Тұрғындарға көмек көрсетілді
Тұрғындарға  көмек көрсетілді
352
оқылды

Nur Otan партиясы әркез жарқын істердің бастамашысы болып, халықтың кез келген тобына әлеуметтік көмек көрсетіп келеді. Алматыда сондай берекелі тағы бір шара бастау алды.

Партияның қалалық филиалының ұйымдастыруымен «Мобильді «Халыққа көмек» атты акциясы аясында тұрғын­дарға көмек көрсетілді. Партияның ізгі шарасына мемлекеттік және құқықтық органдар да үн қосып, атсалысты.

Акцияның басты мақсаты – жылжы­малы мобильді көмек көрсетуді қолға алу. Соның аясында қала тұрғындарының шешілмей жүрген өзекті мәселелерін қа­растырып, «Шеті жоқ қала» кон­цепциясы аясында Алматыға қосылған елдіме­кендердің әлеуметтік-экономи­калық жағ­дайларын бақылау және оны дамы­туды қолға алу. Маңызды шара барысында тұрғындарға заңдық және құқықтық кеңес беріліп, олардың проб­ле­масын шешу жолдары ұсынылды. Шаһардағы «Ақбұлақ» базарында 15 жыл­дан бері жұ­мыс істеп келе жатқан Райхан Корнелюк те мүмкіндікті пай­даланып, тиісті орган қызметкер­леріне жағдайын айта келіпті.

– Мұнда сауда жасайтын біз сияқты адамдардың бір күн ғана демалысы бар. Ол демалыста көбі қалаға барып, әлеу­меттік-құқықтық мәселелерін шеше ал­майды. Сондықтан осындай жылжымалы мобильді көмектің жұмыс орнымызға келіп, тиісті кеңестер беріп жатқаны қуан­тады. Біздерді тұрғын үй, жеңілдетіл­ген шартпен берілетін несие, азаматтық алу мәселелері толғандырады. Қазір арнайы мекемелерден келген азаматтарға сол сауалдарымызды қойып, жауап аламыз деп үміттенемін, – дейді кәсіпкер.

Бақыт Биқожаев болса, осы сауда орнында бірнеше жылдан бері арба итеріп, табыс табады. Табысым тұрақты емес, бірақ сонда да осы арқылы наным­ды айырып, бала-шағамды асырап жүрмін дейді ол.

– Табыс бірде жетеді, бірде жетпейді. Сол себепті, жеке баспанаға қол жеткізе алмай келе жатырмын. Енді келіп отырған мамандардан баспана жайын, шарттарын сұрап, талпынып көрсем деймін. Келін­шегім де жеке шаруамен айналысады. Бізді елеп-ескеріп, көмек ұсынып жатқан Nur Otan партиясына алғыс айтамын, – дейді Бақыт Биқожаев.

Шараны ұйымдастырушы қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Конкуров бастама қала бойынша қарқынды түрде жал­ғасатынын айтты.

– Мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, 15 басқарманың өкілдерін осын­да алып келдік. Базардағы сауда­герлер, қара жұмыс істейтін адамдар бәрі жаппай келіп, көкейдегі сұрақтарын қойып жатыр. Көбі үй, несие жайын сөз етеді. Апта сайын шаһардың басқа ау­дан­дарындағы сауда нүктелерін аралап, осы акцияны жалғастырамыз. Жалпы, бұл шара жыл соңына дейін жалғасады. Бізге келіп түскен мәселелерді қарас­тырып, шешу жолдарын ұсынып, тікелей өзіміз бақылаймыз, – дейді Станислав Конкуров.

Акция халыққа тек тиісті көмек беріп қана қоймай, оның шешілуін де қада­ғалайды. Сондай-ақ әлеуметтік кикілжің тудыратын себептердің де алдын алумен айналыспақ.


Абай ҚАЗБЕКҰЛЫ