Еңбекшіқазақ ауданындағы «Шелек фермерлері» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі еліміздегі сауда орындарына өнімдерін жеткізе бастады. Кооперативтің көкөністері Алматы қаласындағы «Арзан» супермаркеттер желісі мен Алматы, Нұр-Сұлтан, Карағанды, Павлодар, Шымкент, Өскемен қалаларындағы METRO Cash&Carry компаниясының сауда орталықтарында саудаланып жатыр.
«Шелек фермерлері» биылғы маусымда Қазақстанның супермаркеттеріне, сонымен бірге, «ЦинКаз» ЖШС-не қарасты томат сығындысы мен тұздықтар шығаратын ірі өндірістік кәсіпорындарға 300 тоннадан астам көкөніс жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда екі есеге артық. Ойға алғандар орындалса, еліміздегі ірі қалалардағы тұрғындар үшін қызанақ пен болгар бұрыштарының сан алуан түрлері, қиярдың бірқатар сұрпы, баклажан мен картоптың бірнеше түрі қолжетімді бағада жеткізіледі. Сонымен бірге, алма мен қауын-қарбыз, бүлдіргеннің түр-түрі де сатылмақ.
«Шелек фермерлері» кооперативінің өнімдері Алматыдағы сауда орталығында бір жыл бұрын саудалана бастады. Бірден тұтынушылар көңілінен шығып, сұраныс артты. Кооператив тауарларын сақтау мен тасымалдау жүйесіне енгізілген соңғы өзгерістер арқасында «Шелек фермерлері» өнімдерін біздің дүкендер орналасқан басқа қалаларға да балғын күйінде жеткізу мүмкіндігіне ие болдық. Жеткізушілеріміздің бізбен бірге өсіп, дамып отырғаны қуантады. Екіжақты түсіністік пен іскерлік байланыс нәтижесінде отандық тұтынушы ұтары анық. Олар еліміздің экологиялық жағынан таза аймағында өсірілген сапалы әрі қауіпсіз өнімдерге қол жеткізеді», – дейді METRO Cash&Carry компаниясының коммерциялық директоры Наталья Мархиева.
2014 жылдан бері «Филип Моррис Қазақстан» компаниясының қолдауына сүйенген Еңбекшіқазақ ауданындағы жергілікті қауымдастықтар қоры жүзеге асырып келе жатқан «Шелек фермерлері» жобасы фермерлік шаруашылықтың жоспарлау мен тұқым себуден басталып, өнім жинап, кіріс кіргізумен аяқталатын барлық сатысын қамтиды. Кооперативке кірген фермерлер агробизнес орталықтағы агрономдардан кеңес алып, тренингтер мен семинарларға белсене қатысады.
Еңбекшіқазақ ауданындағы жергілікті қауымдастықтар қорының атқарушы директоры Бақытгүл Елшібаеваның айтуынша, қазіргі кездегі басты мақсат – сатып алушылардың сұраныстарын мұқият зерделеп, ірі супермаркеттер мен қайта өңдеуші кәсіпорындардың кооперативтен не күтетінін жете түсіну. Бүгінде кооперативте құжаттама тап-тұйнақтай, өнімдерді сұрыптау, іріктеу және орау дұрыс жолға қойылған. Сапасының сақталуы үшін салқындатылған өнімдерді жеткізу технологиясы қолданылады.
Болат АБАҒАН
Алматы облысы