Ел экономикасын көтеруде, саяси ахуалды қалыпты ұстап тұруда көші-қон саясатының рөлі зор. Әсіресе, ішкі көші-қон саясаты сыр берсе, ел ішінде әлеуметтік проблема туындайды, қылмыс өршиді. Сондықтан бұл – өте нәзік мәселе. Ендеше, ел ішіндегі көші-қон саясаты қалай жүргізіліп жатыр деген сауалға жауап іздеп көрелік.
Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында ішкі мигранттар саны 2012 жылы 337,8 мың адамнан 2016 жылы 610,7 мың адамға дейін көбейгені айтылған. Көріп отырғанымыздай, ішкі көші-қон қарқын алып отыр. Әдетте, халық жоғары жалақы мен жақсы өмір сүру үшін көшіп-қонады. Бұл орайда, қазақстандықтар үшін жайлы да табысты өңірлер басында Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары, сосын Алматы, Маңғыстау және Қарағанды облыстары тұр. Осы өңірлерге қоныс аударушылардың ең көп үлесі елдің оңтүстік өңірлеріне тиесілі болып отыр. Бұл біз тілге тиек еткен тұжырымдамада айтылады. Алайда соңғы уақытта Қарағанды облысы жайлы да табысты өңір санатынан сызылып қалатын түрі бар. Себебі, статистикалық дерекке сүйенсек, 2018 жылы аталған облысқа 37 581 адам келіп, облыстан 49 180 адам кеткен. Республиканың басқа аймақтарынан келгендер саны – 17,1 пайызға, ал облысаралық көші-қон ағымында кеткендер саны 9,4 пайызға азайған. Ал елорда, әдеттегідей, табысты қала мәртебесін сақтап тұр. Биыл қаңтар-мамыр айларында астанаға 60 155 адам келіп, 49 586 адам кеткен. 2018 жылмен салыстырғанда Нұр-Сұлтан қаласына келгендер саны – 70,1%, кеткендер саны 60,1%-ға көбейіпті. Қаланың негізгі көші-қон алмасуы өңіраралық көші-қон есебінен қалыптасқан: келгендер – 29 479 адам, кеткендер – 18 543 адам. Елорда халқының көші-қон өсімінде Ақмола (21,2%), Қарағанды (9%), Түркістан (11,8%), Шығыс Қазақстан (7,8%) облыстары мен Алматы қаласының (7,5%) үлесі басым.
Арнайы жобалардан қайыр бар ма?
Бүгінгі таңда ішкі көші-қонда ауылдан қалаларға қоныс аудару басым болып тұр. Бұл урбанизация үдерісіне ықпал етеді. Екінші жағынан халықтың қалаларға стихиялы түрде қоныс аударуы жағымсыз әсерлермен толығуы мүмкін. Көшіп келген ауыл халқының біліктілігі, көп жағдайда төмен және еңбек нарығының талаптарына сәйкес келмейді, бұл жұмыссыздық пен заңсыз жұмыспен қамтылуға алып келеді. Қалалар мен қала маңының жүйесіз өсуі экологиялық, көліктік, баспана және әлеуметтік проблемаларды туындатады. Осындай проблеманың алдын алу үшін әдетте түрлі жобалар жүзеге асырылады. Соның бірі – «Дипломмен ауылға!» жобасы. 2009 жылдан бері ауылдық елдімекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіп кешені мамандарына әлеуметтік қолдау шаралары қабылданды. Олар үшін 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде біржолғы көтерме жәрдемақы төлеу; тұрғын үй алуға және салуға 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен мерзімі 15 жылға 1 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бюджеттік кредит беру көзделді. Аталған жоба шеңберінде ауылдық жерлерге тұруға және жұмыс істеуге 46 мың маман көшіп барды. Одан кейін «Серпін – 2050» білім беру бағдарламасы қолға алынды. 2014-2016 жылдар аралығында осы бағдарлама бойынша республикамыздың 8 облысындағы 22 жоғарғы оқу орны мен 54 колледжіне 11 мың студент еліміздің 5 өңірінен келіп білім алды. Одан бөлек оңтүстік халқын солтүстік пен шығыс өңірлерге қоныстандыру саясаты қолға алынды. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының дерегінше, өткен жылы оңтүстіктен 1 768 адам солтүстікке қоныс аударған. Солтүстік облыстарда халық аз. Игерілмей жатқан ауылшаруашылық жерлері жетерлік. Мемлекеттік және бюджеттік мекемелерде бос жұмыс орындары бар. Кәсіп ашамын дегендерге тиімді пайызбен несие бөлінеді. Бастысы, қоныс аударушының жұмысқа деген ынтасы болса жетерлік. Бұл жоба миллиондар мекенінде екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге тиімді, себебі мемлекеттен қолдау бар. Міне, осы тектес бірнеше жоба бар. Енді сол жобалар мен бағдарламалардың іс жүзінде қандай нәтиже бергенін сараптау қажет-ақ.
Шекаралық өңірдегі ахуал алаңдатады
Қазіргі уақытта елдің солтүстік өңірлерінде (Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстары) халық саны (барлығы шамамен 2,2 млн адам) және орналасу тығыздығы 6,8 млн адам тұратын оңтүстік өңірлермен (Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары) салыстырғанда едәуір аз. Алдын ала болжам бойынша, 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердің халқы 0,9 млн адамға азайып, оңтүстік халқы 5,2 млн адамға артады. Оның үстіне, солтүстік өңірлерде егде жастағы адамдар үлесі артқан. Қартаю индексі Солтүстік Қазақстан облысында – 53,1, Қостанай – 51,1 және Шығыс Қазақстан облыстарында – 46,2 пайыздан жоғары, ал оңтүстікте керісінше егде жастағы адамдардың саны көп емес (Түркістан облысында – 12,1, Қызылорда облысында – 14,9 пайыз).
Ішкі көші-қон туралы сөз қозғағанда, шекаралас аймақтарды да ұмытпау маңызды. Саясаттанушы Ерлан Саировтың айтуынша, Шығыстағы Қатонқарағай, Марқакөл, Тарбағатай, Мақаншы өңірлерінен ел көптеп көшіп кеткен. «Мысалы бұрынғы Марқакөл ауданында осыдан 30 жыл бұрын 27 мың адам тұрған. Қазір 6 мың адам қалған. Мұны гуманитарлық проблема деуге болады. Дәл осындай проблема Алматы облысының шекаралас аумағында да бар. Бұл мәселені шешу үшін кезінде қысқарып қалған аудандарды қайта құру қажет. Содан кейін шекаралық аймақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама жасау керек», – дейді ол. Демек, бізге оңтүстік халқын солтүстік пен шығысқа ғана емес, шекаралас аймақтарға қоныстандыру саясатын да ойластыру керек болады.
Шетел тәжірибесі қандай?
Ішкі көші-қон саясатын жүргізуде халықаралық тәжірибені зерттеудің көмегі зор. Дамыған мемлекеттер ішкі көші-қонды тұрақты жұмыспен қамтудың және кедейлікке қарсы іс-қимыл жасаудың тиімді тетігі ретінде қарастырады. Мәселен, Қытайда Кедейлікпен күрестің 2020 жылға дейінгі кешенді бағдарламасы бар. Осы бағдарлама шеңберінде жыл сайын 2 млн адамды қайта даярлау, өндірісте жұмыс тәжірибесі бар 6 млн адамды жұмысқа орналастыру, 2 мың адамды қолайсыз аудандардан қоныс аударту жүзеге асырылады. Қоныс аударушылар үшін экономикалық қолжетімді баспаналар салып, баспананы жалға алу мүмкіндігі беріледі. АҚШ-та мемлекет ішінде көшіп-қону салықтық стимулдар арқылы жүргізіледі. Мәселен, көшетін жұмысшы мен оны жалдайтын жұмыс беруші үшін салықтық жеңілдік беріледі. Жұмысшыға қоныс аударуына байланысты негізгі шығындар бойынша салықты шегеріп қалу құқығы, ал жұмыс берушіге жұмысқа қабылданған қоныс аударушылар қатарынан әрбір қосымша адам үшін жылына 3 000 долларға дейін салық жеңілдігі жасалады. Австралияда егер провинцияға қоныс аударсаңыз, ел қазынасынан бір рет 6 000 доллар беріледі. Ал егер ел астанасына көшетін болсаңыз, небәрі 3 000 доллар аласыз. Бұл қаражатты жалдау, коммуналдық және көлік қызметтерін төлеуге жұмсауға болады. Канаданың Саскачеван провинциясында білімдарлардың сол өңірден кетуін болдырмау үшін оқуды енді бітірген түлектерге өңір аумағында 7 жыл бойы тұру және жұмыс істеу шартымен 20 000 доллар ұсынылады.
Әрине, біздің елде ішкі көші-қон үшін берілетін қолдау қаржы аса көп емес. Соның салдарынан ба, Қазақстанның оңтүстік өңірлерінен шығысқа, солтүстікке көшіру жұмыстары аса қарқынды дей алмаймыз. Қолдау қаржы қомақты болса, көшуге ниеттілер көбеюі мүмкін. Әйтпесе, қазіргі қолдау шаралары қолдаудан бұрын мәжбүрлеуге көбірек ұқсайтындай.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев осы күнге дейін оңтүстіктен солтүстік пен шығысқа 900 адам көшкенін айтқаны бар. Халық саны күрт азайып бара жатқан солтүстік пен шығыс өңірлері үшін 900 адам өте аз, әрине. Айтқандай, министр «Нұрлы Ертіс» бағдарламасы барын да еске салды. Ал «Еңбек» бағдарламасына Нұр-Сұлтан қаласы да енгізілген. Соңғы бағдарлама шеңберінде елордадан 77 адам солтүстікке қоныс аударыпты. Осы санның өзі ішкі көші қон бағдарламасындағы қолдау қаржыны әлі де көбейту қажет екенін көрсетіп отыр. Ол үшін бюджеттен қаржы аяудың қажеті жоқ. Себебі, сәтті ойластырылған көші-қон саясаты экономикалық өсіммен қайтарылады.