерткеніне баса назар аударып, бақылауды қатаңдатуды сұраған. Ұялы байланыс опера­тор­лары нарығында «Қазақтелеком» до­минанттыққа ие. Ол қолда­ныс­­тағы екі операторды, Қа­зақстан нарығының 60,4 пайы­зын басқарады. 2018 жылы Ұлттық эко­номика министрлігі Бәсе­ке­лестікті қорғау және дамыту комитеті «Қазақтелеком» АҚ-ның Kcell бақылау пакетін сатып алу туралы мәмілесі туралы келісімге отырды. Бұл жағдай нарықты рет­теу бойынша міндеттерді Ұлттық экономика министрлігіне жүктейді. Осы жағдайды ескере оты­рып, ұялы байланыс оператор­ла­рының тариф бағасын негізсіз өсіре беруі мен оның қадағалану барысы жайлы Ұлттық экономика министрлігі Бәсекелестікті қор­ғау және дамыту комитетіне сауал жолдағанбыз. Комитеттің бас­пасөз қызметінің айтуынша, опера­тор­ларды негізсіз тергеп-тек­серуге құқы жоқ екен. – Кәсіпкерлік кодексінің 199-бабына сәйкес ұялы байланыс операторларын тергеп-тексеру жұмыстарына көшу үшін негіздеме болуы қажет. Егер тұтынушы та­рапы комитетке сауал жолдап, заң­бұзушылық жағдайының болғанын хабарласа, үстінен шағым түсіп отырған ұялы байланыс қызметіне 10 жұмыс күні ішінде жағдайды ретке келтіруді тапсырамыз. Егер орындалмаған жағдайда, же­дел түрде тергеу жұмыстары бас­талады. Ал ұялы байланыс қыз­­ме­тін қолданушы абоненттер ко­ми­­тет­тің сайты арқылы сауал жол­дап, қалаған сұрағына жауап ала­ды, – дейді баспасөз қызметі. «Тарифтік жоспарлар бағасы­ның өсуіне тағы бір себеп – ұялы байланыс абоненттері санының артуы» дейді сарапшылар. 2017 жыл­ғы дерек бойынша елімізде 25,4 миллион абонент болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 26,5 мил­лионға өскен. Қазақстанда 2019 жылы Tele 2 мен Altel тарифтері қолданушылар арасында сұраныс­қа ие болған. Тағы бір ескерер жайт – ТМД елдерінің ішінде мобильді интернетке ең көп ақша жұмсайтын – қазақстандықтар. Бірақ сұраныстың көптігі тарифтік пакеттер бағасының қымбаттауына себеп болмаса керек. 2018 жылы Content Review агенттігі жүргізген зерттеуде Қазақстан мобильді интернеті арзан елдердің төрт­ті­гіне кірген. 1 гб трафик бағасы – 264 теңге. Арзан интернет бойын­ша көбіне Иран, Польша мен Венесуэла елдері алғашқы орын­дар­дан көрінеді. Жалпы, Қазақстан аумағында кең таралған 5 ұялы байланыс операторы бар. Олар – Acti, Kcell, Beeline, Tele2, Altel. Еліміздегі 30 миллионға жуық абоненттің 55 пайызға жуығы мобильді интернет қолданады. Жыл сайын интернет қолданушыларының аясы кеңейіп отырғанына қарап, тарифтік жоспарлар бағасы тікелей болмаса да, түрлі амалдар арқылы өсуі ықтимал.    width= Мадияр ТӨЛЕУОВ