Қазақстанның барлық азаматтары, тіпті, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер де пайдалана алатын тегін көмекке жедел жәрдем, емханадағы дәрігердің қабылдауы, анализдердің кейбір түрлері кіреді
– Бір ай бұрын үкімет кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеттерін бекіткен болатын. Алдымен осы екеуінің аражігін ажыратып алсақ...
– Алғашқысы – бюджет есебінен көрсетіледі. Қазақстанның барлық азаматтары, тіпті, елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер де пайдалана алатын тегін көмекке жедел жәрдем, емханадағы дәрігердің қабылдауы, анализдердің кейбір түрлері кіреді. Оның түпкілікті мақсаты – еліміздің барлық тұрғындарын сақтандырылған-сақтандырылмағанына қарамастан, медициналық көмектің минималды түрлерімен қамтамасыз ету. Екіншісі – 2020 жылдан бастап қолданысқа енетін сақтандыру пакеті.
– Қазір осы тегін медициналық көмекке бюджеттен 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Бірақ мұның халық сұранысын толық қанағаттандыруға жетпейтіні жиі айтылып жүр. Неге?
– Иә, қазір денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражаттың бас-аяғын жиғанда 1 триллион теңгеге жетіп жығылады. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап салаға жұмсалатын қаржы көлемі сақтандыру резерві есебінен 1 триллион 620 миллиард теңгеге жетіп, шамамен 67 процентке өседі. Оның 967,7 миллиард теңгесі – тегін көмек пакеті шеңберінде көрсетілетін қызметтерге, 652,8 миллиард теңгесі медициналық сақтандыру қызметіне жұмсалады.
Әлбетте, бұл қадамның медицина үшін маңызы зор. Себебі, сіз айтқандай, медицинаға қаржы жетпейтіні, мемлекеттік емдеу ұйымдары көрсететін қызметтерге төленетін тарифтің төмендігі жасырын емес. Мұның ем-дом сапасына да әсер етіп жатқаны анық. Қаржы жетпегендіктен қызметтердің кейбір түрлерін пациенттер айлап күтуге мәжбүр. Қаржы көлемі 67 процентке өскеннен кейін осы мәселелерді толық болмаса да, жартылай шешуге мүмкіндік туады деген үміт бар. Жалпы алғанда, тегін медициналық көмекке сұранысты толық қанағаттандыруға 350-360 миллиард теңгеге жуық қаржы жетіспейді. Қазір қор еліміздің барлық аймақтарында қызметтің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету мақсатында тарифтерді теңестіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Мысалы, онкологияны алып қарайық. Бұрын мамандандырылған көмек жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын. Салдарынан, 2018 жылы аймақтар бойынша онкология саласындағы айырма 3,1 есеге жеткен. Мысалы, Ақтөбе облысында қатерлі ісікке шалдыққан 1 сырқатты емдеу құны айына 4,1 мың теңге болса, елордада 12,5 мың теңгені құрады. 2019 жылы осы айырма 2,6 есе қысқартылды. Өкінішке қарай, бұл бірден шешілетін мәселе емес. «Көш жүре түзеледі» демекші, біртіндеп реттеледі деп ойлаймыз.
– Денсаулық сақтау саласындағы қаржы тапшылығын МӘМС жүйесі шешіп береді деуге бола ма?
– Өзіңіз білесіз, Қазақстан халқының саны жыл санап артып келеді. Соның ішінде медициналық қызметті көп пайдаланатындарға жататын: балалар үлесі алдағы уақытта – 2,4%-ға, қарттар үлесі 4%-ға көбейеді. Оған үнемі қымбаттап отыратын технологиялардың бағасын қосыңыз. Түптеп келгенде, осының бәрі жұртшылықтың денсаулыққа жұмсайтын жеке шығындарының өсуіне әсер етпей қоймайды. Шын мәнінде, сақтандыру халықтың қалтасынан шығатын осы шығындардың шектен тыс өсіп кетпеуіне септігін тигізуі тиіс. Сондықтан міндетті медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін саладағы қаржы тапшылығы мәселесі түбегейлі шешімін табады деу қиын.
– Болашақта әлем жұртшылығына жаңа аурулардан қауіп төніп тұрғанын ғалымдар жиі айтып жүр. Онкология, қант диабеті сияқты аурулар күшейіп барады. Соған байланысты қандай бағыттарға көбірек көңіл бөліп, қаржыландыру деңгейін көтеру қажет деп ойлайсыз?
– 1 620 млрд теңгенің басым бөлігі кепілдендірілген тегін медициналық көмекке жұмсалады. Бізде медицина әлеуметтік бағытта дамыған, сондықтан аурудың негізгі түрлері тегін емделеді. Ең алдымен, шұғыл көмек пен жедел жәрдемге, онкология, туберкулез, психикалық және наркологиялық ауытқулар, ВИЧ індетін емдеуге басымдық беріледі. Азаматтарымыздың 70 процентке жуығы ауыратын жұқпалы емес созылмалы сырқаттардың 25 түрі де осы топқа жатады. Тұрғындар медициналық көмек қажет болғанда, ең алдымен, емханаларға барады. Сондықтан бастапқы медициналық-санитарлық көмекті дамытуға ден қоймақшымыз.
МӘМС пакетінде: жоспарлы түрде көрсетілетін қызметтерге, консультативтік-диагностикалық көмек, скринингтер, анализдер, салалық мамандардың қызметіне басымдық беріледі. Сақтандыру жүйесінде көрсетілетін тегін көмек тізімінде ішінара стоматологиялық қызметтер де бар. Стоматологиялық көмек бірінші кезекте балаларға, жүкті әйелдер мен жеңілдігі бар өзге де санаттарға көрсетіледі.
– Бірер айдан кейін Қарағанды облысында міндетті медициналық сақтандыру жүйесі нобайлы жоба ретінде іске қосылады. Неліктен дәл осы өңір таңдап алынды?
– Иә, нобайлы жоба алдағы қыркүйек айында іске қосылады. Бұл жүйенің олқы тұстарын анықтауға, дер кезінде тиісті шешім қабылдауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Нобайлы жоба аяқталысымен сақтандыру жүйесі еліміз бойынша қолданысқа енеді.
2019 жылы қормен 1400-ден астам медицина ұйымы келісімшарт бекіткен болатын, оның тең жартысы – жекеменшік (2017 жылы олардың саны 35 пайызға да жетпейтін). Ал жекеменшік клиникалардың осы пакет шеңберінде көрсеткен қызметіне төленетін ақы екі есе өсіп, 16,4 процентке жетті.
Қарағандыны таңдаудағы себеп: облыс медицинаны цифрландыру жағынан көш бастап тұр. Екіншіден, Қарағанды географиялық орналасу жағынан да ерекше, аумағы да үлкен. Мұнда шағын және моноқалалар да, аудан орталықтары мен ауылдар да бар. Сондықтан жүйені толыққанды сынап көруге толық мүмкіндік бар деуге әбден болады.
– Қазір қорға қанша қаржы түсті және ол жүйені енгізуге жеткілікті ме?
– МӘМС жарнасын төлеу 2017 жылдың шілдесінде басталған болатын. Қазір жұмыс берушілер қарамағындағы қызметкерлері үшін жалақының 1,5 проценті көлемінде жарна аударып жатыр. Келер жылы бұл көрсеткіш 2 процентті құрамақ. Қалған санаттағы азаматтар келер жылдан жарна төлей бастайды. Оның басым бөлігі 15 санаттағы 10,5 миллион азаматты сақтандыратын мемлекеттен түседі. Бүгінде МСҚ аударылған қаражат көлемі 180 млрд теңгеден асты. Сақтандыру жарнасы еліміздегі ең сенімді банк – Ұлттық банкте сақталады. Біз бұл қаражатты 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдаланатын боламыз. Екі жарым жылда жинақталған резерв сақтандыру жүйесінің табысты болуына септігін тигізеді деген үміт бар.
– Медициналық сақтандыру қорында қандай жұмыстар атқарылды? Алда атқаратын шаруалар қандай?
– Қор медицина ұйымдарының қызмет ақысын төлеумен айналысқан бір жарым жылда біраз шаруа атқарылды. Атап айтқанда, 2018 жылдан бастап қор кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетінің қаржы операторы міндетін атқарып келеді. Нәтижесінде мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көсетілетін қызметтерге ақы төлеу орталықтандырылды. 2019 жылы ТМККК пакетіне 973 млрд теңге бөлінген болатын. Биыл біз қаржыландыратын қызметтер арасында: бірегей технологиялардың көмегімен жасалатын операциялар, Қазақстан азаматтарын шетелде емдету ақысын төлеу т.б. бар. Мемлекеттік тапсырысты орындайтын емдеу ұйымдары арасында жекеменшік клиникалардың үлесі артты. 2019 жылы қор 1400-ден астам медицина ұйымымен келісімшарт бекіткен болатын, оның тең жартысы – жекеменшік (2017 жылы олардың саны 35 пайызға да жетпейтін). Ал жекеменшік клиникалардың осы пакет шеңберінде көрсеткен қызметіне төленетін ақы екі есе өсіп, 16,4 процентке жетті. Сонымен қатар, жыл соңына дейін көрсетілген қызметтерге ақы төлеу процесін автоматтандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде жедел жәрдем қызметі, паталогоанатомиялық диагностика, қан қызметі, профилактика және СПИД-ке қарсы күрес салалары да бар. Тағы бір маңызды мәселе – аймақтарда мамандандырылған көмекке төленетін тариф теңсіздігін жою. Бұрын бұл қызмет жергілікті бюджет қаржысы есебінен, әр аймақтың мүмкіндігіне қарай төленетін.
Атқарылған тағы бір шаруа – амбулаторлық деңгейде берілетін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесін орталықтандыру. Нәтижесінде дәрі-дәрмекпен қамтылған пациенттер саны 2 миллионнан 3,5 миллионға дейін артса, 23,4 млрд теңгені үнемдеуге мүмкіндік туды. Үнемделген қаржы бастапқы медициналық-санитарлық көмекке, жедел медициналық жәрдемге, дәрі-дәрмек сатып алуға және жоғары технологиялы медициналық қызмет түрлеріне жұмсалды. Сонымен қатар, тегін медициналық қызметтердің сапасы мен көлеміне бақылау күшейтілді. 2018 жылдан бастап қор емханалық-амбулаторлық көмек, жедел жәрдем, қан қызметі, паталогоанатомиялық диагностика және мамандандырылған мекемелер (алкоголизм мен нашақорлыққа салынғандарға, туберкулез, психикалық аурулар мен ВИЧ-СПИД-ке шалдыққандар көмек көрсететін ұйымдар) көрсеткен қызметтердің сапасы мен көлемін мониторингтен өткізіп келеді. Жалпы, мен атап өткен бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Біз медициналық қызметтерді пайдаланушылармен тұрақты түрде кері байланыс орнатуға, қызмет көрсетуші клиникаларды атқарған жұмысының нәтижесіне қарай іріктеуге, ТМККК/МӘМС пакеттері шеңберінде қызмет көрсететін емдеу ұйымдарын іріктеу және олармен келісімшарт бекіту жұмыстарын толығымен электронды форматқа көшіруге, барлық аймақ тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету үшін тарифтерді теңестіруге, медициналық қызмет сапасын бақылауды автоматтандыруға (күн сайын онлайн мониторинг жүргізу) күш салатын боламыз.
– Мониторинг қалай жүргізіледі? Заң бұзушылықтарға жол бергендерге қандай жаза қолданылады?
– Медициналық сақтандыру қоры мемлекеттік тапсырыс шеңберінде көрсетілетін қызметтердің ақысын төлеумен қатар, оның сапасын да бақылап отырады. 2018 жылы халыққа тегін көмек көрсету барысында олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарынан 6,3 млрд теңге қайтарып алды. Мониторинг меншік құқығына қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алған барлық медицина ұйымдарында жүргізіледі. Жыл басынан бері сараптаманың үш деңгейлі үлгісі қолданысқа енгізілген болатын. Нақтырақ айтқанда, адам өлімі болған жағдайда сараптама емханалық-амбулаторлық көмек, жедел жәрдем және стационар деңгейінде (сырқаттың ем-дом алу үшін жүріп өткен маршруты сарапталады) жасалып, жіберілген кемшіліктердің өзара байланысы анықталады. Көрсетілген медициналық көмектің сапасына бақылау ғана емес, түрлі кемшіліктер мен олқылықтарға жол берген медицина ұйымдарына салынатын айыппұл көлемі де өсті. Мәселен, белгілі бір қызметтің нақты көрсетілгені расталмаса – 300%, тұрғынды заңсыз (азаматтың қалауынсыз) тіркеген жағдайда 100% айыппұл салынады. Мұның бәрі заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында қолға алынып отыр.
Сұхбаттасқан
Айна ХАСАН