Қарағандыда мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасылардың кірісін анықтау барысында алаяқтық іс-әрекеттің орын алғаны белгілі болды. Жақсы табыс тауып отырған әрі әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған топқа жатпайтын адамдар ай сайын жәрдемақы алып отыру үшін кірісін азайтып, жалған құжат жасап, түрлі айла-тәсілдерге барған.
Партияның аталған облыстағы филиалының төрағасы, облыс әкімі Ерлан Қошанов жергілікті билікке және партияның Қарағанды облысындағы филиалына жәрдемақы алуға үміткер азаматтарды тексеру жөнінде тапсырма берді.
– Атаулы әлеуметтік көмекті тек мұқтаж адамдар алуы керек, – деді Ерлан Қошанов.
Nur Otan партиясы және әлеуметтік қызмет өкілдерінен құралған мобильді топ өз жұмысын аяқтады.
– Мобильді топтың мақсаты – жұмыс істегісі келмейтін және түрлі сылтаумен жұмысқа орналасу туралы өтініштерден бас тартатындарды анықтау. Сонымен қатар біздің мобильді тобымыз жәрдемақы алу мақсатында өзінің табысын жасырған адамдарды да анықтайды, – деп мәлімдеді партияның Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Хадиша Оспанова.
Вакансиялар бақылауда. Сонымен бірге, аудандық және қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы жіберіледі. Осыған қарамастан, Қарағанды облысында кірісін жасырып, жұмыс істегісі келмейтін отбасылардың бары анықталып отыр.
– Зерттеу нәтижесіне сәйкес, 199 отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуын қысқарту туралы шешім қабылданды. Қалған жұмыстармен бөлімшелік комиссия айналысуда. Жазаның екі түрі бар. Айла-тәсілге барғандар шығын төлейді немесе сот органдары арқылы жазаланады, – деді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова.
Эльмира ОРАЛБАЙҚЫЗЫ