Арыстық оқушылар Ыстықкөлде демалады
Арыстық оқушылар Ыстықкөлде демалады
322
оқылды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың келбеті көз тартар Ыстықкөл жағасындағы спорттық-сауықтыру лагеріне Арыс қаласының 50 бүлдіршіні демалуға кетті.

ҚазҰУ әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету мақсатында Арыс қаласының оқушылары үшін білім беруді дамыту, бос уақытын тиімді өткізу, сауықтыру-оңалтудың ойын-сауық, танымдық бағдарламасын дайындады. Аталмыш бағдарламалар аясында балалар коммуникативтік қабілеттерін дамыту, қоғамдық ортада сәтті әлеуметтену, кәсіби өзін-өзі анықтау мәселелері бойынша қызықты тренингтерге қатысады.

Терапияның түр-түрі және спорттық сайыстар, театр қойылымдары мен алау жанында жаңа достармен отырып ән шырқау, көңілді жаттығулар және би кештері, шығармашылық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Ұзақ жолдан шаршап жеткеніне қарамастан, балалар Ыстықкөлдің ертегідегідей көрінісіне, тамылжыған табиғатына тамсанып, мәре-сәре болды. Көбісі бұл жерге алғаш келіп отыр. Сондай-ақ көлдің жанға жайлы жағалауында екі апта естен кетпес демалыс өткізетіндері балалардың қуанышын еселей түсті. Таза ауа, суы мөлдір көл оқушыларға шаттыққа толы ғажайып сәттер, достар мен қамқор ұстаздар арасындағы күндерден тәтті естелік сыйлары сөзсіз.

– Балалар лагерь өміріне бірден бейімделіп кетті. Мұнда оларға өте қызықты. Төтенше жағдайдан соң балаларға демалыс өте қажет екені белгілі. Сондықтан біз балалардың демалысын ұйымдастыруға шешім қабылдадық. Қазіргі біздің басты мақсатымыз – орын алған оқиғадан балалардың назарын аудару. Олардың лагерьдегі күндерінің ең қызықты әрі пайдалы өтуіне бар күш-жігерімізді салатын боламыз, – деді ҚазҰУ спорттық-сауықтыру лагерінің директоры Талғат Дүйсембаев.

Қазақстандық жетекші университеттің арыстық балаларға арналған тегін демалысты ұйымдастыруы – Қазақстан халқының қиын жағдайда қалғандарға әрдайым қолдау көрсетеуге дайын екендігінің тағы бір дәлелі. Айта кету керек, бұрын ҚазҰУ-дың мыңдаған ұжымы төтенше жағдай салдарынан зардап шеккен отандастардың қайғысына алғашқылардың бірі болып үн қатқан болатын. Университет ғалымдары, оқытушылары мен қызметкерлері бір ауыздан материалдық көмек көрсетіп, қала тұрғындарына бір күндік жалақысын аударды.