Қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті
Қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі өтті
411
оқылды

Партия бастамашылық жасаған бірнеше жоба қоғамда өз жолын тауып, сәтті жүзеге асты. Әлі күнге дейін жалғасып, көпшілік алғысына бөленіп келе жатқандары да баршылық. Соның бірі – «Кедергісіз келешек» партия жобасы.

Осы акция аясында Алматы қала­сындағы Түрксіб аудандық әлеуметтік әл-ауқат бөлімінде мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған бұйымдарды сату жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке барысында Nur Otan партиясы фракциясы жетек­шісінің орынбасары Роза Бадаева қоғам тарапынан мүгедек балаларды қолдаудың маңызын атап өтті.

– Бүгінгі таңда Nur Otan партиясы мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Көмек әрбір балаға барынша қамқорлық жасауға және кез келген өзгерістерге жылдам әре­кет етуге бағытталған. Осы шараға қуана-қуана келіп отырмыз. Мүгедек балалардың тамаша өнер туындыларын жасап, жәр­меңкеге қатысуы көңілге қуаныш ұяла­тады. Осы арқылы олардың өздеріне деген сенімдері қалыптасады. Біздің ауданда мұндай балалар өте көп. Сондықтан олар­ға көмек көрсетіп, бағыт сілтейтін осын­дай орталықтың бар екені де көңілге ме­деу. Ғимаратымыз шағын. Келешекте ая­сы кеңейеді деп ойлаймын. Депутат ре­тінде мені балалардың тағдыры алаң­датады. Олардың келешегі жарқын болуы үшін қолымыздан келген мүмкіндіктерді жасаймыз, – деді Роза Бадаева.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың проблемасына қоғамның назарын аудару, сол арқылы олардың өздерін қоғамнан бөлек сезінбеуіне жағдай жасау. Сонымен қатар балалардың шығармашылық қабілетін қалып­тас­тырып, шабыт сыйлау.

– Қазіргі таңда бұл ауданда 463 мүм­кіндігі шектеулі бала бар. 16 жасқа дейінгі ондай балалар аудандық диспансерде әртүрлі диагноздармен тіркелген. Ауданымызда 7 емхана болса, мүгедек балалар сол медициналық мекемелерде тіркеуге тұрғызылған. Медициналық көмекпен қатар, олармен әлеуметтік және психологиялық байланыс тұрақты түрде жасалады. Мұндай шаралар сол бала­лардың көңіл көкжиегін кеңейтуге, қо­ғам­мен етене араласуына мүмкіндік ту­ды­рады, – дейді аудандық медициналық ме­ке­мелерінің басшысы Кәмшат Айтқазина.

Жәрмеңкеде балаларға арналған бел­демше, шәйнекке арналған төсеуіштер, тоқылған бас киімдер, сонымен қатар жарма мен пластилиннен жасалған бұйымдар ұсынылды. Көрмеге барлығы 36 бала қатысып, 30-дан астам бұйымдар сатылды.