Жандос Дүйсембиев, Мемлекеттік кіріс комитеті Аудит департаментінің директоры: Рақымшылық бюджет толтыру үшін жасалмайды
Жандос Дүйсембиев, Мемлекеттік кіріс комитеті Аудит департаментінің директоры: Рақымшылық бюджет толтыру үшін жасалмайды
375
оқылды

Елбасы былтыр қазан айындағы Жолдауында бизнес субъектілеріне салынған айыппұлдар мен өсімдерді есептен шығару туралы тапсырма берген-ді. Соған орай жыл басында шағын және орта бизнес субъектілері үшін төленбей қалған салық түрлеріне рақымшылық жарияланды. Содан бері жарты жыл өтті. Салық қарызы бар ШОБ субъектілері бұл мүмкіндікті қалай пайдаланып жатыр? Бұл сұраққа Қаржы министрлігі Мемлекеттік кіріс комитеті Аудит департаментінің директоры Жандос Дүйсембиев жауап берді.

– Жандос Жұмабайұлы, рақымшылық салық қарызын бюджетке қайтаруды көздейді деген түсінік бар, олай болса, рақымшылық жарияланған уақыттан бері қазынаға қанша қаржы құйылды?

– Салық рақымшылығы – салықтық міндеттеме жүгінен арылудың балама түрі. Мұны салық төлеушілер пайдаланады. Ра­қымшылықты бюджетті толтыру үшін жа­риялайды деу – дұрыс емес. Біз салыққа ра­қымшылық жасау арқылы бизнес субъек­тілерін құқықтық алаңға қайтаруды көздейміз. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардағы жұмыс орнының сақталуын қамтамасыз етеміз. Бастысы, шағын және орта бизнес саласын­дағы экономиканы сауықтыруды мақсат тұтамыз. Себебі рақымшылық кезінде айып­пұл мен күн сайын қосылып отырған өсімпұл толығымен алынып тасталады. Мұны іскер жұртшылық қолдап отыр. Бұл ретте, мемле­кеттік кірістер органы рақымшылықтың қолдану мерзімі аяқталғанша ШОБ-қа салық қарызын реттеуге көмектесуге дайын.

Салыққа рақымшылық Елбасының өткен жылдың қазан айындағы Жолдауында айтыл­ды. Сол кездегі (2018 жылғы 1 қазан – ред) жағ­дай бойынша ШОБ субъектілерінің са­лық бойынша берешегі – 210,4 млрд теңге, өсімпұл – 122,9 млрд теңге, айыппұл 7,4 млрд теңгені құрады. Бұл 90 077 салық төлеушінің жиынтық қарызы. Биыл 1 шілдеде «Шағын және орта бизнес үшін салықтық рақым­шылық» бағдарламасына 39 330 салық төлеуші 7,6 млрд теңге негізгі қарызын өтеу арқылы қосылды. Олардың 2,1 млрд теңге өсімпұлы мен 180,6 млн теңге айыппұлы есептен шы­ғарылды. Яғни, олар бағдарлама аясында не­­гізгі қарызды төлеу арқылы өсімпұл мен айып­пұлдан босатылды. Есесіне, қырық мың­ға жуық ШОБ жұмысын ары қарай жал­ғас­тырады. Ондағы жұмыс орындары сақталып қалды.

– Алты айда 210 млрд теңге қарыздың үштен бірі ғана өтеліпті. Салық қарызы жиналып қалған бизнес субъектілері өздеріне берілген мүмкіндікті пайдалануға неге құлықсыз?

– Шынында, салық төлеушілердің өтеген сомасы 2018 жылғы 1 қазан айында қалып­тасқан берешек сомасының 3,6 пайызын ғана құрайды. Мұның бірнеше себебі бар. Мәселен, барлық берешек соманың жартысына жуығы (44,4 пайызы немесе 93,4 млрд теңге) қосымша құн салығына (ҚҚС) тиесілі. Ал ҚҚС есепке жатқызу бойынша «сұр» және «шеңбер» деп аталатын схеманы пайдаланатын жоғары тәуекелді салық түрі. Құрылыс, көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ қызмет көрсету салаларына берешектің 60 пайызы тиесілі болып отыр. Мемлекеттік сатып алу саласына тікелей немесе жанама түрде (мердігерлер, қосалқы мердігерлер, түрлі деңгейдегі өнім берушілер және басқалар) тиесілі. Егер гео­графиялық жағынан алып қарасақ, Алматы (13,5%), Шымкент қалалары (13,4%) мен Қарағанды облысы (13,8%) салық берешегі көп өңірлер көшін бастап тұр.

Бизнес рақымшылықтың мүмкіндігін неге пайдаланбайды дегеніңізге айтарым, қарызы көп бизнес субъектілерінің арасында банкрот деп танылған, жұмыс істемейтін және басқа да мәртебеге ие тұлғалар бар, солардың берешек деңгейі жоғары болып тұр. Бұл – үлкен проблема. Бізде ондай 18 489 тұлға бар, олардың жалпы берешегінің көлемі – 136,1 млрд теңге. Бұл былтыр қазан айында салық рақымшылығы жарияланған кезде айтылған соманың 65 пайызын құрайды.

Тағы бір себебі, рақымшылық туралы хабарлама салық төлеушінің мінез-құлқына әсер етпейді. Салық төлеушінің бағдарламаға қатысуы туралы шешімі ресурсына және мақсатты бағытталған күшіне байланысты. Мәселен, салық берешегі 700 млн теңгені құрайтын салық төлеуші бар делік. Оның берешегі 2017 жылдың сәуір айында құралған. Салық төлеушіге қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу тәсілдері мен шаралары қолданылған, олар оны өтеуге алып келген жоқ. 2017 жыл­дың сәуірінен кәсіпорын қаржы-шаруашы­лық қызметін жүргізбеген, сәйкесінше салық есептілігін тапсырмаған, заңды мекенжайы жоқ және уәкілетті органдардың мәліметтері бойынша берешектерін өтеу үшін активтері де жоқ. Демек, аталған салық төлеуші (бизнес субъектісі) бюджет алдындағы қарыздарын рақымшылық жасауға үміткер, бірақ әлі күнге дейін оның бағдарламаға қатысуы күмәнді болып қалып отыр. Мұндай салық төлеуші салық төлеуден жалтарудан табатын пайда мен шығындарын өзі таразылауы тиіс. Сондықтан салыққа жасалып отырған рақымшылықтың тиімділігіне қарамастан, комитеттің алдында 3 міндетті орындау қалып тұр: салық тө­леушілердің арасында түсіндіру жұмысын жалғастыру, салықтық бақылау мен салық төлеушілердің салық міндеттемелерін толық көлемде орындауын қамтамасыз ету.

– Рақымшылықтың тиімділігі түсінікті, десе де, нақты мысал келтіріп айтсаңыз, «тасадағы» салық төлеушілер өзгерер, бәлкім?

– «Тасада» отырғандардың бизнесін қайта жандандыруы екіталай ғой. Себебі салық қарызы өтелмесе, жұмысы өрге баспайды. Жоғарыда айтып өткен 40 мыңға жуық салық төлеуші қарызын жою мүмкіндігін пайда­ланды. Егер жұмыс істемейтіндері мен бан­кротқа ұшырағандарын алып тастаса, онда 40 мың салық төлеуші борышкерлердің 50 пайыздан астамын құрайды. Олар негізгі салық қарызын өтеп, өсімпұл мен айыппұлдан арылды. Банк шоттары мен мүлкіне қойылған шектеулер мен тыйым салулар алынып тасталды, яғни өз бизнесін ары қарай жүргізуге мүмкіндік алды. Ақтөбе облысында кен өндіру өнеркәсібі саласында техникалық қызметтерді жүзеге асыратын бір ЖШС-ның корпоративтік табыс салығы бойынша өтелмеген 470 млн теңге берешегі бар делік, оның ішінде берешек сома – 138,3 млн теңге, өсімпұл негізгі қарыз­дан 3 есе артық болды. Салық рақымшылығына қатысудың нәтижесінде 138,3 млн теңге салығын төлеп, 331,6 млн теңге мөлшеріндгі өсім­пұлын есептен шы­ғарып тастау мүм­кіндігіне ие болды. Мұндай соманы есептен шығару компанияның корпо­ративтік порт­феліне оң әсер етері даусыз.

– Жандос Жұмабайұлы, 16 шілдеде салыққа рақымшылық жүргізуді көздейтін заң күшіне енді. Аталған заңда жеке тұлғалардың да өсімпұлы кешірілетіні жазылған. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз?

– Статистикалық дерекке сүйенсек, жыл басындағы жағдай бойынша 1,4 млн жеке тұлғаның жалпы сомасы 20,9 млрд теңгені құрайтын салық берешегі болған, оның ішінде негізгі борыш – 14,3 млрд теңге, есептелген өсімпұл – 6,6 млрд теңге. Салық берешегінің ең көп сомасы немесе 70 пайызы (14,4 млрд теңге) көлік құралдарына салынатын салыққа тиесілі. Жер салығы бойынша берешектің үлесі 12 пайызды (2,5 млрд теңге), мүлік салығы бойынша 6,7 пайызды (1,4 млрд теңге) құрайды.

Борышкерлердің басым бөлігі – жеке тұлғалар. Шымкент қаласында шамамен 148 мың, Түркістан облысында139 мың, Жамбыл облысында 116 мың және Нұр-сұлтан қала­сында 114 мың тіркелген. Ал өңірлер бөлі­ні­сінде салық берешегінің ең көп сомасы Алма­ты қаласына тиесілі – 5,5 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысында – 2 млрд теңге, Шымкент қала­сында – 1,6 млрд теңге.

Өсімпұлды есептен шығарудың жалғыз шарты – жеке тұлға салық бойынша негізгі борышын төлеуі тиіс. Салық төлеушілерге бұл үшін ешқайда барудың қажеті жоқ, мем­лекеттік кіріс органдары күн сайын жеке тұл­ғалардың дербес шоттарына мониторинг жүр­гізеді және олар 3 жұмыс күні ішінде не­гізгі борышты төлеген кезде өсімпұлды есеп­тен шығару туралы тиісті шешім шығарады.

Егер салық төлеуші осы жылдың ішінде өткен жыл үшін негізгі борыш пен өсімпұлды төлеп қойған болса, өсімпұл сомасы қайтаруға жатады. Ол үшін мемлекеттік кіріс орган­дарына өтініш берсе болғаны.

 

Сұхбаттасқан
Айдана БЕГІМ