Өмірге келген әр адам алдына мақсат қойып, соған жету жолында тынымсыз ізденеді.
Білмегенін үйреніп, қолынан келмегенін меңгеру үшін тыным таппайды. Арман-мақсаты орындалған кезде қызықты да мәнді ғұмыр кешеміз дейтініміз анық.
Сол секілді менің арманым журналист болу еді. Ес білгелі әлсіздің сөзін сөйлеп, әділетсіздікке қарсы күресетін шындықты жасырмайтын тұлғаны журналист деп білемін. Өз ісінің хас шебері, білікті журналист болу үшін жатпай-тұрмай оқып, тынымсыз ізденіп, мамандықтың шеберлігін меңгеру керегін түсіндім. Сондықтан да сабақты жақсы оқыдым. Алматыдағы №45 теміржол орта мектебін алтын медальмен бітірдім. Содан болар мұғалімдер маған үлкен үміт артты. Үмітін ақтау үшін барымды салдым.
Ұстаздың берген тәлім-тәрбиесінің арқасында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультетіне оқуға түстім. Осы білім ордасында бізге білікті оқытушылардың берген тәлім-тәрбиесі, білімі асыл қазына болды. Мәселен, факультеттің ыстық-суығын бірдей көрген С.Қозыбаев, Т.Амандосов, М.Барманқұлов, Н.Омашев, Ш.Елеукенов секілді білікті оқытушылардың есімі алтын әріппен жазылуы тиіс. Әсіресе, факультет деканы, марқұм Темірбек Қожакеевтің темірдей тәртібі есімізде мәңгілік жатталып қалған. Сол кездегі қатал тәртіп қыз-жігіттерге мықты қасиет пен рух дарытып, бойына сіңдіре білді. Сонда біз жалпы медицина, әскери дайындық, алғашқы медициналық көмек, дене тәрбиесінен сабақ алдық. Жігіттерге әскери билет, ал қыздарға медбикелік бойынша анықтама берілген еді. Оған қоса, оқу кезінде студенттер ауылшаруашылық жұмысына белсене атсалысатын. Оның өзі жастарды өзара жақындатып қана қоймай, ұжымдық рух беретін.
Соның арқасында сол студенттің барлығы жігерлі, намысқой азамат болып қалыптасты. Көпшілігі есімі елге белгілі азамат. Әсіресе, ҚазМУ-дың Журналистика факультетін 1986 жылы бітіріп шыққан түлектердің арасынан бүгінде есімі елге танымал болған қоғам қайраткерлері мен БАҚ саласында тәжірибелі тұлғалар көп. Сол үшін де оқытушыларға мың тағзым! Филология ғылымдарының кандидаттығын қорғап шыққан соң, өзім де жоғары оқу орындарында сабақ бердім. Сол көңілге тоқыған бар байлықты студенттерге беруге талпынып, жақсы білім алуына көңіл бөлдім. Мөлдір бұлақтан алған тәлім-тәрбиемнің пайдасы көп. Сол үшін де Журналистика факультетінің оқытушыларына өзімді мәңгі қарыздар санаймын.
Жанна БАЙТЕЛЕСОВА,
филология ғылымының кандидаты