Теміржол көлігімен астық тасымалдау қарқынын үзіп алмау үшін қандай амал керек? Жүк жөнелтуге тапсырыс беруден бастап, соңғы нүктеде жүктің уақытында түсірілуі, қысқасы, вагондардың жол үстінде қаңтарылып немесе «дөңгелекті қоймаға» айналмауы үшін не істеген жөн? «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің төрағалығымен өткен жиында осы мәселе талқыға түсті.
Астық тасымалдауды ұтымды ұйымдастыруға арналған отырысқа аграрлық кәсіпорындар басшылары, жылжымалы құрам операторлары мен мүдделі ведомство өкілдері қатысты.
«Үздіксіз тасымалдауды жүзеге асыру үшін процеске қатысушылардың нақты келісілген іс-әрекеті қажет», – деді жиынды ашқан Қ.Әлмағамбетов. Егер сол нақты келісілген іс-әрекет болса, мынадай жиын өтпес те еді. Себебі, бұл – жылда қайталанатын жағдай. Түптеп келгенде, тараптардың жауапсыздығы теміржол тасымалы жоспарының орындалуына кедергі болады. Соған жол бермеу үшін ҚТЖ осы жиынды ұйымдастырды.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ ресми дерегіне сүйенсек, биыл алғашқы жарты жылдықта 5,4 млн тонна астық тиелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңі көрсеткішінен 2 пайызға көп. Сондай-ақ, атаулы кезеңде 1,3 млн тонна ұн өнімдері тасымалданған. Жалпы, астық экспорты өткен жылғыдан 5 пайызға артып, 4,2 млн тоннаны құраған. Астық тасымалы негізінен Орталық Азия, Балтық жағалауы елдері, Ресей, Беларусь, Иран, Грузия, Әзірбайжан, Қытай, Ауғанстан елдеріне бағытталып жатыр. Пайыздап бөлсек, астықтың 50 пайызы – Орталық Азия елдеріне, 25 пайызы еуропалық бағытқа жөнелтіліп отыр. Ал ұн өнімдерінің 60 пайызы – Ауғанстанға, 35 пайызы Орталық Азия елдеріне жөнелтілген.
«ҚТЖ–Жүк тасымалы» акционерлік қоғамының атқарушы директоры Нұржан Келбұғановтың айтуынша, биыл 1 қыркүйектен бастап Өзбекстан мен Тәжікстанға астық бағыты құрылады. Бұл жүк жеткізуді жеделдетеді және вагондар айналымын екі есеге қысқартады деген үміт бар.
Сарыағаш мемлекетаралық түйіспелі қосыны арқылы өтетін желінің өткізу мүмкіндігі тәулігіне 23 жұп пойыздан 28 жұп пойызға көбейді. Ақтау портын солтүстік бойынша кеңейту жобасы, Құрық портында логистикалық инфрақұрылымы мен кедендік қызмет көрсету аумағы бар теміржол-паром кешені мен автокөлік паром кешені жүзеге асырылды. Құрық – Алят – Ахалкалаки – Карс – Мерсин арқылы жаңа теміржол дәлізінің ашылуы Түркия мен Еуропа елдері нарығына төтесінен шығуға мүмкіндік берді. Мұның барлығы тасымалдау жұмысын жетелдетуді көздейді.
«Маркетинг болжамы негізінде 2019-2020 жылдарға 10 млн тонна астық пен 1,8 млн тонна ұн өнімдерін тиеу жоспарланған. Ол үшін вагондардың тоқтап тұруын қысқартуға бағытталған шаралар қабылдау қажет, бастысы, жүк иелері тасымалды сапалы жоспарлауы маңызды. Егер әу бастағы жоспар жөнімен жасалып, сол тәртіп сақталса, астық тасымалын толық жүзеге асыруға болады», – дейді Н.Келбұғанов.
Әйтпесе, астық тиісті нүктеге жетпесе, сөздің бәрі теміржолшыларға келеді, вагон бермеді, вагон жетпеді деген сылтау айтылады. Олай болса, әңгімені астық тасымалдауға вагон жеткілікті ме деген сауалдан бастайық.
Бүгінгі таңда қазақсандық астық тасымалдаушы вагондар паркінде 9259 вагон бар. Оның 6 254-і – «Астық тасымалы» АҚ-ның басқаруында. Аталған компания осы вагондардың 2893-ін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорыны – «Қазтеміртранстан» жалға алған. Осылайша «Астық тасымалы» АҚ астық тасымалына жегілген вагондар паркінің 72 пайызына иелік етіп отыр. Бұған «Қазтеміртранс» басқаруындағы республика ішінде астық тасымалдау үшін қақпақ орнату арқылы модернизацияланған 322 ашық вагонды қосыңыз. Ал 2517 вагон немесе қазақстандық парктің 28 пайызы – өзге компаниялар (Агромин, Expert logistic, Самал транс, Универсал логистик, Логос Грейн, София Транс Экспресс, АТК Керуен, НордТЭК және басқа компаниялар) меншігінде.
Соңғы үш жылда Қазақстандағы астық тасымалдаушы вагондар паркі 567 вагонға немесе 7 пайызға көбейген. Ұлттық компанияның жүк вагондары бойынша операторы – «Қазтеміртранс» меншігіндегі астық тасымалдаушы вагондар 1200-ге азайса, «Астық транста» керісінше 1135 вагонға көбейіпті. Нәтижесінде «Астық Транс» АҚ астық тасымалының 56 пайызын жүзеге асырып отыр. Соның ішінде республикаішілік астық тасымалының 90 пайызы, экспортқа жіберілетін астықтың 42 пайызын осы компания тасымалдайды. Есесіне «Қазтеміртранс» отандық жабық вагондар паркіндегі 13 011 вагонның 62 пайызына иелік етіп отыр. Осыншама вагон бола тұра, жаппай астық тасымалдау маусымында отандық жүк жөнелтушілер мен операторлар өз күшімен «бөгде» вагондар паркінен 2500-ге жуық вагон тартуға мәжбүр. Егер астық тасымалдау науқаны кезінде тасымалдау процесіне қатысушылар жұдырықтай жұмылып жұмыс істесе, вагон жетіспеушілігінің алдын алуға болады екен.
«Тасымалдаушы жеткізу жылдамдығын, вагондарды уақытында беруді және жинауды қамтамасыз етеді. Ал жүк жөнелтуші мен жүкті қабылдаушы жүк тиеу және түсіру кезінде вагондардың қаңтарылып қалуын азайтуға, тасымалдауды сапалы жоспарлауға міндетті. Тасымалды жоспарлау – тасымал процесін ұйымдастырудың негізі саналады. Өйткені, астық пен ұн өнімдерінің
90 пайызға жуығы жоспардан тыс тасымалданады. Соның салдарынан бірінші он күнде 100 вагонға ғана астық тиелсе, екінші-үшінші онкүндікте 1200 вагонға дейін тиеледі. Қыркүйек пен желтоқсан аралығында жылдық жоспардың 50 пайызға жуығы тасымалданады да, бұл вагон дефицитінің қолдан жасалуына әкеліп соғады», – дейді Нұржан Келбұғанов.
Сондықтан мемлекеттік бақылау органдары фитосанитарлық, кедендік бақылау бойынша аймақтық бөлімшелердің рұқсат қағаздарды үздіксіз беруді, лицензиясы бар зертханалар санын көбейтіп, фитосанитарлық және кедендік бақылау қосындарының жүк тиеу орындарына барынша жақын орналасуын қамтамасыз ету қажет. Фитосанитарлы және карантин сертификаттарын демалыс пен мереке күндері беру де астық тасымалдауды жеделдетуге ықпал етер еді дейді теміржолшылар.
Айтқандай, вагондардың қаңтарылып қалуына астық сапасының талапқа сай болмауы да ықпал етеді екен. Импорттаушы елдердің астық сапасына қоятын талабы өте жоғары және ол астыққа араласқан қоспа мен астықтың бүлінуіне қатысты қазақстандық стандарттан бөлектеу екен. Астыққа қарақоңыз бен кене сынды жәндіктер, көп жағдайда жаңа астыққа ескі астықты араластырғанда пайда болады. Вагондардың дәріленбеуі де көп жұмысқа қолбайлау, тіпті дәріленген күнде де оны лицензиясыз компаниялар сапасыз атқарады. Осындай мәселелерді шешу үшін элеваторлардың астық сапасына жауапкершілігін арттыру қажет дейді ұлттық компания өкілдері. Әрі-беріден соң бұл «Қазақстанда астықты сандық-сапалы есепке алу ережесінде» қарастырылған.
Сондай-ақ жүк тиеуші құралдардың жиі бұзылуы, вагон таразысы мен мотовоздардың жоқтығы да вагондардың қаңтарылуына алып келеді. Осындай мәселелерді қызу талқылаған кеңесте жүк жөнелтушілерге «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ вагондардың тоқтап тұруын қысқартуға бағытталған шаралар қабылдауға бірқатар ұсыныс берді. Сондай-ақ жүктерді тасымалдауға қатысты қызмет көрсету, сұрақтарға жауап беру мен мамандардың кеңесі, ақпараттық анықтама беру бойынша Call-орталығы іске қосылғанын еске салды.
Алдағы қазан айынан бастап, «ҚТЖ» ҰК басқарма төрағасы бірінші орынбасарының төрағалық етуімен астық тасымалын ұйымдастыру штабы жұмыс істей бастайды.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ