БЖЗҚ тоғайып, бизнес тоқырайды

БЖЗҚ тоғайып, бизнес тоқырайды

Шілденің соңғы аптасында кәсіпкерлер зейнетақы жүйесіндегі жаңа өзгерістерді қызу талқылап жатыр.

Өйткені 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушінің есебінен қызметкердің пайдасына 5 пайыз мөлшерінде міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) енгізіледі. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қадам «азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтамасыз етуге» бағытталған десе, іскер ортаның өкілдері мұндай әрекет бизнесті «көлеңкеге кетуге» мәжбүр етуі мүмкін деп дабыл қақты. Алдымен ведомствоның жа­ңалығына назар салсақ. «Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын енгізудегі мақсат – қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру, жұмысшылардың еңбек өтіліне сәйкес келетін лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету. Осылайша, қызметкердің жеке зей­нетақы шотына ай сайын жа­лақының 15 пайызы, оның ішінде 10 пайызы қызметкердің, 5 па­йы­зы жұмыс берушінің өз қара­жаты есебінен зейнетақы жарна­лары аударылып отырады» делінген.

Сонымен бірге, министрлік аталған ереже бойынша БЖЗҚ-ға зейнетақы аударымы жасалмай­тын тұлғалардың тізімін анықтап берді. Атап айтқанда, «азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарт­тар негізінде жұмыс істейтін және қызмет көрсететін адамдарға; зейнет жасындағы жеке тұлға­лар­ға; әскери қызметшілер мен күш­тік құрылымдардың қызмет­кер­леріне; еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алу­шыларға; өмір бойы ай сайынғы төлеммен қамтылатын отставка­дағы судьяларға» ЖМЗЖ қолда­ныл­майды. Ал басқа жұмыс істей­тін азаматтар үшін жұмыс беруші субъект ай сайын жұмысшысының зейнетақы шотына жалақысының 5 пайызын аударуы тиіс.

 

ЕРЕЖЕ ЗЕЙНЕТАҚЫҒА ҚАЛАЙ ӘСЕР ЕТЕДІ?

Министрліктің есебінше, бү­гінде орташа жалақы алатын (172 мың теңге), 33 жыл еңбек өтілі бар қызметкердің зейнетақы жинағы 12,7 млн теңгені құрайды. Бұл – инвестициялық табысты қоса алғандағы орташа көрсеткіш. Сәйкесінше, зейнет жасына жет­кенде 140 мың теңге зейнетақы ала­ды. Оның ішінде 30 мың тең­ге­сі – базалық, 110 мың теңгесі – жинақтаушы зейнетақы мөлшері.

Жоғарыдағы көрсеткіштерді есепке алсақ, қызметкердің зей­нетақысы жұмыс беруші аударып отырған 5 пайыздық жарнаның әсерінен 50 мың теңгеге көбейеді.

Қазақстандағы зейнеткерлер саны – 2,2 миллион 

Осы тұста болашақ зейнеткер­леріміз ескеретін бір мәселе бар, жұмыс беруші тарапынан ауда­рылған қаражат мұраға қалды­рылмайды. Ведомство өкілдері мұны былай түсіндірген:

«Жұмыс берушілерден келіп түскен зейнетақы жарналары же­ке тұлғалардың меншігі болып са­налмайды және мұраға қалды­рылмайды. Бұл қаражат БЖЗҚ активінде болады және зейнет­керлер арасында қайта бөлінеді. Еңбек шарттары мен жалақы мөлшері еңбек шартында қарас­тырылғандықтан жұмысшы­лар­дың жалақысын төмендетуге се­беп болмауы керек екеніне назар аударамыз. Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек шартына кез келген өзгертулер тек қыз­меткер мен жұмыс берушінің өзара келісімі бойынша ғана енгізілуі мүмкін».

 

Ержан ЕСІМҚҰЛОВ, кәсіпкер:

– 1 қаңтардан бастап зейнета­қы аударымдары 5 пайызға кө­теріледі. Оның үстіне жұмыс бе­рушінің, яғни бизнестің есебінен. Қарапайым қызметкерлер үшін бәрібір болуы мүмкін. Өйткені олар ешкімге еңбекақы төлемейді. Мұндай азаматтардың саны кә­сіпкерлерге қарағанда басым екені бесенеден белгілі. Тіпті Ең­бек министрлігі де бұл өзгеріс­тер қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында жасалып отыр деді емес пе?!

Бірақ бұл бәрімізге ортақ әсер етеді. Мысалы, жаңа өзгерістер енгізілген соң менің бизнесімде жалақы төлеуге арналған шығыс мөлшері 38 пайызға жетеді. Оның ішінде, жеке табыс салығы, зей­нета­қы және әлеуметтік ауда­рымдар бар. Демек мен бір адамды жұмысқа алып, оған 100 мың тең­ге айлық төлеу үшін, мемле­кетке тағы да 38 мың теңге беруіме тура келеді. Екі жыл бұрын бұл 32 пайыз болатын.

Бұдан кейін кәсіпкер үшін жаңа жұмыс орындарын ашу тиімді болады деп айта аламыз ба? Әрине, жоқ. Сіз 10 пайыздық зей­нетақы аударымы жұмысшының есебінен алынады деуіңіз мүмкін. Қағаз жүзінде солай. Бірақ қазір еңбек нарығында барлығы да тек нақты жалақыны немесе «қолға ұстайтын» еңбекақыны ғана тал­қылайды. Сондықтан кез келген зейнетақы жарнасы – бұл тек бизнестің проблемасы. Оның үстіне, зейнетақыға деген қаражат жұмысшының қарттығын қамта­масыз ете алатынына да көпшілік күдікпен қарайды. Себебі, зей­нетақы қоры әлдеқашан мемле­кеттік жобаларды қаржылан­дыратын қорға айналған.

Зейнетақының орташа мөлшері – 85 697 теңге


Соңғы сұрақ: Мен қосымша 5 пайызды қайдан аламын? Ме­нің алдымда үш таңдау бар. Бі­рін­ші­сі – нарыққа арқа сүйеймін де, қызметімнің құнын өсіремін. Барлық жұмыс берушілер осылай жасайды. Бұл – елдегі барлық дү­ниенің құны қымбаттайды деген сөз және тек 5 пайызға ғана емес.

Екінші жолы – мен барлық шы­ғынның ауыртпалығын жұ­мыс­шыма жүктеймін. Бұл да кө­ңіл көншітпейді. Өйткені жұ­мысын тәп-тәуір істеп отырған адамның табысын қалай төмен­детесің?! Сондықтан жұмысшы мен кәсіпкер келісіп, жалақыны мемлекеттен жасыруға, яғни 90-жылдардағыдай қолма-қол беруге уағдаласады.

Үшіншіден, тапқан табысым­нан төлеймін. Әрине, әрбір жұ­мысшы үшін төлейтін 38 пайыз бен одан бөлек корпоративтік салықтардан қалса ғана.

Мұндай жағдайдан кейін кә­сіпкерде бизнеспен айналысуға деген стимул болуы мүмкін емес.

Қорыта айтқанда, жұмыс бе­руші есебінен төленетін зейнета­қы жарнасы жұмыс орындарына да, бағаның өсуіне де, тіпті, кө­леңкелі экономиканың кеңеюіне де әсер етуі мүмкін.

 

Мақсат ХАЛЫҚ, экономист:

– Біріншіден, бизнеске кері әсер етеді. Кәсіпкерлер әрбір іс­тен табыс тауып отыруға тырыса­ды және сол мақсатта жұмыс істейді. Міне, енгізілгелі отырған қосымша 5 пайыздық зейнетақы жарнасы жұмыс берушінің ең­бекақы қорына салмақ түсіреді. Салдарынан, жұмысшының қо­лына алатын нақты жалақысының көлемі азаймақ. Бұл еңбек етуші азаматтың жұмысқа деген ынта­сын тежейді.

Қазір кәрілікті ойлап әрекет ететін азаматтар сирек. Көбінесе, зейнет жасына жақын қалған тұлғалар ғана табысымның бір бөлігі зейнетақы қорыма ауда­рылып жатыр деп бұл мәселеге алаңдамауы мүмкін. Ал еңбек жасына жарамды адамдарға дәл қазіргі нақты табысының көлемі ғана қызық. Соңғы жылдары ха­лықтың нақты табысы өспеген. Тек өткен жылы ғана 3 пайызға көтерілді. Орташа жалақы 172 мың теңге деп айтылғанымен, шын мәнінде, ондай емесін білеміз. Өйт­кені нақты жалақының мөл­шері одан төмен. Кәсіпкер де қиын жағдайда. Себебі, еңбекақы мөлшерін арттыруға тура келеді. Олай етуге мүмкіндігі болмаса, кәсібін жабуға тура келеді немесе жұмысшылардың санын қысқар­тады. Салдарынан жұмыссыздық көбеймек. Ол да әлеуметтік проб­лема. Сол үшін мемлекет алдымен халықтың нақты жалақысын бір­ге-бір көбейтпесе де, 30-40 па­йызға арттырып алуы қажет.

Зейнетақы жүйесіндегі мұн­дай түбейгейлі өзгеріске түрткі болған мәселе – зейнетке шыға­тын азаматтардың аз зейнетақы алуы. Өйткені олардың жылдар бойы жинаған қаражатын инфля­ция жеп қояды. Салыстырып айт­сақ, зейнетақы қорында жина­ған ақшаны жылжымайтын мү­лікке салсаңыз, ол өз құнын жо­ғалтпай, керісінше, табыс әкелер еді. Сондықтан зейнетақы ­қо­рын­дағы активтерді бас­қарудың да сапасына көңіл бөлген абзал. Мысалы, соңғы жылдары БЖЗҚ-дағы инвестициялық табыс инфля­ция деңгейінен төмен бол­ды. 2018 жылы ғана инфляция деңгейінен 0,33 па­йызға артық болды. Зейнетақы қоры соның өзін мақтанарлық деңгей деп қабылдаған болуы керек. Сон­дық­тан жинақталған қаражатты тиімді басқарудың өзі сапалы ұйымдастыруды қажет ететін мәселе деп есептеймін.


ЖМЗЖ кімдерге қолданылмайды?

• азаматтық-құқықтық сипаттағы келісімшарттар негізінде жұмыс және қызмет көрсететін адамдарға; 

• зейнеткерлік жастағы жеке тұлғаларға; 

• әскери қызметшілер мен күштік құрылымдардың қызметкерлеріне;

• еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушыларға; 

• өмір бойы ай сайынғы төлеммен қамтылатын отс­тав­кадағы судьяларға.


Кәмила ДҮЙСЕН