Ұстаздарға мың тағзым
Ұстаздарға мың тағзым
530
оқылды

Өмірге келген әр адам алдына мақсат қойып, соған жету жолында тынымсыз ізденеді.

Білмегенін үйреніп, қолынан келмегенін меңгеру үшін тыным таппайды. Арман-мақсаты орын­далған кезде қызықты да мәнді ғұмыр кешеміз дейтініміз анық.

Сол секілді менің арманым журналист болу еді. Ес білгелі әлсіздің сөзін сөйлеп, әділетсіз­дікке қарсы күресетін шындықты жасырмайтын тұлғаны журналист деп білемін. Өз ісінің хас шебері, білікті журналист болу үшін жатпай-тұрмай оқып, тынымсыз ізденіп, мамандықтың шеберлігін меңгеру керегін түсіндім. Сон­дық­тан да сабақты жақсы оқы­дым. Алматыдағы №45 теміржол орта мектебін алтын медальмен бітірдім. Содан болар мұғалімдер маған үлкен үміт артты. Үмітін ақтау үшін барымды салдым.

Ұстаздың берген тәлім-тәр­бие­­сінің арқасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің Журналистика факуль­те­тіне оқуға түстім. Осы білім ордасында бізге білікті оқытушы­лар­дың берген тәлім-тәрбиесі, білімі асыл қазына болды. Мәсе­лен, факультеттің ыстық-суы­ғын бірдей көрген С.Қозы­баев, Т.Амандосов, М.Барманқұлов, Н.Омашев, Ш.Елеукенов секілді білікті оқытушылардың есімі алтын әріп­пен жазылуы тиіс. Әсіресе, факультет деканы, марқұм Темір­бек Қожакеевтің темірдей тәртібі есімізде мәңгілік жатталып қалған. Сол кездегі қатал тәртіп қыз-жігіттерге мықты қасиет пен рух дарытып, бойына сіңдіре білді. Сонда біз жалпы медицина, әскери дайын­дық, алғашқы ме­ди­­циналық көмек, дене тәр­бие­сінен сабақ алдық. Жігіттерге әскери билет, ал қыздарға мед­би­ке­лік бойынша анықтама беріл­ген еді. Оған қоса, оқу кезінде студенттер ауыл­шаруа­шылық жұмысына белсене атсалысатын. Оның өзі жастарды өзара жақын­датып қана қоймай, ұжымдық рух беретін.

Соның арқасында сол сту­дент­тің барлығы жігерлі, намыс­қой азамат болып қалыптасты. Көпшілігі есімі елге белгілі азамат. Әсіресе, ҚазМУ-дың Журна­листика факультетін 1986 жылы бітіріп шыққан түлектердің арасынан бүгінде есімі елге таны­мал болған қоғам қайрат­кер­­лері мен БАҚ саласында тәжірибелі тұлғалар көп. Сол үшін де оқы­ту­шы­ларға мың тағзым! Филология ғылым­дары­ның кандидаттығын қорғап шыққан соң, өзім де жоғары оқу орындарында сабақ бердім. Сол көңілге тоқыған бар байлықты студенттерге беруге талпынып, жақсы білім алуына көңіл бөлдім. Мөлдір бұлақтан алған тәлім-тәрбиемнің пайдасы көп. Сол үшін де Журналистика факульте­ті­нің оқытушыларына өзімді мәңгі қарыздар санаймын.

 

Жанна БАЙТЕЛЕСОВА,
филология ғылымының кандидаты