Жастарға – лайықты жұмыс

Жастарға – лайықты жұмыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің ке­ңей­тілген отырысында биыл­ғы жыл Елбасының бас­та­масымен «Жастар жылы» деп жарияланғанын тағы бір еске салып, олармен қоғамдық-идеологиялық жұмыс жүргізу өте маңызды міндет екенін атап өтті. Президент жастар­дың еңбек құқығын қорғау мәселелеріне де ерекше көңіл бөлу қажетін айтты.

Осы ретте кәсіподақ ұйымда­рын мазалап отырған ең ма­ңыз­ды мәсе­ле – жастардың лайықты жұмыс та­буы. Жасыратыны жоқ, елімізде екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастар көп. Олар бір емес, бірнеше жыл бойы жұ­мыс іздеумен жүреді. Мұның өзі жастардың қаржылық жағдайын ғана емес, кәсіби дағды­ларын сақ­тау мен жеке тұлға ретінде қа­лыптасуына да кері әсерін тигізеді. Осыдан келіп еліміздің еңбек нарығы қалыпты бола қоймайды.

Сондықтан жастарды еңбек­ке ара­ластырудың жаңа меха­низмдерін қа­растыру қажет. Жақында ғана Шы­ғыс Қазақстан облысында жас кә­сіподақ бел­сен­ділері қатысқан фо­рум бол­ды. Олар талқылаған маңыз­ды мәселенің бірі – жастарды жұ­мысқа орналастыру. Форумға қатысу­шылар оқу орнын енді бітірген жас маман­дардың еңбек тәжірибесі жоқ бол­ғандықтан, жұмыс берушілер жұ­мысқа қабылдауға құлықты болмай­тынын айтып отыр.

Жастарға лайықты көңіл бө­лу үшін жұмыс берушілерді эко­номи­калық ынталандыру меха­низмін жа­сап, оны заңды түрде бекіту керек. Осын­дай ұсыныс жа­саймын. Сонда ғана жұмыс берушілердің назары жас маман­дар мен жұмысшыларға ауады. Еңбек нарығындағы жағдай жақ­са­рып, жастардың жұмысқа ор­на­ласуы тиімді шешіле бастайды.

Қазақстанның қазіргі Үкіметі ең­бек нарығындағы маңызды мәселе­лерді шешуге, еңбек ре­сурстарын тиімді пайдалануға, адами және әлеу­меттік капитал­ды арттыруға, Прези­денттің инно­вациялық жаңғырту сая­са­тын жүзеге асыру мен әлеумет­тік-еңбек саласында белсенді бағыт ұстайды деген сенім бар.

Елбасы Жастар жылын ашуға ар­налған салтанатты жиында жас ма­мандар мен жұмысшылар қай салада болсын қажет екенін айтқан болатын. Ол рас. Біз жас­тардың ортасында жиі боламыз. Пікірлесеміз. Ұсыныстарын тың­­даймыз. Кәсіпо­дақта «Келе­шек» жастар қанаты бар. Олар да өз қатарластарының мәсе­ле­лерін терең зерделеуге тырысады. Ең бастысы – мектеп бітірген жас­тарға мамандық таңдауда дұрыс бағыт-бағдар берген жөн. Олар кәсіп таңдауда қателеспеуі тиіс. Өйткені келешекте еліміз­дің еңбек нарығын­дағы жағдай­дың жақ­сы болуы мен экономи­каның дамуы қазіргі жас­тарға байланысты. Сондық­тан олар­дың уақыт талап етіп отырған ма­­мандық иесі атанып, лайықты жұ­мыс­қа орналасуына бүгіннен бастап қам-қарекет жасаған жөн.

Жас жұмысшылар мен ма­ман­дарға жұмысқа орналасқанда ба­рынша қол­дау көрсету керек. Олар кедергі­лерге тап болмауы тиіс. Еңбек қаты­настарына қа­тыс­­ты барлық жағдай жасалғаны жөн.

Мемлекет басшысының бас­та­масымен еліміздің саяси, әлеуметтік және экономикалық өмірінде түбірлі өзгерістер жү­зеге аса бастады. Оның бел орта­сында жастар жүр. Бұл Қа­зақ­станда демократияландыру про­цесте­рінің кең қанат жайғанын аң­ғартады. Осындай оң өзгеріс­тер кә­сіпо­дақ қыз­метін де одан ары жаң­ғырту мен же­тілдіруге ерекше серпін беретіні сөзсіз.

 

Бақытжан ӘБДІРАЙЫМ,
Қазақстан Республикасы 
Кәсіподақтар федерациясының төрағасы