Қазақ – бітімгер ұлт. Үлкен дауды ірі соғысқа жеткізбей алдын алған билерден қалған бұл мінез Қазақстанның мәмілегер мемлекет болып қалыптасуына ықпал еткендей. Бүгіндері Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының әлемдегі тыныштықты сақтау мен адам құқын қорғау сияқты міндеттерін жүзеге асыруға көмектесіп келеді, көмектесе де береді. Себебі, Қазақстан Елбасы салып кеткен бағытты жалғастырып, бейбітшілік пен жаһандық қауіпсіздікті сақтауды қолдайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан БҰҰ Бас хатшысы ұсынған реформаларды, соның ішінде бітімгерлік миссияларды қолдайтынын мәлімдеген.
«Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының міндеттері мен мақсаттарын құрметтейді. Біз БҰҰ Бас хатшысы ұсынған реформаларды, соның ішінде бітімгерлік миссияларды қолдаймыз. Біз бітімгерлік қызметтің тиімділігін арттыру үшін ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Өкінішке қарай, қазіргі әлем өте құбылмалы болып тұр. Сондықтан біздің бірлескен қызметіміз жер шарын мейлінше тұрақты әрі қауіпсіз етеді деп үміттенемін», – деді Президент биыл мамыр айында елімізде алғаш рет өткен БҰҰ-ның Бітімгерлік симпозиумына келген қонақтарды қабылдау кезінде. Айта кетейік, биыл мамыр айының соңында өткен симпозиум бітімгерлік қызметтің қатысушылары арасында тығыз ынтымақтастықты ұйымдастыруға, зерттеу және талдау орталықтарын тартуға мүмкіндік берді. Бұл өзге елдердің тәжірибесін зерделеуге, БҰҰ-ға мүше мемлекеттер қандай инновациялық идеяларды енгізіп жатқанын білуге мүмкіндік туғызды. Іс-шараның ұйымдастырылуы болашақ қазақстандық бітімгерлік бастамаларды ілгерілетуге ықпал етеді. БҰҰ-ның бітімгерлік симпозиумдары бұған дейін 2014 жылы – Италияда, 2015 жылы – Австрияда, 2016 жылы Оңтүстік Кореяда және 2018 жы-лы Германияда өткен екен.
БҰҰ симпозиумы – маңызды халықаралық шара саналады. Бұл іс-шара Қазақстанның БҰҰ тарапынан белсенді бітімгер мемлекет ретінде мойындалғанын білдіреді. Жуырда Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Қарулы Күштеріне бітімгерлік қызметті кеңейту керегін айтқан болатын. Симпозиум барысында өткен талқылаулар мен келіссөздерде БҰҰ басшылығы мен жиын қатысушылары бүгінде әлем өзгеріске ұшырағанын, қауіп-қатер мен тәуекелдердің жаңа сипаты пайда болғанын растады. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, қазіргі кезде әскери бөлімшелермен қатар, мамандандырылған әрі жоғары білікті шағын әскерилер командалары айрықша сұранысқа ие болып отыр. Бұл қызметшілер бірнеше шет тілін еркін меңгеріп, ахуалды тұрақтандыруға ықпал ете алатын дағдыларды игеруі тиіс. «Сондықтан да біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, яғни екпінді бітімгерлер санына емес, сапаға қоямыз. Бұл тұрғыда БҰҰ қолдауына үміттенеміз. Сонымен қатар, бітімгерлік бойынша БҰҰ-мен ынтымақтастық кез келген ел үшін пайдалы. Себебі, бітімгерлік бөлімшелердің кәсіби, зияткерлік және технологиялық әлеуетін көтеруге мүмкіндік береді. Сәйкесінше, бұл қадам барша Қарулы Күштердің әлеуетіне де әсер етеді. Атап айтқанда, бүгінде Батыс Сахара мен Ливанда қызмет етіп жүрген біздің бітімгершілердің біліктілігіне айтарлықтай жақсы баға беріліп отыр», – дейді министр.
Аталған симпозиум шеңберінде отандық қорғаныс өнеркәсібі өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Сол көрмеде ұсынылған қорғаныс өнеркәсібі өнімдері БҰҰ бітімгерлік миссияларына контингент жіберуші мемлекеттердің қызығушылығын тудырып отыр. Мәселен, бітімгерлік операциялар жүргізіліп жатқан қиын жағдайлардағы қақтығыс аймақтарында отандық «Барыс» бронетехникасы мен «Арлан» миналарға қарсы қорғауы бар көліктер сияқты отандық әскери техника сұранысқа ие болып отыр екен. Сонымен бірге, Қазақстанның бітімгерлерді даярлау және ұлттық бітімгерлік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмысы да БҰҰ-ның оң бағасын алған. Аталған ұйым осы жылдың басында «Бейбітшілік үшін серіктестік» атты қазақстандық оқу орталығының бітімгерлік курстарын сертификаттады. Енді орталықтан әлемнің кез келген мемлекетінің әскери қызметкері өте алады.
БҰҰ бітімгерлік симпозиумының мамыр айының соңына белгіленуі тегін емес. Аталған ұйымның шешімімен 29 мамыр Халықаралық бітімгерлер күні болып белгіленген. 2003 жылдан бастап мерекеленетін атаулы күн биыл «Азаматтық тұрғындарды қорғау – әлемді қорғау» деген ұранмен өтті. Айтулы күн бейбітшілік жолында қаза болған бітімгерлерді еске алу және жоғары кәсібилік, қайсарлық пен ерлік көрсетіп, БҰҰ-ның бітімгерлік контингентінде қызмет еткен немесе қызмет етіп жүрген барлық әскериге құрмет көрсету үшін белгіленген.
БҰҰ мемлекеттер арасындағы шиеленісті қадағалап, тараптардың бейбіт келісімге келуі үшін мәмілеге шақырады. БҰҰ-ның «көгілдір береттер» немесе «көгілдір каскалар» деп аталатын бітімгерлік күштері соғыс жүріп жатқан елдерге жіберіледі. Бітімгерлік күштер соғыс жүріп жатқан аймақтардағы адамдарға гуманитарлақ және медициналық көмек көрсетіп, сайлаулардың өту деңгейін бақылайды. Жағдайдың даму барысын қадағалап, баяндап отырады. Олар ешкімге қару кезенбейді, тек өздеріне шабуыл жасалған сәтте ғана қолына қару алады. БҰҰ-ның бітімгерлік операцияларына қатысу үшін әскерилер БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдерінен ерікті түрде жасақталады. Халықаралық ұйым дерегіне сүйенсек, 1948 жылдан бері 750 мың әскери, полиция қызметкері мен азаматтық тұлғалар әлемнің жүзден астам еліндегі осындай операцияларға қатысқан. 3 500-ден аса бітімгердің өмірі бейбіт өмір жолында құрбан болған. Қаза тапқан бітімгерлерге құрмет көрсету мақсатында Даг Хаммаршельд атындағы медаль бар. Даг Хаммаршельд – қаза болған БҰҰ Бас хатшысы. Қаза болғандар арасында Ирак еліне барған Қазбат бітімгерлер жасағының құрамында болған капитан Қайрат Құдабаев бар. Ол 2005 жылдың 9 қаңтарында жарылған минадан қаза тапты. Әскери және қызметтік міндетін орындау кезінде көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін Қазақстан Президентінің Жарлығымен бірінші дәрежелі «Айбын» орденімен және Польша, Украина, АҚШ Қарулы Күштерінің наградаларымен марапатталған.
Қазақ бітімгерлерінің миссиясы туралы сөз қозғалса, бірден 2003 жылы Қазақстанның бітімгерлік батальонының (Қазбат) жеке инженер-сапер жасағының Ирактағы жарылғыш заттарды жоюға барғаны еске түседі. Қазбат өзінің бітімгерлік миссиясы кезінде 4 млн-ға жуық жарылғыш затты жойды, әскери дәрігерлер Ирактың 500 бейбіт тұрғынына көмек көрсетті. Сондай-ақ Ирактың қауіпсіздік күштерінің мамандарын дайындау мен жауынгерлерін әскери іске баулыған. Қазбат НАТО стандарттарына сай жабдықталған және дайындалған, БҰҰ-ның «көгілдір каскалар» құрамына енген. 2000 жылы құрылған Қазбат кейін Бітімгерлік бригаданың (Қазбриг) қарамағына өтті.
Қазақстан үшін бітімгерлік қызмет халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту жөніндегі ел саясатының маңызды бөлігі ретінде қарастырылады. Сол себепті, 2015 жылғы 15 маусымда «Қазақстан Республикасының бітімгершілік қызметі туралы» заңы қабылданды. 2014 жылдан бастап қазақстандық офицерлер Батыс Сахарадағы және Кот-д'Ивуардағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі БҰҰ миссиясының шеңберінде қызмет атқарды. Сонымен қатар, бітімгерлеріміз, соның ішінде әйелдер Батыс Сахарадағы референдум өткізу жөніндегі миссияға қатысты. Қазақстандық бітімгерлер Ұлыбритания және АҚШ Қарулы күштерімен бірге жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Дала қыраны» тактикалық-арнайы бітімгерлік оқу-жаттығуларына қатысады.
Қазақстан ТМД кеңістігіндегі бітімгерлік күштерінің ірі жеткізушісі саналады. Соның бір мысалы, былтыр қазан айында Қазақстан алғаш рет Ливандағы БҰҰ миссиясына (UNIFIL) үнді-қазақ бітімгерлік батальонының құрамына 120 әскери қызметші жіберді. Ливандағы әскерилеріміздің өз міндеттерін қалай орындап жатқанын білу мақсатында Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев аталған елге барып келді. БҰҰ миссиясына қатысушылардың міндеті – Ливанның қарулы күштеріне дем беру. Жағдайды бақылауда ұстау үшін көмектеседі. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаевтың айтуынша, бітімгерлік қызметтің тиімділігін арттыру көзделіп отыр. «Оның ішінде арнайы бөлімшелерге екпін береміз. Айталық, медициналық, инженерлік, әскери полиция, кинология сынды бағыттарға басымдық беріледі. Әскерилеріміздің тағы бір міндеті – достық көпірін орнату. Жергілікті халыққа жәрдемдесу. Әскерилер үшін барлық жағдай жасалған. Жат жерде әскери міндет атқарудың жауапкершілігі ауыр. Күн де ыстық. Дегенмен жігіттеріміз мойымайды. Қиындыққа төселген. Жақсы нәтиже көрсетіп келеді», – дейді министр. Ливан жерінде жарты жыл қызмет еткен алғашқы топ елге оралды. Олардың орнына барған жаңа құрамға Ливанның шығыс бөлігін бақылау жүктелді.
Сөз басында Қазақстанның бітімгер елге айналғанын бекер айтқан жоқпыз. Сириядағы дағдарысты реттеу жөніндегі Астана процесі – соның бір мысалы. Алдағы 1-2 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында Астана форматында Сирия бойынша жоғары деңгейдегі 13-ші халықаралық кездесу жоспарланып отыр. Бұл кездесуде кепілгер елдер – Иран, Ресей және Түркия. Сондай-ақ Сирия үкіметі мен қарулы оппозициясы өкілдері бір алаңда бас қосады. Бақылаушылар ретінде БҰҰ мен Иордания, Ирак пен Ливан қатыспақ. Кездесу Сириядағы, әсіресе, Идлиб провинциясы мен елдің солтүстік-шығысындағы қазіргі ахуалды талқылауға, қақтығысушы тараптар арасындағы сенімді нығайту мен саяси процесті одан ары ілгерілетуге, сондай-ақ Сирия бойынша конституциялық комитет құру және іске қосу бойынша жұмысты аяқтауға назар аударады деп жоспарланған.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ