Шілденің соңғы аптасында кәсіпкерлер зейнетақы жүйесіндегі жаңа өзгерістерді қызу талқылап жатыр.
Өйткені 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің есебінен қызметкердің пайдасына 5 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қадам «азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз етуге» бағытталған десе, іскер ортаның өкілдері мұндай әрекет бизнесті «көлеңкеге кетуге» мәжбүр етуі мүмкін деп дабыл қақты. Алдымен ведомствоның жаңалығына назар салсақ. «Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізудегі мақсат – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, жұмысшылардың еңбек өтіліне сәйкес келетін лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Осылайша, қызметкердің жеке зейнетақы шотына ай сайын жалақының 15 пайызы, оның ішінде 10 пайызы қызметкердің, 5 пайызы жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен зейнетақы жарналары аударылып отырады» делінген.
Сонымен бірге, министрлік аталған ереже бойынша БЖЗҚ-ға зейнетақы аударымы жасалмайтын тұлғалардың тізімін анықтап берді. Атап айтқанда, «азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде жұмыс істейтін және қызмет көрсететін адамдарға; зейнет жасындағы жеке тұлғаларға; әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың қызметкерлеріне; еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушыларға; өмір бойы ай сайынғы төлеммен қамтылатын отставкадағы судьяларға» ЖМЗЖ қолданылмайды. Ал басқа жұмыс істейтін азаматтар үшін жұмыс беруші субъект ай сайын жұмысшысының зейнетақы шотына жалақысының 5 пайызын аударуы тиіс.
ЕРЕЖЕ ЗЕЙНЕТАҚЫҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?
Министрліктің есебінше, бүгінде орташа жалақы алатын (172 мың теңге), 33 жыл еңбек өтілі бар қызметкердің зейнетақы жинағы 12,7 млн теңгені құрайды. Бұл – инвестициялық табысты қоса алғандағы орташа көрсеткіш. Сәйкесінше, зейнет жасына жеткенде 140 мың теңге зейнетақы алады. Оның ішінде 30 мың теңгесі – базалық, 110 мың теңгесі – жинақтаушы зейнетақы мөлшері.
Жоғарыдағы көрсеткіштерді есепке алсақ, қызметкердің зейнетақысы жұмыс беруші аударып отырған 5 пайыздық жарнаның әсерінен 50 мың теңгеге көбейеді.
Қазақстандағы зейнеткерлер саны – 2,2 миллион
Осы тұста болашақ зейнеткерлеріміз ескеретін бір мәселе бар, жұмыс беруші тарапынан аударылған қаражат мұраға қалдырылмайды. Ведомство өкілдері мұны былай түсіндірген:
«Жұмыс берушілерден келіп түскен зейнетақы жарналары жеке тұлғалардың меншігі болып саналмайды және мұраға қалдырылмайды. Бұл қаражат БЖЗҚ активінде болады және зейнеткерлер арасында қайта бөлінеді. Еңбек шарттары мен жалақы мөлшері еңбек шартында қарастырылғандықтан жұмысшылардың жалақысын төмендетуге себеп болмауы керек екеніне назар аударамыз. Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек шартына кез келген өзгертулер тек қызметкер мен жұмыс берушінің өзара келісімі бойынша ғана енгізілуі мүмкін».
Ержан ЕСІМҚҰЛОВ, кәсіпкер:
– 1 қаңтардан бастап зейнетақы аударымдары 5 пайызға көтеріледі. Оның үстіне жұмыс берушінің, яғни бизнестің есебінен. Қарапайым қызметкерлер үшін бәрібір болуы мүмкін. Өйткені олар ешкімге еңбекақы төлемейді. Мұндай азаматтардың саны кәсіпкерлерге қарағанда басым екені бесенеден белгілі. Тіпті Еңбек министрлігі де бұл өзгерістер қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жасалып отыр деді емес пе?!
Бірақ бұл бәрімізге ортақ әсер етеді. Мысалы, жаңа өзгерістер енгізілген соң менің бизнесімде жалақы төлеуге арналған шығыс мөлшері 38 пайызға жетеді. Оның ішінде, жеке табыс салығы, зейнетақы және әлеуметтік аударымдар бар. Демек мен бір адамды жұмысқа алып, оған 100 мың теңге айлық төлеу үшін, мемлекетке тағы да 38 мың теңге беруіме тура келеді. Екі жыл бұрын бұл 32 пайыз болатын.
Бұдан кейін кәсіпкер үшін жаңа жұмыс орындарын ашу тиімді болады деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Сіз 10 пайыздық зейнетақы аударымы жұмысшының есебінен алынады деуіңіз мүмкін. Қағаз жүзінде солай. Бірақ қазір еңбек нарығында барлығы да тек нақты жалақыны немесе «қолға ұстайтын» еңбекақыны ғана талқылайды. Сондықтан кез келген зейнетақы жарнасы – бұл тек бизнестің проблемасы. Оның үстіне, зейнетақыға деген қаражат жұмысшының қарттығын қамтамасыз ете алатынына да көпшілік күдікпен қарайды. Себебі, зейнетақы қоры әлдеқашан мемлекеттік жобаларды қаржыландыратын қорға айналған.
Зейнетақының орташа мөлшері – 85 697 теңге
Соңғы сұрақ: Мен қосымша 5 пайызды қайдан аламын? Менің алдымда үш таңдау бар. Біріншісі – нарыққа арқа сүйеймін де, қызметімнің құнын өсіремін. Барлық жұмыс берушілер осылай жасайды. Бұл – елдегі барлық дүниенің құны қымбаттайды деген сөз және тек 5 пайызға ғана емес.
Екінші жолы – мен барлық шығынның ауыртпалығын жұмысшыма жүктеймін. Бұл да көңіл көншітпейді. Өйткені жұмысын тәп-тәуір істеп отырған адамның табысын қалай төмендетесің?! Сондықтан жұмысшы мен кәсіпкер келісіп, жалақыны мемлекеттен жасыруға, яғни 90-жылдардағыдай қолма-қол беруге уағдаласады.
Үшіншіден, тапқан табысымнан төлеймін. Әрине, әрбір жұмысшы үшін төлейтін 38 пайыз бен одан бөлек корпоративтік салықтардан қалса ғана.
Мұндай жағдайдан кейін кәсіпкерде бизнеспен айналысуға деген стимул болуы мүмкін емес.
Қорыта айтқанда, жұмыс беруші есебінен төленетін зейнетақы жарнасы жұмыс орындарына да, бағаның өсуіне де, тіпті, көлеңкелі экономиканың кеңеюіне де әсер етуі мүмкін.
Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:
– Біріншіден, бизнеске кері әсер етеді. Кәсіпкерлер әрбір істен табыс тауып отыруға тырысады және сол мақсатта жұмыс істейді. Міне, енгізілгелі отырған қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарнасы жұмыс берушінің еңбекақы қорына салмақ түсіреді. Салдарынан, жұмысшының қолына алатын нақты жалақысының көлемі азаймақ. Бұл еңбек етуші азаматтың жұмысқа деген ынтасын тежейді.
Қазір кәрілікті ойлап әрекет ететін азаматтар сирек. Көбінесе, зейнет жасына жақын қалған тұлғалар ғана табысымның бір бөлігі зейнетақы қорыма аударылып жатыр деп бұл мәселеге алаңдамауы мүмкін. Ал еңбек жасына жарамды адамдарға дәл қазіргі нақты табысының көлемі ғана қызық. Соңғы жылдары халықтың нақты табысы өспеген. Тек өткен жылы ғана 3 пайызға көтерілді. Орташа жалақы 172 мың теңге деп айтылғанымен, шын мәнінде, ондай емесін білеміз. Өйткені нақты жалақының мөлшері одан төмен. Кәсіпкер де қиын жағдайда. Себебі, еңбекақы мөлшерін арттыруға тура келеді. Олай етуге мүмкіндігі болмаса, кәсібін жабуға тура келеді немесе жұмысшылардың санын қысқартады. Салдарынан жұмыссыздық көбеймек. Ол да әлеуметтік проблема. Сол үшін мемлекет алдымен халықтың нақты жалақысын бірге-бір көбейтпесе де, 30-40 пайызға арттырып алуы қажет.
Зейнетақы жүйесіндегі мұндай түбейгейлі өзгеріске түрткі болған мәселе – зейнетке шығатын азаматтардың аз зейнетақы алуы. Өйткені олардың жылдар бойы жинаған қаражатын инфляция жеп қояды. Салыстырып айтсақ, зейнетақы қорында жинаған ақшаны жылжымайтын мүлікке салсаңыз, ол өз құнын жоғалтпай, керісінше, табыс әкелер еді. Сондықтан зейнетақы қорындағы активтерді басқарудың да сапасына көңіл бөлген абзал. Мысалы, соңғы жылдары БЖЗҚ-дағы инвестициялық табыс инфляция деңгейінен төмен болды. 2018 жылы ғана инфляция деңгейінен 0,33 пайызға артық болды. Зейнетақы қоры соның өзін мақтанарлық деңгей деп қабылдаған болуы керек. Сондықтан жинақталған қаражатты тиімді басқарудың өзі сапалы ұйымдастыруды қажет ететін мәселе деп есептеймін.
ЖМЗЖ кімдерге қолданылмайды?
• азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде жұмыс және қызмет көрсететін адамдарға;
• зейнеткерлік жастағы жеке тұлғаларға;
• әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың қызметкерлеріне;
• еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушыларға;
• өмір бойы ай сайынғы төлеммен қамтылатын отставкадағы судьяларға.
Кәмила ДҮЙСЕН