Нұр-Сұлтан мен Алматының арасына 4 жолақты жол салынады
Нұр-Сұлтан мен Алматының арасына 4 жолақты жол салынады
349
оқылды

Нұр-Сұлтан мен Алматының арасындағы республикалық маңыздағы жолдар 4 жолақты, бірінші дәрежелі жолдарға айналады.

Журналистермен болған кездесуде QazAvtoJol ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ұлан Әліпов осылай деп мәлімдеді.

–«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес қазір республика бойынша жалпы ұзындығы 4400 шақырымды қайта жаңарту жұмыстары бойынша 14 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған 18 мың адам және 12 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек 428 шақырымда күрделі жөндеу, 1415 шақырымда орташа жөндеу, 19,6 мың шақырымда күтіп ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Халықаралық дәліздер мен шекара маңындағы бағыттарға да басымдық беріледі. Олар: Алматы–Өскемен, Үшарал–Достық, Бейнеу–Ақжігіт, Қалбатау–Майқапшағай және Ақтөбе–Атырау–РФ шекарасы. Бүгінгі таңда мердігерлік шарттарына қол қойылып, дайындық жұмыстары жасалып жатыр. Қайта жаңарту нысандарындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін аталған учаскелер пайдалануға беріледі, – дейді ол.

      Компания басшысы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға инвестиция тарту бойынша атқарылған жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік емес қарыз есебінен мемлекеттік кепілдікпен Еуропалық қайта құру және Даму банкімен және Қытайдың «ЭКСимБанкімен» келісім жасалған. Тартылған қаражат есебінен Талдықорған-Өскемен (763 шақырым), Қалбатау-Майқапшағай (415 шақырым), Меркі-Бурылбайтал (266 шақырым), Күрті-Бурылбайтал (143шақырым) учаскелерінде жұмыс жүріп жатыр.

        Жалпы, биыл республика бойынша 548 шақырым жолды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

 Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ