Партия бастамашылық жасаған бірнеше жоба қоғамда өз жолын тауып, сәтті жүзеге асты. Әлі күнге дейін жалғасып, көпшілік алғысына бөленіп келе жатқандары да баршылық. Соның бірі – «Кедергісіз келешек» партия жобасы.
Осы акция аясында Алматы қаласындағы Түрксіб аудандық әлеуметтік әл-ауқат бөлімінде мүмкіндігі шектеулі балалар жасаған бұйымдарды сату жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңке барысында Nur Otan партиясы фракциясы жетекшісінің орынбасары Роза Бадаева қоғам тарапынан мүгедек балаларды қолдаудың маңызын атап өтті.
– Бүгінгі таңда Nur Otan партиясы мүмкіндігі шектеулі балаларға жан-жақты әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. Көмек әрбір балаға барынша қамқорлық жасауға және кез келген өзгерістерге жылдам әрекет етуге бағытталған. Осы шараға қуана-қуана келіп отырмыз. Мүгедек балалардың тамаша өнер туындыларын жасап, жәрмеңкеге қатысуы көңілге қуаныш ұялатады. Осы арқылы олардың өздеріне деген сенімдері қалыптасады. Біздің ауданда мұндай балалар өте көп. Сондықтан оларға көмек көрсетіп, бағыт сілтейтін осындай орталықтың бар екені де көңілге медеу. Ғимаратымыз шағын. Келешекте аясы кеңейеді деп ойлаймын. Депутат ретінде мені балалардың тағдыры алаңдатады. Олардың келешегі жарқын болуы үшін қолымыздан келген мүмкіндіктерді жасаймыз, – деді Роза Бадаева.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың проблемасына қоғамның назарын аудару, сол арқылы олардың өздерін қоғамнан бөлек сезінбеуіне жағдай жасау. Сонымен қатар балалардың шығармашылық қабілетін қалыптастырып, шабыт сыйлау.
– Қазіргі таңда бұл ауданда 463 мүмкіндігі шектеулі бала бар. 16 жасқа дейінгі ондай балалар аудандық диспансерде әртүрлі диагноздармен тіркелген. Ауданымызда 7 емхана болса, мүгедек балалар сол медициналық мекемелерде тіркеуге тұрғызылған. Медициналық көмекпен қатар, олармен әлеуметтік және психологиялық байланыс тұрақты түрде жасалады. Мұндай шаралар сол балалардың көңіл көкжиегін кеңейтуге, қоғаммен етене араласуына мүмкіндік тудырады, – дейді аудандық медициналық мекемелерінің басшысы Кәмшат Айтқазина.
Жәрмеңкеде балаларға арналған белдемше, шәйнекке арналған төсеуіштер, тоқылған бас киімдер, сонымен қатар жарма мен пластилиннен жасалған бұйымдар ұсынылды. Көрмеге барлығы 36 бала қатысып, 30-дан астам бұйымдар сатылды.