Жаңадан 93 мың гектар жер игеріледі
Жаңадан 93 мың гектар жер игеріледі
5,336
оқылды

Павлодар облысында 93 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына жіберіледі. Бұл жөнінде облыс әкімі Болат Бақауов мәслихат депутаттарының алдында есеп беру кезінде мәлімдеді.

Әкімнің айтуынша, жыл басында облыста 471 мың гектардан астам ауылшаруашылық жері тұрып қалса, бүгінгі таңда олардың 140 мың гектары резервке қайтарылған, ал 183,6 мың гектар жерді игеру басталды.

– Бүгінгі таңда облыста 3 миллион гектарға жуық жайылымдық жер бекітілмеген, – деді аймақ басшысы. – Бұл үлкен әлеует. Жыл соңына дейін қала және аудан әкімдері пайдаланылмайтын жер бойынша жұмысты аяқтауы қажет, жер кадастрын толық цифрлау қажет.

Депутаттардың банк кепіліндегі учаскелер туралы сұрақтарына жауап бере отырып, Павлодар облысының әкімі өңірде 93 мың гектар жер бар екенін айтты. Сондықтан, бүгінде билік осы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту үшін жұмыс істеп жатыр.

– Бізде айырмашылық жоқ, бұл жер банктікі ме, жоқ па?   Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтқан. Сондықтан біз ол жерлерді айналымға енгізу үшін шаралар қабылдаймыз, – деді өңір басшысы.

Бұдан басқа, облыс басшысы жер телімдерін игермеген жер пайдаланушыларға салынатын он еселік жер салығын қолданудың тиімділігін қарастыруды ұсынды. Әйтпесе көбіне жұмыс істей бастағаннан гөрі, жер жалдаушыларға бұл «айыппұлды» төлей салу оңайырақ.