Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған #Birge жалпыұлттық акциясы аясында халықты қандай мәселелер толғандыратынын білу арқылы нақты бағдарламалар түзілді. Акция кезінде түрлі сала бойынша өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылды. Соның ішінде халықты әлеуметтік қамтамасыз ету, аймақтарды дамыту жайы назардан тыс қалған емес.
Ел тұрғындары акция шеңберінде бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын көбейту, дәрігерлер мен ұстаздардың мәртебесін арттыру, білім беру мен денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасын көтеру мәселелеріне ерекше назар аудару керек екенін айтып, әр мәселе оңтайлы шешімін табатынына сенім білдірді.
Nur Otan партиясы бастаған #Birge акциясында қазақстандықтардан 500 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Бұл туралы партия хатшысы Фархад Қуанғанов мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, өңірлер арасында бірінші күннен бастап Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары ең көп белсенділік танытыпты. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан 30 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Қазақстандықтардың ең көп пікірлерін, ойлары мен ұсыныстарын жинаған бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы мен аграрлық сала болды. Бұл бағытта акция кезінде азаматтардан мыңға жуық ұсыныс келді. Қуантарлығы қазіргі таңда ауылдың дамуына ерекше назар аударылуда. Оның ішінде ауыл инфрақұрылымын жаңғырту мәселелері де бар. Атап айтқанда, жергілікті маңызы бар жолдарды, тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерді, байланысты, Интернетті, әлеуметтік-мәдени нысандарды жақсарту қолға алынып жатыр.
#Birge акциясының кезінде қазақстандықтар түрлі өзекті мәселені көтерген. Әсіресе, жұршылықты әлеуметтік кепілдеме, білім беру жүйесін жетілдіру, ТҮКШ мен баспана мәселелерін шешу, шағын-орта бизнесті дамыту, көлік және инфрақұрылым жайы толғандырады екен. Бұл ретте, әсіресе, шағын-орта бизнес саласы өкілдерінің ерекше белсенділік танытып отырғанын айта кеткен жөн. Бұлардың ішіне салық жүйесіне өзгерістер енгізу, туристік нысандар салу мен зауыт құрылыстарын жүргізу сынды ауқымды жұмыстар енді. Сонымен қатар өтініш-тілектерін жолдаушылар арасында негізінен сапалы медициналық қызмет, дәрі-дәрмекпен қамту және емдеу мекемелерін заманауи қондырғылармен жабдықтау, дәрі-дәрмектің бағасын біріздендіру секілді мәселелер көтерілген.
Жалпы, акция аясында бірнеше өзекті мәселені жылдам әрі жүйелі түрде шешу жоспарланды. Акцияға қатысушылардың көпшілігі көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың басында кездесетін қиыншылықтар туралы айтты. Сондай-ақ #Birge акциясына жолданған мүгедектердің құқықтары мен олардың мүдделерін қорғауға қатысты айтылған ұсыныстардың да маңызы зор. Өйткені мүгедектердің жайлы өмір сүруі мен жүріп-тұруы үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ету қашанда әлеуметтік саланың басты міндеті саналған.
#Birge акциясына қатысушылар іс-шара барысында жемқорлыққа қарсы жаңа міндеттер ұсынды. Өтініштерге жүргізілген талдау көрсеткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Қазақстанның барлық облысының тұрғындарын толғандырады. Жемқорлықтың мемлекет пен қоғамның дамуы үшін қаншалықты кері әсері бар екені анық. Сондықтан онымен күрес жүргізу біз үшін өте маңызды.
Nur Otan партиясы бастаған #Birge акциясында қазақстандықтардан 500 мыңға жуық өтініш келіп түскен. Бұл туралы партия хатшысы Фархад Қуанғанов мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, өңірлер арасында бірінші күннен бастап Алматы, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарының тұрғындары ең көп белсенділік танытыпты. Сондай-ақ Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе және Қызылорда облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан 30 мыңнан астам өтініш келіп түскен.
Спорттық және денешынықтыру-сауықтыру кешендері халықтың денсаулығы үшін ауадай қажет. Акция барысында келіп түскен ұсыныстың көпшілігінде шалғайдағы елдімекендерде спорт нысандарын салу керектігі айтылды. Ұсыныстар көбінесе шағын қалалар мен шалғайдағы ауылдардың тұрғындарынан түсуде. Оның біріншіден, саламатты өмір салтын қалыптастыруда маңызы зор. Дені сау ұлт бәсекеге қабілетті болады. Сондықтан Елбасының Мәдениет және спорт министрлігінің алдына қойған басты міндеттерінің бірі – халықтың денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылдану көрсеткішін 30%-ға жеткізу. Екіншіден, саламатты өмір салты өлім-жітім көрсеткішін азайтуға, өмір сүру жасын ұлғайтуға септігін тигізеді. Үшіншіден, демографиялық жағдайды едәуір жақсартып, халық санын көбейтуге ықпал етеді. Соның ішінде, денсаулық сақтау саласының жас ұрпақтың репродуктивті денсаулығына ерекше көңіл бөлу керектігін ескерген жөн.
Акцияға қатысушылар арасында ғылым және білім саласының өкілдері де аз болған жоқ. Халық еліміздің экономикасындағы оң өзгерістердің локомотиві ретінде ғылымды одан ары дамытуды қолдайды. Олар сонымен қатар ғылыми саланы дамытуды мемлекеттік ынталандыру жолдарын белсенді түрде ұсынуда.
Қорыта айтқанда, #Birge акциясы күшіне енген уақыттан бастап қазірге дейін елдегі түйткілді мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса беретін болады.
Nur Otan партиясының хатшысы Илья Теренченко халықтың игілігі үшін әлеуметтік жобаларды қолдау әрдайым назарда болатынын айтты.
– Біз кез келген мәселені жаңаша ойлау, сұранысқа сай екенін ескере отырып тез арада шешімін табуға ықпал етеміз. Кез келген мәселенің шешімі бар. Елдің әлеуметтік мәселесін шұғыл шешуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заманның мүмкіндіктеріне, жетістіктеріне ерекше мән беруде. Атап айтқанда, қазір әлеуметтік желі, түрлі мобильдік қосымшалардың көмегімен халықтың мұң-мұқтажын жеткізуге мүмкіндік көп. Ол өз кезегінде мәселенің тез арада шешілуіне ықпал етеді. Қазір қоғам жылдамдықты талап етеді. Заман талабына сай жаңа мүмкіндіктердің игілігін пайдалануымыз керек. Акция кезінде ұсынылған, жолданған өтініштер жерде қалмайды. Әлі де жақсы ұсыныстарды қарап, талқылау үшін мемлекеттік органдарға жолдаймыз. Елдімекендерді абаттандыру мен инфрақұрылым мәселелері қаралып, өңірлерді дамыту бағдарламалары белсенді түрде жүзеге асырыла береді, – деді партия хатшысы.
Бұл орайда айтпағымыз, жаңашылдық, тың ойлар, нақты мақсат – елді өркендетудің басты кілті саналады. Ал #Birge жалпыұлттық акциясы – бұл мемлекетіміздің болашағы туралы сіз бен біздің ортақ көзқарасымыз. Бұл республикамыздың әрбір тұрғынына ойын жеткізуге жасалған мүмкіндік. Бұл әрбір азаматтың пікіріне құлақ асу. Олай болса, ел игілігіне айналған #Birge жалпыұлттық акциясы бойынша дамудың жаңа кезеңінде Қазақстанның алдында тұрған басым бағыттарды бірге айқындайық.